Қоғам

Зейнетақы қорындағы ақшамызды тұрғын үйге қалай ала аламыз?

Көптеген қазақстандықтар өз үйлеріне инвестиция салу үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алуды ойластырып жүргенін білеміз. Сарапшылардың алдын-ала болжағанындай, салымшылардың дені зейнетақы қорындағы ақшасын тұрғын үйге пайдаланғысы келеді.

Бәріміз білетіндей, 2021 жылдан бастап қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделуге және қаржы ұйымдарына басқаруға жіберу мақсатында пайдалана алады. Жарлыққа сәйкес тиісті заңнамалық түзетулер 24 қараша күні парламент мәжілісінде мақұлданды. Қазір Заң жобасы Сенатта қаралуда.

Бірнеше күннің алдында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі электронды үкімет порталында тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы төлемдерін біржолғы пайдалану ережелерін жариялады. Бұл құжатты қоғамдық талқылау 22 желтоқсанға дейін жалғасады.

Сонымен, тұрғын үйге инвестиция салу үшін зейнетақы қорындағы ақшамызды қалай аламыз?

Тұрғын үйді қандай шарттар негізінде сатып алуға болады?

Құжатқа сәйкес, тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін зейнетақы төлемдерін пайдалана аламыз:

  • тұрғын үй сатып алуға – оның ішінде үлестік қатысу, жекешелендіру, бөліп-бөліп төлеу, айырбастау туралы шартты ресімдеу жолымен;
  • сатып алу құқығымен жалдау шарты бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеуге;
  • жеке тұрғын үй салуға немесе жер учаскесін (үй немесе жеке қосалқы шаруашылық үшін) сатып алуға пайдалануға болады.

Маңызды:

Зейнетақы жинақтарын екінші деңгейлі банктерден яки ипотекалық ұйымдардан ипотекалық тұрғын үйге ақша алу үшін бастапқы жарна ретінде де пайдалануға болады. Ипотека тұрғын үй сатып алуға да, оны жөндеуге де беріледі.

Сондай-ақ, зейнетақы қорындағы ақшаны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен несие алу үшін, тұрғын үй құрылыс жинақ шарты бойынша салымды толықтыру үшін және ипотекалық несиені қайта қаржыландыру үшін де пайдалануға болады.

Ипотекасы бар қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын өз қарыздарын ішінара немесе толық өтеуге, сондай-ақ қолданыстағы ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға пайдалана алады.

Есте сақтаңыз:

Зейнетақы ақшасын ерлі-зайыптылар мен жақын туыстарының пайдасына, тек тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында тағайындауға болады. Мұндай жағдайда сыйға тартушының зейнетақы жинақтары алушының арнайы шотына аударылады.

Қандай шектеулер болуы мүмкін?

Маңызды:

Зейнетақы жинақтарын жұбайыңыздан немесе жақын туыстарыңыздан жылжымайтын мүлік сатып алу үшін пайдалануға болмайды.

Зейнетақы жинақтарын пайдалана отырып сатып алынған немесе салынған жылжымайтын мүлікті оған меншік құқығы тіркелген күннен бастап бес жыл ішінде иеліктен шығаруға болмайды. Бұл тыйым 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің несиесімен сатып алынған не салынған жылжымайтын мүлікке қолданылмайды.

Салымшының меншігінің болуы біржолғы зейнетақы төлемдерін алудан және пайдаланудан бас тартуға негіз болып табылмайды.

Есте сақтаңыз:

Зейнетақы жинақтарын пайдалануға өтініш берген кезде салымшы бұл қаражаттың тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында пайдаланылатынын дәлелдеуі керек. Ол үшін салымшы уәкілетті операторға тиісті құжаттарды ұсынуы қажет. Уәкілетті оператор жақында құрылатын «Отбасы» банкі болады деп болжануда.

Есте сақтаңыз:

Зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында пайдалану қолма-қол ақшасыз тәсілмен жүзеге асырылады. Бұл ретте салымшы тұрғын үй сатып алуға, ипотекалық салымды рәсімдеуге немесе өзі таңдаған басқа мақсаттарға зейнетақы жинақтарын арнайы шоттан аудару қызметтері үшін ақы төлеуі қажет.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button