«Боратты» марапаттаған «Алтын глобус» жемқорлық пен расизмге қатысты айыпталуда
Сыбайлас жемқорлыққа қатысты жанжалдар біздің елде ғана емес, сонымен бірге Америкада да орын алады екен. Мәселен, 78-ші «Алтын Глобус» фестивалінің марапаттау рәсімінен бір апта бұрын үлкен жанжал болған.
Los Angeles Times газеті арнайы сыйлық тағайындайтын Голливудтың шетелдік баспасөз қауымдастығының (HFPA) қаржылық схемаларына қатысты атышулы зерттеуді жариялады.
Газет Голливудтың шетелдік баспасөз қауымдастығының мүшелеріне төлейтін қаламақы АҚШ заңына қайшы келуі мүмкін деп жазды. Шындығында Қауымдастықтың 87 мүшесі коммерциялық емес ұйымның стандарттары үшін өте үлкен көлемде қаламақы алады екен.
Қауымдастық мүшелерінің бір жылдық шығынына 2 млн доллардан астам қаржы бөлінген. Бұл шетелдік фильмдерді көргені, іссапарға барып, баспасөз мәслихатын жүргізгені және басқа да шараларға қатысқаны үшін төленетін ақша.
Әсіресе, Директорлар кеңесіне төленетін қаламақы өте қомақты. Директорлар кеңесінің мүшелеріне бір жылда 135 мың доллардан төленген.
Los Angeles Times газеті HFPA-ға жасалған комплименттер сыйлыққа үміткерлердің лауреат атануына әсер етеді деп санайды.
Мысалы, сыншылар тарапынан сәтсіз баға алған «Эмили Парижде» («Emily in Paris») сериалы екі номинацияға ие болды. Ал Los Angeles Times газеті «Paramount TV» компаниясы Қауымдастық мүшелерін Парижге шақырып, сәнді қонақ үйге жатқызды да, сыйлық алуына ықпал етті деп есептейді.
Бұдан бөлек, Los Angeles Times газеті HFPA-ның 87 мүшесінің арасында бірде-бір қара нәсілді адамның болмағанын айтады. Газет бұған нағыз расизм деген баға берді.
Жемқорлық пен расизмге былыққан «Алтын глобус» Қазақстан халқының да наразылын тудырған болатын.
Себебі, Қазақстанды масқаралайтын «Борат 2» фильмі биылғы «Алтын глобус» сыйлығын тапсыру салтанатында «Үздік комедия» номинациясын жеңіп алса, басты рөлді сомдаған Саша Барон Коэн «Үздік актер» деп танылған еді.
«Qadam.asia»
Тағы оқи отырыңыз:
«Борат 2» фильмі «Алтын глобустың» екі бірдей жүлдесін жеңіп алды