Мәдениет

Үш Қиян – қазақ жерінің поэтикалық атауы

«Үш Қиян» деген атауды байырғы жырларда (фольклор), соның ішінде «Қырымның қыры батыры» жырлар циклінде кездесетінін бірі білсе, бірі білмес. Бұдан бөлек ХІХ және ХХ ғасырдың басында батыс қазақстандық ақындардың шығармаларында қолданылған. Ал осы «Үш қиян» атауына терең үңіліп, оған үш түрлі деңгей арқылы талдап берген Серікбол Қондыбайды білеміз бе?

36 жыл ғана ғұмырында кейінгі ұрпаққа арғықазақтың танымын, дәстүрі мен мифологиясын, фольклорын зерттеуде өте үлкен еңбек қалдырған ғалым. Дәл осы еңбектерінің ішіндегі «Арғықазақ мифологиясы» аталатын 4 томнан тұратын еңбектің алғашқы бөлімінде осы «Үш қиян» туралы жазады.

Серікбол Қондыбайдың еңбегіне жүгінсек:

Біріншіден, Үш Қиян – XIV-XVI ғасырларда өмір сүрген йассауилік бағыттағы сопылық орденнің (тариқаттың) атауы. Ол XIV ғасырда Батыс Қазақстанда (Маңғыстау, Жылой) қалыптасып, XV ғасырда Орталық Қазақстанға (Ұлытау) қарай орын ауыстырып, 1450-70 жж. Қазақ хандығын орнатуға қатысты, осы мемлекеттің идеологиялық қондырмасын жасады, шамамен XVI ғасырдың 30-40 жылдары тарих сахнасынан кетті.

Екіншіден, егер осы түсінікті XV ғасырдағы болмысына қарай нақтылар болсақ, Үш Қиян – бүкіл қазақ жерінің (мемлекетінің) поэтикалық атауы болуы тиіс. Бірақ, ол, шамамен XVI ғасырда естен шығарылған.

Үшіншіден, бүгінгі қалыптасқан келтірім бойынша, Үш Қиян дегеніміз – Батыс Қазақстанның поэтикалық атауы. Оның мысалы ретінде Мұрат Мөңкеұлының «Сарыарқа» атты толғауындағы «Еділдің бойы – қанды қиян, Жайықтың бойы – майлы қиян, Маңғыстаудың бойы – шаңды қиян» деген сөздерді атауға болады.

Автор осылай үш түрлі деңгейге бөле келіп, аталмыш атаудың Батыс Қазақстанның поэтикалық атауына айналуына Мұрат Мөңкеұлының әсері барын айтып, ойдан шығаруы да мүмкін дегенге келтіреді. Алайда «Үш Қиян – үш аймақ» түсінігінің оған дейін де болғанын жазады.

Сонымен қатар, батыс қазақстандықтар «Қырымның қыры батыры» жырларындағы «Үш Қиян» ұғымын сақтап қалғандар және XIX ғасырда өзгерген нұсқасында қайта тірілткендер.

Сонымен «Үш Қиян» дегеніміз – бүкіл қазақтың жерін, халқын және мемлекеттігін сипаттайтын универсал ұғым болып табылады. Үш Қиян – қазақтың бір атауы.

Негізгі дереккөз: Серікбол Қондыбай. «Арғықазақ мифологиясы», 2004 жыл.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button