Мәдениет

#instapoets

Инстаграм пайда болғалы өмірімізбен, қызығушылықтарымызбен сол алаңда бөлісуді әдетке айналдырдық. Шығармашылықпен айналысатындар инстаграм арқылы оқырмандар жинай бастады. Тіпті әлемде «instapoets» деген ұғым қалыптасып үлгерген. Әлемге танымал instapoets кімдер? Qadam Asia ең танымал 5 инстаграм ақынымен таныстыруды жөн көріп отыр.

РУПИ КАУР

instagram: rupikaur_

Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер арқылы әлемге танылған жас ақындардың ішінде үнді қызы Рупи Каурдың есімі жиі аталып жүр. Талантты қыз 2014 жылы жиырма екі жасында өлеңдерінен, прозалық шығармаларынан және көз тартарлық көркем иллюстрацияларынан тұратын «Сүт пен бал» («milk and honey») атты алғашқы кітабын жарыққа шығарған болатын. Кітап төрт бөлімнен тұрады: мұң, махаббат, қоштасу, қайтадан өмірге келу. Рупи Каур өз шығармалары арқылы қоғамдағы түрлі жағдайларға қатысты ой-пікірін еркін әрі ашық жеткізіп отырады. Оның махаббат пен қиянат, сүйіспеншілік пен озбырлық, нәзіктік пен қатыгездік секілді адамның түрлі күйін сипаттайтын өлеңдерінен феминистік көзқарасын бағамдай бергеніңіз жөн. Әйгілі «Amazon» компаниясы арқылы сатылымға шыққан «Сүт пен бал» жинағы танымалдылыққа ие болып, ең көп сатылған кітаптардың ішінде екінші орынға көтерілген. Ал 2017 жылы «New York Times» ұсынған бестселлерлер тізіміне еніп, 52 апта бойы үздік кітаптардың қатарынан табылды. «Сүт пен бал» әлемнің 30-ға жуық тіліне аударылған.

2017 жылдың қазан айында ақынның «Күн және оның гүлдері» («the sun and her flowers») атты екінші кітабы жарық көрді. Ал биылғы карантин «home body» атты үшінші кітабының дүниеге келуіне әсер еткен.

Рупи Каур отбасылық жағдайға байланысты ата-анасымен бірге небәрі төрт жасында Үндістаннан Канадаға көшіп келеді. Ағылшын тілін білмегендіктен, достар табу қиынға соғып, жалғызсырап жүрген кезінде анасы оны сурет салуға, өлең жазуға баулыған екен. Есейе келе, Tumblr, Instagram желілеріне өлеңдерін жариялап, өзі иллюстрациясын жасап отыратын болған. Уақыт өткен сайын оқырмандары көбейіп, ағылшынтілді ортада танымал бола бастайды. Бүгінде оның инстаграм парақшасын 4 миллион адам оқиды. Рупи Каур бір сұқбатында Халиль Джебран, Элис Уокер, Шарон Олдс сынды қаламгерлердің шығармашылығын жоғары бағалайтынын айтқан болатын.   

ТЭЙЛЕР НОТТ ГРЕГСОН

instagram: tylerknott

2012 жылы «Typewriter Series» топтамасын дүниеге әкелген ақын әрі фотограф «бәрі сол жылдың наурыз айында басталғандығын» айтады. Ол сирек кездесетін бұйымдар сататын «Helena» дүкенінен 1940 жылғы ескі жазу машинасын сатып алған екен. «Мен мұны алдын ала жоспарлаған жоқпын. Ойламаған жерден сатып алдым да, ішімдегіні жаза бастадым», – дейді ол.

Монтана университетінен әлеуметтану және криминология мамандығын алып шыққанымен, саналы ғұмырын шығармашылыққа арнай бастаған Тэйлер Грегсон алғаш өлеңді 12-13 жасында жазған екен. Бұл жайында ақын: «Мен біртүрлі бала болдым. Мені ешкім түсінбейтін. Мектепте жағымсыз жағдайларды басымнан көп өткердім. Менің қойын дәптерім де болған емес. Кез келген қағазды алып жаза беретінмін», – деп еске алады. Психологтар оған бала күнінде Аспергер синдромының белгілері бар деген пайым айтқан екен. Тэйлер Грегсон ешқашан әдебиет теориясы, өлең құрылысы жөнінде білім алмаған. «Алғаш өлең жаза бастағанда әкем «Будда ілімі» деген кітап әкеп берді. Мен пресвитериан негізінде тәрбие алдым, бірақ мен үшін Буддизм сияқты мәнге ие болған еш дүние жоқ дер едім», – дейді өзінің ақындық жолының бірден бір бастамасы буддизм ілімі деп таныған Грегсон.

Оған әлемнің түкпір-түкпірінен күніне жүзге жуық хат келеді. Оқырманының көптігі сонша, жазу машинасынан басылып шыққан әр өлеңін 20, екі өлеңін 30 долларға сатып алып жатады. Оның инстаграм парақшасында 355 мың оқырманы бар. Негізгі өлең жазу бағыты – хайку (жапон әдебиетіндегі дәстүрлі өлең үлгісі). Шекспирді, тіпті Пабло Неруданы оқымайтындардың өзі Тэйлер Грегсонның махаббатты жырлайтын өлеңдерін сүйіп оқитын көрінеді. Оның «Chasers of the Light» өлеңдер жинағы 120 мың данамен тарап, «Wall Street Journal» нұсқасы бойынша ең үздік кітап болып танылған. Ақынның бұдан өзге тағы да үш кітабы жарық көрген. «Маған біреудің көркем жазуды үйреткенін қаламаймын. Мейлі, ол менен шебер болсын. Оған ұқсап шебер жазғанша, өзіме ұқсап нашар жазғаным әлдеқайда артық», – дейді инста-ақын.

ЛАҢ ЛИВ

instagram: langleav

Tumblr желісіндегі блогтарымен танымал болған австралиялық Лаң Лив әрі ақын, әрі суретші. 2013 жылы «Махаббат пен бақытсыздық» («Love & Misadventure») атты алғашқы өлеңдер жинағын жарыққа шығаруы оны табысқа кенелтті. Бір айдың ішінде 10 мың данасы сатылып, ақынның шығармашылығы нью-йорктік әдеби агенттердің назарына іліккен. Содан бері ол бірнеше кітап жазды. Әр кітабы бестселлерге айналған. Лаң Ливтің оқырманының көп болуының бір себебі – ақын ретінде адам басынан өткеретін әртүрлі күрделі сезімдерді қарапайым тілмен шебер жеткізе алатындығынан болса керек. Сондықтан да оның есімі «instаpoets» ұғымымен қатар айтылып, синоним ретінде қабысып кеткен.

Ата-анасы «қызыл кхмерлер» режимінен бас сауғалап барған Тайландтағы босқындар лагерінде Лаң Лив дүниеге келеді. Балалық шағы Австралияның Кабраматта атты кедей қалашығында өткен. «Қазір мен өзімнің жолдасым, тамаша автор Майкл Фаудетпен бірге Жаңа Зеландияда теңіздің жағасында тұрамын», – дейді қаламгер.

Алғаш жазған өлеңі есінде болмаса да, алғаш өлеңге деген қызығушылығын тудырған ақын Эмили Дикинсон екенін алға тартқан Лаң Лив: «Оқырмандарым мен арқылы Эмили Дикинсон, Сара Тисдэйл сынды ақындардың шығармашылығымен танысқандықтарын айтып, алғыстарын жаудырып жатады. Бұл мен үшін үлкен құрмет», – дейді ағынан жарылып. Бүгінгі күні оның инстаграм парақшасын 545 мың адам оқиды.

НИКИТА ДЖИЛЛ

instagram: nikita_gill

Өзін «instapoet» деп атағанды аса ұнатпайтын көрінеді. «Инстаграм – өз шығармашылығыммен бөлісетін көп желінің бірі ғана. Мен өлеңдерімді көбінесе Tumblr мен Facebook-те жариялаймын. Сонымен бірге, Thought Catalog блогын пайдаланамын», – дейді әлеуметтік желі арқылы танымал болған британдық қаламгер.

Оның алғашқы қолжазбасын 137 баспахана кері қайтарған. «Шынымды айтайын, бұл сәтсіздіктердің барлығы да рухымды түсірген жоқ. Қайта бұрынғыдан да жақсы жазуыма септігін тигізді», – деген Никита Джилл әр істің бір қайыры барына сенген екен. Он екі жасында Үндістанның жергілікті газетінде алғаш рет атасы жайлы жазған мақаласы жарық көреді. Содан бері жазуға деген ынтасы ашылып, 2012 жылы «Сіздің тәніңіз – мұхит: махаббат және басқа да эксперименттер» («Your body is an ocean: love and other experiments») атты алғашқы кітабын шығарады. Бұл кітаптың бір ерекшелігі өлеңмен және әңгімемен 33 түрлі оқиға баяндалған. Кітапқа адамдардың қарым-қатынасы, махаббат, адамгершілік секілді ешқашан маңызын жоймаған тақырыптар арқау болған. 2016 жылы Thought Catalog Books баспасынан «Сіздің жаныңыз – өзен» («Your Soul Is a River») атты өлеңдер топтамасы жарық көреді.

Қазақ жұртшылығына қаншалықты таныс екені белгісіз, ал орыстілді қауым Никита Джиллді фотосуретші, digital art шебері ретінде біледі. Бірақ ол инстаграм парақшасына көбінесе өлеңдерін жүктейді және 586 мың оқырманның ыстық ықыласына бөленіп жүр.

БО ТАПЛИН

instagram: beautaplin

«Бізді әлемде мәдениетіміз, қызығушылықтарымыз, сеніміміз бен өз құндылықтарымыз бөліп тұрғанымен, кім болсақ та, қай елде туып, қай дінге сенсек те, кешетін күйіміз бір, үрейіміз бен қуанышымыз да, күйзелісіміз бен таңданысымыз да ұқсайды. Егер менің жазғаным бір адамды толғандыра алса, жетістігім де сол болмақ». Бұл – виртуалды әлемде ойлы өлеңдерімен, терең пәлсапасымен танымал болған Бо Таплиннің сөзі. Бүгінгідей «цитаталар ғасырында» оның жазбалары ғаламтор кеңістігін шарлап кеткелі қашан?! Бо Таплин осы күнге дейін 7 кітап шығарып үлгерген: «The New Human Beings», «Hunting Season», «The Wild Heart», «Playing With Fire», «Buried Light», «Bloom», «Worlds of You». Аталған кітаптардың барлығы бестселлерге айналып, өз оқырмандарымен қауышуда. Қаламгердің инстаәлемінде 658 мың оқырманы бар, әр жазбасына 300-ге жуық пікір жазылады.

Бо Таплин бала күнінен мінезінің ашық болмағанын айтады. Адамдармен тіл табысуы қиынға соққан соң, ойындағысын қағазға түсіруді әдетке айналдырған екен. «Кітаптан оқыған, музыкадан, кинодан естіген кейбір жүрек толқытар сөздер мені бейжай қалдырмайтын. Сөз тылсымына, тіл құдіретіне біртіндеп ене бердім», – дейді ол. Қаламгер танымал болғанға дейін шығармашылық жолын әнге сөздер жазумен бастаған. Қазіргі күні әлем оқитын instapoet-ке айналды.

Әлемге танымал instapoets-пен таныс болдыңыз, ал біздің елдегі инста-ақындар кімдер деп ойлайсыз?

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button