Қоғам

Жанұяда жанжал болмас үшін не істеу керек?

Шынайы, нағыз берік отбасында жанжал, кикілжің деген болмаса керек. Өйткені шаңырақты бірге көтерген жігіт пен қыздың түсінігі бір, өмірге деген көзқарасы ортақ болары шүбәсіз. Ал көзқарасы бір адамдардың сөзге келуі екіталай. Десе де, алда-жалда жанұяда жанжал не ұрыс-керіс бола қалды делік. Кім не істегені, жағдайды қалай реттеген жөн?

Бұл сауалдың жауабы ретінде ерлі-зайыпты журналистер Марат Тоқашбаев пен Раушан Каршалованың «Бақыттың кілті» атты кітабынан мына бір үзіндіні ұсынсақ.

Ер азаматтың уәжі:

Көңіл-күйі болмай отырған адам жанжалға бейім тұрады. Сондықтан кикілжің тудырады-ау деген мәселелер соған жеткізбей-ақ шешіліп отырғаны жақсы. Әсіресе, сыртта, жұмыста болған дау-дамай табалдырықтан үй ішіне көшпегені жөн. Өз үйінде, өз шаңырағында ұрыс-керіс, жанжалға үйірсектік арасын ашпаса жақындастырмайды. Көңіл қалдыратындай сөз айтылмауы керек. Айтылған қалжыңның өзі намысқа тимейтіндей болсын. Кикілжің жағдайда кім бірінші шегініс жасауы тиіс, бұл өте үлкен мәселе.

Әйел адамның уәжі:

Көп жағдайда әйел адам кешірімді болғаны жөн. Үндемей қалу, айтқанына көну жеңіліс емес, ол – жеңіске жетелейтін де тәсіл. Сол мезетте жеңілгеніңмен, кейін жұбайыңның ашуы басылғанда жақсы көретініңді айта отырып түсіндіре алсаң, ақылы бар адам қателіктің кімнен кеткенін мойындайды. Тек ашу үстінде бір-біріңнің жаныңды ауыртатындай қатты сөз айтуға жол бермеу керек.

Мен тұрмыс құрған алғашқы кезімде жұмыс барысына байланысты пікірімді қызыкеңірдек болып дәлелдеуге тырысатынмын. Ал перзентті болғаннан кейін маған аналық сезімді сыйлаған сүйікті жарымның көңілін ауыртпауды, оның денсаулығына залар түсіретіндей сөз айтпауды, көңіліне кірбің түсірмеуді ойлайтын болдым. Тіпті менің пікірім дұрыс болса да, оны дәлелдеп жатудың соншалық маңызды емесін түсіндім. Сөйтіп жұбайымның таңдауын, пікірін сыйлауға көштім. Пікірімен қоғам санасатын азаматқа мен неге өз пікірімді таңуым керек?

Ерлі зайыпты бір-бірін құрметтеп, шын бағаласа, отбасы ынтымағы мен берекесі артады.

Сондықтан азаматыңды құрметтеу, шын бағалау отбасы ынтымағы мен берекесі үшін өте маңызды деп ойлаймын.

Марат Тоқашбаев пен Раушан Қаршалованың «Бақыттың кілті» атты кітабынан

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button