Британдық жазушы қазақ қызы туралы кітап шығарды
Британдық жазушы Луиза Пул «Жарық жұлдыз» атты балаларға арналған кітап шығарды. Кітаптың бас кейіпкері жабайы понилерді қолға үйрететін Раушан есімді қазақ қызы.
Кітаптағы оқиғалар Қазақстан жерінде өтеді. Сюжет бойынша кішкентай Раушан жабайы понимен достасып, оны Жарық жұлдыз деп атайды. Кітаптың иллюстрациясын жасаған да автор Луиза Пулдің өзі. Ол осы еңбекті жазу үшін адамдардың жылқыларды қалай қолға үйреткенін біраз уақыт зерттепті.
Жазушы Луиза Пул сұқбаттарының бірінде Шропшир графтығына барғанда, жабайы жылқылардың үйірі жайылып жүргенін көргенін айтады. Тау баурайындағы өзенге құлап жатқан жылқыларды көрген Луиза ерекше шабыттаныпты. Сол кезде оған жылқылар туралы кітап жазу идеясы келген екен.
Жылқылар туралы зерттеп жүргенінде 12 жасар қызы: «Анашым, жылқылар қашан қолға үйретілді?» – деп сұрапты. Осыдан кейін ол «Жарық жұлдыз» кітабын жазуға түбегейлі шешім қабылдап, жазу үстеліне отырады. Жылқыларды балалар көзімен суреттеген Луиза Пул жас кезінен бастап ат спортымен айналысқан болып шықты.
Жазушының бас кейіпкер ретінде қазақ қызын, ал оқиға өтетін жерге Қазақстанды таңдағаны жайдан-жай емес. Қайта заңды деуге болады. Себебі, табиғатпен етене байланысты көшпенді өмір салтын бертінге дейін ұстанған қазақ халқы екені белгілі. Британдық жазушы зерттеу барысында осыған көз жеткізіп, арнайы қазақ даласын таңдап алыпты.
Луиза Пул өзінің кітабы арқылы оқырманның назарын жануарлардың мәселелеріне аударып, аңдар мен құстарды, жануарларды құрметтеуге үйреткісі келеді.
«Qadam.asia»