Қоғам

Жастардың елден кеткісі келеді. Неге?

Соңғы жылдарда жастардың шетелге түпкілікті қоныс аударуы әлеуметтік проблемаға айналды. 2020 жылғы статистика бойынша, шетел асқандардың саны 100 мыңды шамалаған.

Жыл сайын 100 мыңнан астам мектеп бітіруші түлектің 30%-ға жуығы шетелдік университеттерге оқуға тапсырады. Олардың ішінде елге қайтып оралғылары келмейтіндер көп. «Еліміздің болашағы – жастар» деп жүргенде, сол жастарымыз болашағын басқа елден іздейтіні өкінішті.

Бұл мәселе төңірегінде әлеуметтанушылар, саясаткерлер, оқытушылар – әйтеуір тек үлкендер тобы сөз қозғап, түрлі себептерін талқылап, тон пішіп жатады. Тіпті, «шетелде тұрғым келеді» дейтін жасқа «патриот емессің» деп сөгіп, маңдайына «сатқын» деген таңбаны жапсырып беретін аға буын өкілдері де табылады екен.

Шын мәнінде, «сатқын» жастар ма әлде біздің өзіміз бе? Үлкендер, ең алдымен, осы сұраққа жауап іздеп көрмеді ме екен?

Жастардың белсенді тобы Инстаграмда отырады. Сол әлеуметтік желіде жүргізген сауалнамамызға 114 жас атсалысты, оның 70% шетелде тұрғысы келетінін айтса, қалған 30% шетелде оқып, алған білімін еліміз үшін пайдаланғысы келеді екен.

Ал шетелге кетудегі басты себептердің үштігіне тоқталсақ:

  • Ел, жер көру, тіл үйрену
  • Елімізде жастарға жағдай жасалмағаны
  • Ең кең тараған себеп – мектептегі коррупция!

Әлеуметтанушылар жастардың басқа елден қоныс іздеуін жалақының аздығы, баспана ала алмау, әлеуметтік жағдайға көңіл толмаушылық деп таратады екен. Жоққа шығармаймыз. Бұл да негізгі себептердің бірі. Бірақ бұл жастарды тек материалдық жағдайы ғана алаңдатады деген сөз емес! Шыны керек, мектепті енді бітіргелі отырған немесе енді ғана бітірген жасөспірімдеріміз бұдан да тереңірек ойланатын секілді.

Ендеше, біз экс-президентіміз жолдаған сауалды жастарға қойдық: «Жастар елден неге кетіп жатыр?»

Аноним, 16 жаста (оқушы болған соң, атын жазбауымызды өтінді):

«Мен адам құқығы тапталатын елде биліктің қолшоқпары болу үшін дүниеге келмедім. Оқу сапасы нашар, медицина тағы да ақсап тұр. Қазақстан имиджі жағынан тағы да төмен. Коррупция. Мәке-Cәкелер рөл ойнайды. Мінсіз қоғам жоқ әрине, бірақ қазақ қоғамы шынымен де артта қалған, кертартпалық басым. Жастарға дамуға мүмкіндік жоқ, одан да шетелге кетіп сонда өз-өзіңді дамытып, тұлға болып қалыптасқан жақсы».

«Менің жасым қазір 16-да, жақында ҰБТ тапсырам, сосын бакалавр бітірген соң, міндетті түрде шетелге кетем, өйткені зейнетке шыққанымша болмайтын тиынға жұмыс істеп керек емес деп санаймын».

«Алдында ғана пәндік олимпиадаға қатыстым. Сол жерде бір бастықтың баласына бере салды орынды. Көп конкурстарға қатыстым, бірақ үнемі сатып алады. Бұл жақта қалғым келмейтінінің басты себебі – коррупция. Жастайымнан көріп келе жатырмын…»

Айнұр Оразғалиқызы, 20 жаста:

«Кейбір адамдардың ой-өрісінің тарлығы түбімізге жетер ме деп ойлаймын. Ондай адамдармен бір мемлекетте тұрғым келмейді. Қарапайым халық емес, жоғарыда отырған кісілер үшін ұяламын. Жат жұрттық адам келіп көрсе, өз елінде қазақтар орысша сөйлеседі екен, өздерінде қанша байлық бар бірақ соны арзан бағаға өткізіп күн көріп отыр екен деп ойлайтыны сөзсіз. Мұның бәрі өте ауыр тиеді және сол үшін қатты қысыламын. Өз қадірін жоғалтайын деп тұрған мемлекетті мекендегім келмейді. Қазақстанымның байлығын, жерін, тарихын, әдебиетін, салтын, ғұрпын, тілін қатты сыйлаймын, жақсы көремін, өзім де ұстанамын, бірақ әттең осындай істер ұялтады…»

«Біздің елде сыбайлас жемқорлық қатты өршіп кеткен, онсыз бір іс бітпейді. Халықты басады, қорқытады, сөйтіп бәрі үнсіз қалады. Жемқорлықты жойып, тек нағыз әділдік орнаса онда сәл болсын өзгерістер орын алар ма еді… Халық қорқады, әркім өз бетімен, бәріне – бәрібір, өз бастарын ойлайды».

Бақтияр Сәбитұлы, 17 жаста:

«Менің де АҚШ-қа кеткім келеді. Себебі ол жақта ешкім саған қалай өмір сүруді үйретпейді, жұмысты еркін жасап, саяси құқықтарыңды оппозиция өкілдерімен қосылып қорғай аласың. Егер болашақта қалталы боп, көшуге мүмкіндігім болса, сол елге көшем. Ал мүмкіндігім жоқ болса, отбасым қай жерден табылса, сол жерде боламын. Шетелге көшу – өзіңнің өсуіңді бір елге байлап қоймау. Яғни, шетелге көшкім келетіні ұлтымды жек көргеннен емес».

«Біріншіден, «Мәңгілік ел» идеясы, шындығында, жастарға шабыт сыйламайды. Екіншіден, бизнес ашу, өзіңді тұлға ретінде өсіру туралы тегін видеолар қазір жастар отыратын тикток, клабхаус, инстаграм сияқты желілерге салынып, насихатталуы керек. Себебі сол әлеуметтік желілерден жастарға пайдалы контент табу қиын. Жастар оған қызықпайды деген қоғамның ойындағы стереотип қана. Үшіншіден, қазақ тілінде сапалы кино, мультфильм, видео ойындар мемлекеттік тапсырыспен жасалып, көпшілікке жеткізілсе дейміз. Ол жастарға қазақ тілінде бірдеңе жасауға шабыт береді. Жалпы бұдан да басқа жағдайларды да реттеу керек деп ойлаймын».

Әсел Әлмахан, 16 жаста:

«Бұрын шетелде тұрғым келетін, есейе келе ол ойымнан айныдым. Ол кезде жасым 14-15-те еді. Сабағыма көңілім толмайтын, мектептегі сатып алынатын аттестаттар, бөлінетін орта мені шаршата бастады. Содан шетелде білімге аса мән берілетінін көп еститінмін. Сол жаққа кеткім келетін. Қазір 11-сынып оқушысымын. Қазақстан уақыт өткен сайын өзгеріп келеді, бұл жақта да шынайы білім қолға алынды. Екінші жағынан тарих бойынша білімім жетілгендіктен елім туралы олай ойлауға хақым жоқ екенін түсіндім. Қазақстан керемет жер, тек орта солай ойлауға итермелеп тұрады».

«Мен өзімнің білімімді өз еліме пайдалансам деймін. Қазақстанда әділетсіздіктер көп. Қай елде болмасын, бұл нәрсе бар. Тек біз байқамайтын нәрселерді байқап қоямыз».

«Өз елімізде өзіміздің құқығымызды қорғайтын нақты талап жоқ. Шет мемлекеттің адамдарын даңдайсытып қойғанбыз. Бәлкім, осыны көрген ұрпақ шетелге барса өзін еркіндікте боламын деп ойлайтын шығар. Олар біздің елімізде қалай еркінсіп жүрсе, ол да өзін шетелге барсам солай еркін жүремін дейтін шығар».

Жастар елден неге кетіп жатыр? Сіздер қалай ойлайсыздар, үлкендер?

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button