Қазақтан шыққан тұңғыш чемпион боксер кім?
Қазақстанда тұңғыш чемпион болған қазақ бокшысы, Қазақстан бокшылары арасында тұңғыш КСРО спорт шебері атанған – ол Шоқыр Бөлтекұлы.
1906 жылы 29 қазанда Түркіменстанның Түркіменбашы қаласында туылып, 1994 жылы 6 сәуірде Алматыда көз жұмған.
Сонау зұлмат төнген 30 жылдардың өзінде төлқұжатына «ов» емес, «Бөлтекұлы» деп жаздырған алғашқы қазақ та осы – Шоқыр болатын. Бауыржан Момышұлы «қазақта қазір екі батыр бар: бірі – Шоқыр, бірі – мен» дейді екен.
Шоқыр жастайынан әкесі Бөлтектің тарихи әңгімесін, әсіресе, Махамбат пен Исатайдың ерлігін естіп өседі. Бөлтек 30-жылдары ашаршылық пен кәмпескеден кейін тігерге тұяғы қалмай, өзен бойын жағалауға мәжбүр болады. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» демекші, Шоқырдың балалық шағы да осы өзен мен қайықтың, балық пен домбыраның ортасында өтеді.
1932 жылы әкесі мен шешесінен айырылады. Сол жылы Арзу атты қарындасынан да көз жазып қалады. Оны әлдекімдер алып қашып кеткен екен.
1934 жылы Бақы қаласында (Баку) көркесурет училищесін тәмамдап, Алматыға келеді. Әп дегеннің жұмыс табыла қоймады. Содан базарға барып саудагердің жүгін тасып жұмыс істейді.
Жасынан балық аулап, толқынмен алысып, қайық есіп, денесі алшының асығындай шымыр, иығы мен қолы қарулы жігіт жайлы әңгіме бүкіл Алматыға тарап кеткен деседі. Мұны әрине, Алматыдағы бокстан жалғыз чемпион Владимир Беляниннің де құлағына жетеді.
Шоқырды өзі іздеп жүріп тауып алып, спорт секциясына әкеледі. Табиғи талант жерде қалмайды ғой. Айналдырған 2-3 жылдың ішінде бокс техникасын үйреніп, секцияның бетке ұстар жігіттердің өзін баудай түсірген екен.
Небәрі үш айдың ішінде Алматының бокс чемпионы атанады. Содан «Темп» атты ерікті спорт қоғамына жаттықтырушы боп орналасып, қызметін бастайды.
Сол жылдары Қарағандыда А.Инфлянд басқарған бокс үйірмесінің аты шыға бастаған сәт. Мына жақта Алматыдағы Шоқырдың шәкірттері мен Инфляндтың бөрілері жиі жолдастық кездесу өткізіп, республиканың спорт өміріндегі басты оқиға болды.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда қолына қару алып, соғысқа атанады. 1944 жылы ауыр жаралып, Киевке оралады. Мұнда Көркемсурет академиясындағы оқуын жалғастырады.
1946 жылы Алматыға оралған соң, жаттығу бастайды. Сол жылы Бүкілодақтық «Динамо» қоғамының біріншілігіне қатысып, чемпион атанады. Ол кезде мұндай ірі жеңіске жеткен қазақты кездестіру мүмкін емес еді.
Оның КСРО чемпиондары Огуренков, Соколовтармен өткізген жекпе-жектері нағыз жарыстың көркіне айланды. Жұдырығы шоқпардай қазақпен шығуға жүрегі дауаламады көбінің.
Бүкілодақтық жарыстары үздік жетістіктерге қол жеткізгені үшін 1947 жылы 21 сәуірде одақтың спорт шебері атанады.
Сөйтіп ол Қазақстан бокшылары арасында осындай атаққа тұңғыш рет ие болады.
Сол рингте шыққан жылдары Одаққа белгілі мәскеулік Сафаров, украиналық Бадкэнд, эстон Тэд, армян Падян деген спортшылардан басым түсті.
Соғыстан кейінгі жылдары республиканың бүкіл бокс тізгінін осы Шоқыр Бөлтекұлы ұстады. Ел аймақтарын аралап бокс секцияларын ашады. Тіпті, репрессияға ұшырап, Қазақстанға айдалып келген неміс Густав Кирштейн мен әзірбайжан Дәулеткерей Муллаев деген боксшыларды тауып алып, оларды айдаудан босаттырады. Сол үшін үш әріптің тізіміне де ілініп кеткен екен.
Шоқаң мәскеулік мамандармен жақсы қарым-қатынаста болған. Бұған мемлекеттік жаттықтырушы Константин Градополовтың Алматыға Шоқырды іздеп жиі келетіні дәлел. Бұл достық өмірінің соңына дейін үзілмеген екен.
1951 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық жарыстан кейін қазақ боксшыларын Тбилиси мен Бақы қалаларына матчқа шақырылады. Жол шығынын Шоқырдың өзі көтеріп, шәкірттерін Бакуге апарып, үлкен жеңіске қол жеткізген екен.
Шоқаңның Ескендір Хасанов, Асқар Үсенов, Меңдігерей Хайрутдинов, Керімбек Қалдыбеков, Кеңес Надырқұлов, Егеубек Сұлтанбаев, Серік Әбденәлиев, Болат Нұрсейітовтер кейін қазақ боксын бұйдасын көтеріп, «Қазақ боксының атасы» атанған ұстазының жолын жалғайды.
Шоқыр Бөлтекұлы рингке 223 рет жекпе-жек өткізіп, оның 199-ында жеңіске жеткен. Үш рет Қазақстан чемпионы атанған. Республика барлығы 800-ден астам боксшы дайындаған.