Көрнекті ақын Есенғали Раушанов дүниеден өтті
Қазақтың аса көрнекті ақыны, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген баспа қызметкері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Есенғали Раушанов 64 жасқа қараған шағында бақилық болды. Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ақберен Елгезек естіртті.
«Қадірлі ағайын! Қазақтың аса көрнекті ақыны, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушановтан айырылып қалдық. Алла алдынан жарылқасын. Асыл рухы бейіштің төрінде шалқысын. Қосымша ақпарат кейінірек беріледі», – деп жазды ақын Facebook желісіндегі парақшасында.
Есенғали Раушанов 1957 жылы 5 қазанда дүниеге келген. Орта мектепті Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Келінтөбе кеңшарында 1973 жылы бітірген соң Кеңес Армиясы қатарында Солтүстік Кавказ әскери округінде (1975-1977) ауыр әскери техниканың механик жүргізушісі боп қызмет етті. Әскерден оралған соң С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде білім алды. Өлеңдері мектеп қабырғасында жүргенде Қызылорда облыстық «Ленин жолы», Жаңақорған аудандық «Коммунизм жолы» газетерінде, сондай-ақ республикалық басылымдарда жарияланып келді.
Алғашқы жыр жинағы «Бастау» деген атпен 1980 жылы жарық көрді. Кейін ұлт бостандығы, туған дала тарихы, табиғат пен махаббат туралы жазылған «Келінтөбе», «Шолпан жұлдыз туғанша», «Ғайша бибі», «Қара бауыр қасқалдақ», «Періштелер мен құстар», «Бозаңға біткен боз жусан», «Амал деген айыңыз» атты кітаптарын оқырман қауым сүйіп оқыды.
Ақынның отбасына және оқырман қауымға қайғырып көңіл айтамыз.