Мәдениет

2 жасында картинасы 24 мың долларға сатылған бүлдіршін

Аэлита Андре 9 айлығында сурет салуды бастаған екен. 2 жасында картинасы 24 мың долларға сатылған. Ал 4 жасында алғашқы жеке көрмесі ашылған.

Бұл вундеркинд бүлдіршін 2007 жылы 9 қаңтарда Аустралияның Мельбурн қаласында дүниеге келген. Жасы 13-ке енді толған Аэлита абстракционист суретші ретінде әлемге танылған ең жас суретшілердің бірі.

Алғашқы көрмесі Нью-Йорк қаласында ашылған

Оның алғашқы жеке көрмесі 2011 жылы 4-25 маусым аралығында «The Prodigy of Color» деген атпен АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Челси өнер ордасында ашылады.

Сол көрмеде 4 жасар суретшінің 24 жұмысы сатылып кеткен. Көрмеден кейін әлемдегі ең ірі медиакорпорация ВВС Аэлита Андрені «ең жас кәсіби суретші» деп жазады.

Ал екінші жеке көрмесі 2012 жылы 12 маусым – 3 шілде аралығында Агора өнер ордасында «Құпия әлем» деген атпен қойылған. Осыдан соң оның танымалдылығы бүкіл әлемге жайылады. Артынша Қытайда, Ресейде, Италияда және басқа да көптеген елдерде жеке көрмесі ұйымдастырылады.

Кәсіби өнертанушыны қалай таңғалдырды…

Аэлитаның әкесі – кәсіби суретші, анасы – суретші-фотограф. Әкесі Майкл бір күні кабинетіне таза қағазды ұмыт қалдырып, аз уақытқа шығып кетеді.

Қайта айналып келгенде 9 айлық қызының әлгі қағазға бояуларды баттастырып жатқанын көреді. Тоқтатпақ боп жақындағанда қағаз бетінде әдемі бейнелер мен өрнектер пайда болғанын аңғарады. Осыдан соң әкесі қызының қолын қақпайды.

Анасы алғашында оның әрекетін барлық нәрестенің бойында болатын балалығына балап, қылқаламды берумен ғана шектелген. Кейін керемет картиналар шығатынын байқайды. Бір жылдан соң анасы қызының жұмыстарын Мельбурндегі өнер ордасының директорына көрсетеді. Алайда картиналардың авторы жөнінде тіс жармайды. 2 жасар баланың жұмысы дегенге кім сенеді?!

Кәсіби өнертанушы кішкентай қыздың картиналарын жоғары бағалайды. Сонда барып анасы қызының вундеркинд екеніне көзі жете бастайды. Бұл Аэлитаның 2 жасқа 2 ай жетпеген кезі еді.

Өнер жетекшісі осы жұмыстарды Мельбурннің Брануик көшесінде көрсетілетін көрме тобына тіркеп жібереді. Көрме кезінде керемет картиналардың шын авторымен танысқан директор да, тамашалаушылар да таңғалады.

Осы оқиғадан кейін Аэлита мен отбасы Гонконг қаласына шақырту алады. Сонда оның картинасы ең қымбат бағаға сатылады. 24 мың долларға бағаланған туындының иесі – 2-ден енді асқан сәби болатын.

Аэлита Андренің әр жаста салған картиналары

Аэлита ешқашан арнайы суреттен сабақ алмаған, әлі күнге дейін тегін оқытамын деген ұсыныстардан бас тартып келеді.

Ол кез келген картинасын салып бітіргенде ерекше атау береді. Сонан соң «Рақмет!» деп иіліп сәлем беріп, сосын шеберханадан шығады екен.

Аэлита Андренің үздік 5 жұмысы

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button