Мәдениет

Көрнекті тұлғаларды заманауи бейнелеп жүрген дизайнермен сұқбат

Бүгін сіздерге жас графикалық дизайнерді таныстырғымыз келеді. Ол қазақтың Абай, Шоқан, Жамбыл сынды көрнекті тұлғаларының суреттерін заманауи форматта жасап, әлеуметтік желі арқылы бөлісіп жүр. Оның шығармашылық жұмыстары желі қолданушылар тарапынан жақсы бағаланып жатыр екен.

Аты-жөнім Шәріпханов Нұрдаулет Әділұлы 1998 жылы  Кербұлақ ауданы Сарыөзек кентінде дүниеге келгем. Талдықорған қаласында Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде білім алдым. Қазіргі таңда Алматы облысының Жастар ресурстық орталығында дизайнер болып жұмыс жасаймын. Менің негізгі мамандығым программист болатын. Мектеп кезінде ойындарды қазақша стильде жасағым келетін, оны жасап та көрдім. Ойын ішіндегі персонаждарды қазақша стильге аудару үшін фотошоп бағдарламасы керек болды. Сол кезде Youtube-тен қарап бірнеше ай үйренген едім.

Графикалық дизайнер болу үшін суретшілік қабілет болғаны маңызды ма, әлде кез келген адам айналыса ала ма?

Графикалық дизайнер болу үшін суретшілік қабілет болуы міндетті емес дер едім. Дизайнер болу үшін адамда талпыныс, шыдамдылық және ең бастысы, идея болуы керек деп ойлаймын.

Жұмысыңызда қандай бағдарламаларды қолданасыз? Өзіңіздің құпия фишкаларыңыз бар ма?

Мен өзім қолданатын графикалық бағдарламалар adobe photoshop, adobe illustrator және ол жерде жасаған суреттерімді бейнероликке айналдыру үшін adobe after efffects программасын қолданамын. Менің басты фишкам ол шынайылық деп ойлаймын, себебі адамдарды бейнелегенде артық зат қоспай бұрынғы суреттеріне қарап сол күйінше бейнелеуге тырысамын.

Instagram парақшаңызда еліміздің көрнекті тұлғаларын замануи бейнеде жасап бөлісіп жүрсіз. Қайта тірілткендей әсер қалдырады екен. Бұған идея қалай келді? Неге осы тематиканы таңдадыңыз?

Бұл идеяны мен 2018 жылы Алматы қаласында бір типографиядан көрген болатынмын. Қазір соны өзім қолға алдым.

Жалпы, Абай, Шоқан, Ыбырай, Жамбыл, алашордалықтар секілді заңғар тұлғалардың осындай образдары әлеуметтік желідегі қазақтардың пікірін екіге жарады. Кейбіреулер сүйсініп жатады, ендібіреулері «тұлғаларымызды ойыншыққа айналдырдыңдар» деп сөгіп тастайды. Сіздің жұмыстарыңызға оқырмандар қандай баға беріп жатыр?

Менде әлі негатив жазбалар кездеспеді. Мен суретті бейнелегенде рухани құндылықтардан аспауға тырысамын. Халықтың жақсы пікір қалдыруы да соның себебінен деп ойлаймын. Көбісі хайп ұстау мақсатында суретті әр түрлі өзгерістерге ұшыратып халықтың наразылығын тудырып жатады. Ал менің мақсатым ол суреттерді өзгерістерге ұшырату емес, қайта жаңадан дем беру. Яғни ескі суреттердің сапаларын жақсартып оны халықтың назарына қайта ұсыну.

Сіз секілді дизайнер болғысы келетін жанға қандай кеңес айтар едіңіз?

Дизайнер болу үшін өзіндік көзқарасты қалыптастыру керек және тоқтаусыз ізденісте болу керек.

Сұқбатыңызға рақмет!

Жас дизайнердің басқа да жұмыстарын instagram парақшасынан қараңыз.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button