Мәдениет

Фотокәсіп: Клиент табу, студия ашу, бизнес бастауға кеңес – фотографпен сұхбат

Қазір шығармашылыққа қызыққан жан көп. Шығармашылық орта әлеуметтік желіге шығып, көптің көзайымына айналуда. Сондай шығармашылық саланың бірі – фото түсіру. Фотограф та ақын мен музыкант сынды: туындысына шабытпен, толғаммен қарайды. Бір жағынан хобби, бір жағынан кәсіп.

Фотографтар – хоббиін бизнеске айналдыра алған нағыз кәсібилер. Қатарымызға фототүсіріліммен айналысқысы кеп жүрген жандардың көп екені хақ. Ендеше сол жандарға бір жағынан кеңес, екінші жағынан фототүсірілім саласын аз да болсын түсіну үшін жас фотограф Көркем Нұрғалиевадан сұқбат алған едік. Назарларыңызға ұсынайық.

Qadam: Әңгімемізді алдымен қызығушылық неден басталды, содан бастасақ. Мамандығыңыз басқа бола тұра неге осы салаға келдіңіз?

– Мамандығым – филолог. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Университет бітіргеннен кейін екі жылдай жұмыс істедім. Бірақ табиғатым шығармашылыққа жақын адам болған соң, өзіме қызық, креативті салаға ауысқым келдім. Алайда фотограф болуға деген қызығушылығым аяқ астынан келді. Туған қалам Оралда жүріп сән саласы бойынша журнал ашып, кейін оны балалар журналына айналдырдым. Сән саласы болғандықтан, шығармашыл топпен жақын жұмыс істедім. Әсіресе, балалар журналын ашарда фотографтармен тығыз қарым-қатынаста болғаным бар. Студия жалдау, фотограф табу, локацияны құру сынды ұйымдастыру жұмыстарымен айналыса жүріп, фототүсірілімге дегем қызығушылығым оянды. Фотосуретті өзгеден ерекше етіп түсіру – маған азарт бергендей болды.

Qadam: Орал қаласынан Алматыға келіп фотостудия ашқан екенсіз. Бұған не түрткі болды?

Оралда жүріп алғаш фото түсіруді үйрене бастаған кезде тағы бір қызық проектіні қолға алғам. Этноқазақ деп аталады.

Яғни, қазақтың ұл-қыздарына арнап этностильде киім тігумен, соның локациясынде суретке түсіру. Бұған сұраныс жоғары болды. Әсіресе, Орал қаласының халқы жылы қарсы алды. Содан танымалдық та артты. Бірақ Алматы – нағыз креатив пен саф өнердің ортасы. Шығармашылық алаң. Алматының фотографтарымен тығыз жұмыс істегім келді. Олардың шығармашылығымен танысуды қаладым. Өзім үшін эксперимент жасап көрейін дедім. Оралда екі бағытта ғана жұмыс істеуге болады: бірі – импульсивті, екіншісі – тұрақты түс. Ал Алматыда фототүсірілім спектрі өте кең. Соның бәрін үйренгім келді. Сол үшін оңтүстік астанаға уақытша келіп, осы жақтың фотоөнерімен таныстым. Бірақ студия ашу үш ұйықтасам да түсіме кірмес еді.

Кәсіп саласында жүрген туысқан әпкем «неге студия ашпайсың, мен көмектесейін» деп ұсыныс айтты. Мен болсам, «қойыңыз, оған жету қайда!» деп қоя салғам. Кейін Оралдағы ата-анам қолдап, «сенің қолыңнан келеді, елдің бәрі ашып жатқан нәрсе емес пе, оның үстіне тәжірибең бар» деп қуат берді. Содан бір күннің ішінде шешім қабылдап, Алматыдан студия ашатын алаңды алдын ала ойластырып, қайта оңтүстікке келдім. «Взлетный» деп аталып кеткен ғимарат-алаңда студиямды аштым. Оны құруға біраз күш-қуат кетті. Ғимараттың ішін жөндеп, интерьерін бастан-аяқ өзім құрдым.

Qadam: Фототүсірілім саласында бәсекелестік қандай? Кәсіп бастау қиын емес пе?

– Білесіз бе, мен де басында Алматыда фотограф болу қиын деп ойлағанмын. Бірақ қазір ойым өзгерді. Әр аудиторияның өз фотографы барына көзім жетті. Әр адамның өз фотографы бар. 2 млн халқы бар Алматыда мыңдаған фотограф өріп жүр. Бірақ бірде-бірі тапсырыссыз отырған жоқ. Өйткені сала өте кең, ал мамандар өз саласының нағыз кәсібиі, әмбебап. Қазір фототүсірілімсіз өткізілетін шара жоқ. Бәріне сапалы фото керек. Сондықтан бәсекеден қорықпаған жөн. Шынайы шығармашыл жан болсаңыз, өз стиліңізді қалыптастырып, клиент жинауға әбден болады.

Ең бастысы – әлеуметтік желімен дұрыс жұмыс істей біліңіз. Дұрыс таргет жіберіп, инстаграмда сторис салуды ұмытпау керек. Бұл саланың табыс кілті – осында.

Qadam: Фотостудия таңдау мен ашу кезінде нені ескеру керек? Нендей кеңес бересіз?

– Ең алдымен студия ашар алдында фото түсіруден тәжірибеңіз болсын. Жалпы кәсіп ашарда тәжірибе аса қажет. Кейде сол салада еш хабары мен тәжірибесі жоқ жандардың кәсіп ашып жатқанын байқаймын. Менің ойымша ол дұрыс емес.

Кәсіби фотограф болу үшін 3-4 жыл керек. Фотоаппарат ауыстырып, объектив жинау қажет. Әртүрлі объективпен жұмыс істеп үйренгеннен кейін, фото түсіре аламын деп сенімді айта аласың.

Фотоны енді түсіріп бастаған жандарға түспен, интерьермен жұмыс істеуге көбірек көңіл бөлсе деймін. Әрдайым эксперимент жасап, түрлі фон мен ракурсты көру керек. Бір түсірген фотоң біраздан кейін өзіңе ұнамай қалуы мүмкін. Соның бәрін есте ұстау қажет. Көп еңбек керек. Іске кіріспес бұрын шеберлік сыныбына қатысып, аздап білім алған да маңызды. Өзге фотографтар қалай жұмыс істейді – соған да қараңыз. Бақылап біраз дүниені үйренуге болады. Сондай-ақ, бағыт таңдау да фотограф үшін аса маңызды. Қай стильде фотосурет түсіргіңіз келеді – соған көңіл қойыңыз.

Фотостудия таңдауға келгенде, барынша шығармашылық ортадағы алаңды, панорамалы, яғни, күн көзі мол түсетін площадкаларды алған жөн.

Qadam: Фото түсірудің бағыттары қандай? Алматыда көп тарағаны қайсы? Сол жайлы айтып беріңізші…

– Фототүсірілімнің бағыты көп. Өз басым жұптық және портрет фотоны түсіргенді ұнатамын. Жұптық фотода адамдардың эмоциясы мен шынайы сезіміне, ым-ишаратқа мән беремін. Фотом Lifestyle-да шықса деймін. Ал портрет фотода жарықты, панораманы «ойнатуға» тырысамын. Фотостудияның ішін де соған лайық жабдықтадым. Ақ және қара тоналды түстерге бөлек-бөлек бұрыш арнадық. Алматыдағы студиялардың талғаммен жабдықталғаны да, жұмынысы да бар. Сондықтан нарықты сұрыптап барып, соған лайық студия құрған абзал. Студияның интерьерін алда тағы өзгертемін деген ойым бар.

Алматыда фотографтардың көбі Fashion-стильмен сурет түсіргенді қалайды екен. Бұл – фотографтардың командамен бірігіп істейтін фотосессиясы. Сондықтан өте сапалы шығады.

Одан бөлек тойды түсіретін фотографтар да көп. Олардың тапсырысы жетерлік.

Фототүсірілімнің тағы бір таралғаны түрі – food-фотограф. Немесе предметтік фото десек болады. Яғни, мейрамхана мен аспаздық менюді түсіретін фотографтар.

Qadam: Клиент пен тұтынушылар туралы айтыңызшы. Кім фототүсірілім жасауға тапсырыс береді? Контингент қандай?

Клиенттер арсеналы мол, кең. Кішкентай баладан бастап егде жастағы адамдарға дейін бәрі фотоға түседі. Мына топ көбірек түсірілім жасайды деу қиындау. Клиент базасы микс, әртүрлі. Жанұялық фото түсіретіндерден бастап кәсіби курс пен дүкен тауарларын, мейрамхана мәзірін түсіретіндер, онлайн сабақ пен шеберлік сыныбын, жарнама мен пиар материал түсіретіндер бар. Күніне кем дегенде екі-үш клиент жарнама жасаушылардан келеді. Тик-токерлер де көп. Оларға түрлі локация керек.

Qadam: Сұқбатыңызға көп рақмет! Ісіңіз жүрсін!

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button