Асылбек Ықсан: «Тәуелсіздік жылдарында шетелге кеткен қазақтардың арасынан жазушы шығады деу қиын…»
«Қазақта эмигранттық әдебиет бар ма?» сұқбаттар сериясы аясында жазушы, театр режиссері Асылбек Ықсанмен әңгімелестік.
– Бізде эмигранттық әдебиет бар ма? Бар болса оның тарихын қай кезеңнен бастаған дұрыс?
– Эмигранттық әдебиет бар деп айту үшін шығармаларын батыс та, шығыс та оқитын, кітаптары жүз мыңдап таралатын, өзі шетелде тұратын қазақ жазушылары бар болуы керек шығар. Америкадақоныстанған Мұхтар Мағауин сияқты бірен-саран жазушы ғана бар.
Егер де шетелде тұратын қазақ жазушылары ағылшын, француз, испан, итальян тілдерінде кітап жазып, қазақтың ХХ ғасырдың басында аштықтан миллиондап қырылғанын, 86-ның көтерілісіндегі ерлігін, Екінші дүниежүзілік соғыстағы қаһармандығын арқау еткен болса, әлем жұрты қазақтың қилы тағдырынан хабардар болып, эмигранттық әдебиетіне көңіл аударған болар еді.
Шетелдің өнер адамдарымен кездескенде олардың қазақтың басынан өткен неше түрлі зұлмат, нәубет туралы хабарлары өте аз екенін білдім. Демек, қазақ трагедиясы «бас сынса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» жағдайында болып тұр.
– Болашақта эмигранттық әдебиет қалыптасып, өркен жаюы мүмкін бе? Жалпы, эмигранттық әдебиеттің мәдени құбылыс ретінде өркен жаюы тиімді ме?
– Болашақта эмигранттық әдебиет қалыптасып, белгілі жазушы, ақындар шығуы бек мүмкін. Қазақтар кеңестік кезеңде шетелге шыға алмады. Шынын айтқанда, ол кезде біздің шет еліміз Ресей болатын. Орыс халқын алатын болсақ, олардың капиталистері, граф, князьдары 17-жылғы төңкеріс кезінде Еуропа елдеріне көшіп кетті.
Сол кездің өзінде орыс әдебиеті шетелге танымал еді. Ресейдің орыс аристократтары Еуропадан мамандар алдырып балаларын еуропалық үлгіде тәрбиеледі, шетел әдебиетін оқытты. Олардың Тургенев сияқты жазушылары батыс әдебиетінің дамуына ықпал етті. Тургенев бірнеше шет тілін білген адам.
Ол кезде біздің әдебиет енді қалыптасып келе жатты. Ресейдің Тюмень, Орынбор, Омск, Астрахань, Саратов, Волгоград сияқты ірі губернияларында миллионнан астам қазақ бар. Солардың арасынан Олжас Жанайдаров деген талантты драматург, жазушы жігіт шықты. Олжас драматургиядан Ресейдің «Алтын Маска» сыйлығының лауреаты. Басқа жазушыны білмеймін.
Ресейдегі қазақтардың тұрмыс жағдайы онша емес, жазушы болу үшін тұрмысың түзу болу керек деп те айта алмайсыз, жазушылық жағдайға қарамайды. А.П.Чеховтың әкесі крепостной болған, 3500 рубльге отбасын құлдықтан сатып алып бастарына азаттық алған. Балаларына жексенбі күні ән салдырған, музыкаға берген, өте қатал адам болған, ұрып-соқса да өнерге үйреткен.
Қазір дүниенің төрт бұрышына шекара ашық. Егемендік алғалы шетелге көшіп кеткен қазақтардың қарасы бір шағын мемлекет болып қалған шығар. Бірақ, олардан жазушы шығады деп айта қою қиын. Өйткені, олар Америка сияқты елдерге жазу-сызу үшін емес баю үшін кетіп жатыр. Бәлкім, солардың ұрпақтарынан мықты жазушы шығуы мүмкін.
Әрине, олар қазақ жазушысы болып санала қоймас. Шетелдегі қазақтар бір-екі буын ауысқаннан кейін жазса, сол тұратын елінің тілінде жазады. Мысалы, қаны-тегі армян Уильям Сароян Америкада тұрды, ағылшын тілінде жазды. Драма жанры бойынша беріп тұрған Пулитцер сыйлығынан, шығармасының желісімен жазылған киносценарийге берілген Оскар сыйлығынан да бас тартты. Ал, Славомир Мрожектің ұлты поляк, алайда Франция жазушысы болып есептеледі. Өзге ұлттардан мұндай мысалды жүздеп келтіруге болады.
Еуропа халықтары интеграцияның арқасында көрші елдерге барып емін-еркін тұрып, шығармашылығын өркендете алды, ал Ресей сияқты елдерде саяси жүйеге байланысты диссиденттік әдебиет дамыды.
Орыстарда Аксенов, Сергей Довлатов сияқты эмигрант жазушылар болғанын білеміз. Олар Кеңес үкіметінің идеологиясын мойындамай АҚШ-қа қоныс аударды. Шығармаларында Кеңес одағының адами құндылықтарға қарсы қылмыстық жүйе екенін әшкерелей алды. Мен мұнда эмиграцияның саяси түрі, ерікті түрі болатыны туралы айтып отырмын.
– Көршілес Қытай, Моңғолия, Өзбекстан секілді елдердегі қазақтар арасынан қаламгерлер көптеп шығады. Ал, алыс шетелдердегі, Еуропадағы қазақ диаспорасынан неге ақын-жазушылар шықпайды?
– Қытайдағы, Моңғолиядағы, Өзбекстандағы қазақ жазушыларын эмигрант жазушылар деп айтуға болар ма екен… Олар өздерінің ата қоныстарында тұрып жатыр.
Эмиграциядағы қазақтардың арасында кино режиссер Тимур Бекмамбетов, театр режиссері Болат Атабаев, жазушы, драматург Олжас Жанайдаров, апалы-сіңлілі Нақыпбековалар, опера әншісі марқұм Ерік Құрманғалиев, скрипкашы Марат Бейсенғалиев, ақын Бақыт Кенжеев, жазушы Мұхтар Мағауин сияқты әдебиет пен өнер адамдары бар. Ал, спортшылар жетерлік.
Музыканың, киноның, бидің тілі халықаралық тіл. Ұлт әдебиеті өз тілінде ғана ұлттың руханиятына үлес қосады. Шетелде туып, сол елдің халқымен ассимиляцияға түсіп, ділі де, діні де, ұлттық болмыс-бітімі де түгелімен басқа ұлтқа айналып кеткен қазақ жазушысы эмиграциядағы қазақ жазушысы санатына қосыла ма? Эмиграциядағы қазақ жазушысы дегенде осы мәселенің басын ашып алған дұрыс. Өйткені, біздің қазақ өзге тілде жазған қазақ жазушысын мың жерден шедевр жазса да қазақ жазушысы деп қабылдамайды.
Осы жерде, поляктың театр және кино режиссері Анджей Вайданың мына сөзі есіме түсіп отыр: «Біз – поляк кинорежиссерлары ағылшын, итальян, француз тілдерінде кино түсіреміз. Біз – поляктар бар-жоғы 38 миллион ғанамыз. Біздің поляк тілінде шығарған киномыз кімге керек? Сондықтан, шетел тілінде түсіріп, әлемге танымал болып барып қана өзімізді дәлелдей аламыз.»
Бұл халқының саны 40 миллионға жуық поляктың айтқан сөзі. Ал, біз ше? Қазақ тілін таза білетініміз он миллионның ар жақ, бер жағы болар. Оның ішінде кітап оқитыны бар, оқымайтыны бар… Осы тұрғыдан келгенде эмиграциядағы қазақтардың арасынан мықты ақын, жазушы, драматургтар шыққаны артық етпейді.
Кемпірқосақтың бір бояуы кем болса ол көз тартар әсемдігінен айырылады емес пе?! Мен қазақ әдебиетінің өз елімізде болсын, эмиграцияда болсын әдебиет, өнер кемпірқосағының жеті түсінің, түсі қанық бірі болғанын қалаймын.
Еуропадағы қазақ диаспорасы ішінен қазақ жазушысы неге шықпайды деген сұрағыңа келсек, жаңа айтқанымдай ол жақтағы қазақ бауырлар материалдық құндылық қамында жүрген болар. Олай деуіме себеп, жазушылық талантты Құдай бермесе, жаңа заман технологиясын жетілдіруден бірдеңе ойлап табар еді ғой.
Ал, шетелдегі қазақ олигархтарының бала-шағаларының арасынан бір талант табыла қалса, әрине, оның кітабын жарнамалау, тарату жағынан еш қиындық болмас еді де, маңдайы жарқырап бір баламыз шыға келер еді. Кітап та ақша сияқты ғой, иісі шықпайды… Әрине, бөтен елдің ортасында отырып, сол ел мойындайтын мықты жазушы атану оңай емес.
– Шетелдегі қазақ диаспорасының тәлкекті тағдырын, Тәуелсіздік жылдарында өзге елдерге қоныс аударып жатқан жастардың өмірін арқау еткен шығармаларды кім жазады немесе кім жаза алады?
– Шетелдегі қазақ диаспорасының тәлкекті тағдырын сол елдерден Ата жұртына көшіп келген қандастар жаза алады. Сырттан отырып болжап жазғаннан гөрі, өгей баланың күйі, нәсілдік кемсіту, тілден айырылу, болмыстың былғануы, өз-өзін қор сезіну сияқты басынан кешкен қорлық өмірді көркем сана қазанында қайнатып алып, көркем дүниеге айналдыру оңай болар.
Қазір жастардан жақсы прозашылар шығып келеді. Олар бірнеше шет тілін біледі. Солар жазады.
– Өзіңізді болашақта эмигрант қаламгер ретінде елестетесіз бе?
– «Елестетуге» болады. Ең болмағанда орта жаста болсам тыныш бір елге кетіп қалар едім. Шетелге кету қазақтықтан кету емес. Небір теориялар салыстырудан келіп шығады. Өзге ұлттың өмір салтын, мұрат-мақсаттарын, сол мұратқа жету жолындағы талпыныс, күресін көріп қазақ халқымен салыстырғанда тосын бір нәрсе тууы да мүмкін.
Бір қызық айтайын, Алматыда Юрий Осипович Домбровский деген жазушы өмір сүрген. Мәскеуде туған, 1933 жылы Алматыға жер аударылған.
Тастақта бес баласы бар жесір қазақ әйелдің үйін жалдап тұрған. Қазақ әйел табаға нан пісіріп оны алты тілім қылып бөліп дастарқанға қояды екен – бес баласына және Домбровскийге. Өзі нанның қалған қиқымын жеп, аш жүреді дейді. Сол әйел есіне түскенде Домбровскийдің көзінен жас парлап қоя береді екен.
Кейіннен Домбровский Англия туралы керемет шығарма жазған. Жазғанда да тап бір Англияда туып-өскен адам сияқты жазған. Шындығында, өмірі Англияны көрмеген адам. Мен де Жапония туралыэмигранттық кітап жаза аламын. Өйткені, жапон әдебиетін, салт-дәстүрін, этнографиясын, фольклорын, мінез-құлқын кей жапоннан артық білемін. Бар мәселе өзің жазатын тақырыпты толықтай меңгеруде, қаламыңның қарымыңда болып тұр.