Мәдениет

Бүгінгі протесттер және алпысыншы жылдардағы кино

Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде жастардың қозғалысы мен наразылықтары жүріп жатыр. Атлантадан Хабаровскіге дейін созылған бұл наразылықтар 1960 жылдардағы жастардың қозғалысын еске салады. 

Бүгінгі жастар да алпысыншы жылдардағы жастар секілді қоғамдық тәртіпті өзгерткісі келеді. Ескірген идеялардан, қоғамдық формацияның қатып қалған қағидаларынан арылғанды қалайды. 

Дүниежүзінің әр қиырындағы жастар қозғалысының жалпыхалықтық сипат алуын алпысыншы жылдармен байланыстыруымызға не себеп?

Өйткені, өткен ғасырдың екінші жартысында көптеген елдер дәл қазіргідей мәдени әрі тарихи бетбұрыс кезеңін бастан өткерген болатын. Ол кезде де дәл қазіргідей контрмәдениет өркен жайып, негізгі идеялық өзекке айналған еді.  

ХХ ғасырдағы контрмәдениет хиппи эстетикасымен, Сартр идеяларымен және студенттер қозғалысымен байланысты болды. Батыс Еуропа өнеріндегі наразылық мәдениетін түсіну үшін француздардың жаңа толқынына, итальялық неореалистерге және америкалық тәуелсіз киноға үңілгеніміз жөн.

Синефилия Франциядағы студенттер қозғалысын жылдамдатты

Президент Шарль де Голльдің отставкаға кетуімен аяқталған 1968 жылғы «Қызыл мамыр» студенттер қозғалысының алдында Франция жастары үлкен күйзеліске ұшыраған болатын. Бұл оқиға француз мәдениеті дағдарысының салдары ретінде тарихта қалды. 

Ал, осы «Қызыл мамыр» оқиғасын жылдамдатқан француздың жаңа толқыны еді. Анығында жаңа толқындықтардың кинокартиналары. 

Батыс Еуропа жастарының тозығы жеткен қоғамдық формацияны өзгерту керек екенін түйсінгені секілді, кинематографтардың жаңа буыны да дәстүрлі киноның ескіргенін жан-жүйкесімен ұғынған еді. 

Осы алмағайып тұста кино әлеміне Жан-Люк Годар мен Франсуа Трюффо  келді.  Олар кинематографиялық тілді жаңартып, мүлде басқа реңктегі авторлық фильмдерді дүниеге әкелді. 

Аталған режиссерлер академиялық стилистикадан қашты және жабық студияларда емес, адамдар көп жүретін көшелерде түсірілім жасады. Автомобильдердің шуы мен нөсерге малынған қала, студенттердің кафелердегі саясат туралы пікірталастары, жастардың ой еркіндігі мен сөз бостандығы, күнделікті өмірдегі ұсақ-түйек жайттар, тұрғын үйлерге жазылған анархистік  жазбалар – міне, жаңатолқындықтардың қолтаңбасы.

Бұл режиссерлер де мәдени трансформацияны бастан өткеріп жатқан жаңа буынның өкілдері болатын. Сондықтан да, олар бүкіл Батыс Еуропа жастарының арман-мұратын, қандай қоғамды аңсайтынын жақсы түсінді. Жаңатолқындықтардың  көтерген тақырыптары мен картиналарында көрініс тапқан адамның ерік бостандығы идеясы синефилдердің жаңа буынын қалыптастырды.  

Ал, буржуазиялық қоғам мен саяси билік оларды сынға алды. Өйткені, жаңатолқындықтардың әсерінен жастар арасында контрмәдениет ерекше қарқынмен дами бастаған еді. Ақыры саяси биліктің қорқынышы расталып, 1968 жылы «Қызыл мамыр» оқиғасы бұрқ етті.

Годар мен Трюффо: ерік бостандығы идеясы

Жан-Люк Годардың стилистикасы пародиялық реңктегі атмосфера қалыптастырды. Ол өнер тілінде өз қоғамын сынады. Оның шығармашылығындағы басты ерекшеліктердің бірі мақсатсыз сабылған кейіпкерлерді экранға шығару еді. Годар кейіпкерлері заңға қайшы әрекеттер жасауға қабілетті болатын. Және ол кейіпкерлер қандай да бір қылмыс жасау үшін себеп іздеп отырмайды. Яғни, бүлікшіл адамдар образы. 

Экранға осындай кейіпкерлер образын алып шығу арқылы ол өз қоғамының көңіл-күйін дөп басты әрі өз дәуірінің келбетін дәл бейнеледі. Бұл жас режиссердің өзіне тән үні, қайталанбас қолтаңбасы еді. 

Годар өзінің 1960 жылы шыққан «Ақырғы дем» («На последнем дыхании») картинасында Мишель Пуакар есімді жас жігіттің өмірін суреттейді. Пуакар алаңсыз жүрген ұры. Бірақ, осы образ арқылы алпысыншы жылдары өмір сүрген бүкіл бір ұрпақтың ойлау жүйесін танығандай боламыз. Шаршаған, жауапкершіліксіз, мақсатсыз сабылған кейіпкер – сол кездегі француздың бүлікшіл жастарының жиынтық бейнесі болатын. 

Мишель Пуакар жалпыға бірдей қоғамдық-әлеуметтік нормаларды, моральдық қағидаларды сақтамайды. Бірақ, алпысыншы жылдардың көрермені оны жақсы көрді, тағдырына алаңдады. Себебі, олар экраннан өз бейнелерін көрген еді. Бұл кейіпкер буржуазия мен пуританизмге қарсы жастардың қарсылығын дәл бейнеледі. 

Енді Трюффоға келейік

Батыс Еуропа жастарының көңіл-күйі Франсуа Трюффо шығармаларында да көптеп кездеседі. Оның 1962 жылы көрерменге жол тартқан «Жюль мен Джим» фильмі жастардың сексуалдық ойлау жүйесіндегі өзгерістерді арқау еткен. 

Жюль мен Джим ажырамас достар. Катрин есімді бойжеткенге екеуі де ғашық. Ал Катрин екеуінің бірін таңдай алмайды. Екеуіне де сезімі бар сияқты. Бірақ та осы адасқақ сезімдермен арпалысқан кейіпкерлердің күрделі қарым-қатынастары алпысыншы жылдардың көрермені үшін еркін махаббаттың символына айналды. Алпысыншы жылдары өмір сүрген ұрпақ адам сезімдері де азат болуы керек деп есептейтін. 

Трюффо Катриннің образы арқылы өзінің жан әлемін үнемі түсіне бермейтін ұрпақтың мінезін көрсетті. Өзінің нені қалайтынын білмей арпалысқа түскен Катрин образы, шындығында, адам болмысының «тыйым салынған есіктерін» ашуға деген ұмтылыс болатын. 

Ең ғажабы, бұл ұмтылыс сол дәуір көрерменінің эстетикасымен сәйкес келді. Анығында жаңатолқындықтар көрермен эстетикасын өнердің биік мұраттарымен ұштастыра білді. 

Алпысыншы жылдар көрерменінің өз кумирлері болды. Қыздар Анна Карина мен Анна Вяземскийге еліктеді, жігіттер Жан-Поль Бельмондоны үлгі тұтты және бәрі Жан-Пьер Лео сомдаған Антуан Дуанельге ғашық болды.

Сол алпысыншы жылдары авторлық фильмдер сәнге айналған болатын. Кейіннен, жетпісінші жылдардың ортасында Голливудтың жұлдызы туды. Фантастикалық реңктегі, шытырман оқиғалы, атыс-шабысқа құрылған фильмдер дүниеге келді. Осының салдарынан көрермен эстетикасы мүлде басқа арнаға бұрылды. Авторлық фильмдердің көрермені саусақпен санарлық хәлге жетті. 

Қазір де адамдардың дені мейнстрим көрерменіне айналған. Ал, бірақ мейнстрим бүгінгі жастардың арман-мұратын әлдилей алып жатыр ма? Қоғамдық тәртіпті өзгерткісі келетін, ескірген идеялардан, қоғамдық формацияның қатып қалған қағидаларынан арылғанды қалайтын жастардың әлемді шарлаған қозғалыстарына үн қата алып жатыр ма? 

Әрине, Годар мен Трюффо бастаған эстетикалық киноның тілінде өнер тудырып жатқан суреткерлер легі үзілген емес. Алпысыншы жылдары көтерілген авторлық фильмдердің туы бірде-бір рет жығылған жоқ. Тек адамдардың ізгі мұраттары ояу болғанымен, көрермен эстетикасы бүлініп үлгерген еді… 

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button