Мәдениет

«Грэмми» және Imanbek: қазақ баласы қалай хит болды?

Кеше ғана әр музыкант армандайтын Грэмми сыйлығының «ең үздік ремиксін» қазақ баласы Imanbek жеңіп алды. Ол Грэмми алған, тіпті Грэммиге ұсынылған тұңғыш қазақстандық өнерпаз. Иманбек Зейкеновтің жеңіске апарған жолына бірге көз жүгіртейік.

«Roses» әні 2016 жылы шыққан болатын. Тура 3 жыл өткен соң, павлодарлық теміржолшы әнге бейресми ремикс жазып, бүкіл әлемді билетті.

«Әннің бағын әнші ашады» немесе «әншінің бағын ән ашады» – бұл екі сөз де жерлесіміз Иманбекке арналып айтылғандай. Бруклиндік рэпер SAINt JHN орындауында «Roses» әні алғаш жарық көргенде чарттарда ойналғанын естімедік, әншісін жұлдыз еткенін де көрмедік.

Арада 3 жыл өткен соң Павлодар теміржолында істейтін Иманбек есімді жас жігіт бұл әннен көңілді ремикс жасап, өзінің паблигіне салады. Содан бері 18 жасар жігіт Ресей, Украина, Белоруссияның хит-парадтарын жарып шығады, отандық арналар бірінен кейін бірі жаңа жұлдыз жайлы сюжеттер жасай бастайды.

Бұдан соң «Roses» Shazam әлемдік рейтингісінде №1 орынды ешкімге бермеді. Америкалық Billboard чартында ТОП-25 әннің қатарына кірді. Әрине, бұл біздің елдің музыканттары үшін үлкен жаңалық.

Иманбек Billboard чартының қаншалықты беделді екенін өз трегі ілінгенге дейін білмеген екен. Алғашында трек 55 орынға орнығады, бір аптадан соң 39-ға көтеріледі, тағы 1-2 аптадан кейін 22-орыннан бір-ақ шығады.

Иманбек бұл чартқа ілінген алғашқы қазақ.

«Roses», алдымен, ТМД көлемінде ғана танымалдыққа ие болған еді. 2019 жылдың соңына қарай Грекияда, Польшада, Түркияда хит болады.

2020 жылы трек Батыс Еуропа мен Американы шарлайды. Германия мен Ұлыбританияда 1-орында тұрса, Америкада үздік ТОП-50 қатарына кіреді.

Неміс радиосында цензура қатты болғандықтан, SAINt JHN Иманбекке әннің акапелласын жібереді де, музыкантқа әндегі «n****», «shit» сөздерін кесіп тастауға тура келген.

Мұның бәрі қашан басталды?

Барлығы 2019 жылдың 21 наурызында басталған. Иманбек өз ремиксін ВК әлеуметтік желісіне салып, содан кейін оған аса мән бермеген. «Мен тіпті хит болады деп те ойлаған жоқпын. Мұны кім тыңдайды деп күмәндандым» дейді музыканттың өзі.  «10 адам ғана лайк басты» деп еске алады алғашқы жетістігін.

Арада 1-2 ай өткен соң бөлісулер, шазам, фанаттық смстер басталған. Миллион оқырманы бар «Emporio Armani 7» паблигі оригинал авторын жазбай, жай ғана Imanbek «Roses» деп осы әнді салған. Содан тыңдармандардың алғашқы толқыны пайда болады.

«Менің жолым болды. Ремикстің жетістікке жетуі тап-таза сәттілік екенін адекватты түрде қабылдаймын. Мен ешқашан жарнамаға ақша төлеген емеспін. Shazam-да нөмір бірінші болатыныма сенетінмін», дейді Иманбек.

«Трек бір чартта көш бастап тұрғанда, SAINt JHN инстаграмда «Жарайсың, бро» деп жазды. Ол маған тіпті оқырман ретінде жазылған. Ортақ әніміз қандай да бір жетістікке жеткенде, бір-бірімізді құттықтап, смс жазамыз», – деп әннің негізгі орындаушысымен қарым-қатынасы жайлы айтқан болатын.

Иманбек 9-сынып бітірген соң, қайда түсетінін білмеген екен. Досы теміржол колледжіне құжат тапсырады да, Иманбек те сол жолды таңдайды.

Қазір Иманбек музыкаға бет бұрды. Ол өзінің авторлық тректерін де шығарып үлгерді.

Грэммиге ұсынылған «Roses» 20 апта бойы Billboard чартында, Apple Music рейтингісінде ТОП-10 ішіне кірді. The Weeknd, Dua Lipa, Billie Eillish, Roddy Ricch, Justin Bieber сынды әйгілі әншілерді басып озып, бірнеше чарттарда оқ бойы озық тұрды.

Нәтижесінде қазақ баласы Грэмми сыйлығының иегері атанды. Бұл сыйлық кинодағы Оскар, әдебиет пен ғылымдағы Нобель сыйлықтары секілді музыкадағы ең басты жүлде боп есептеледі.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button