Мәдениет

Мұқағали өзінің өлетін күнін қалай білген?

Қазақтың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы, Райымбек ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Мұхаметқали. Ақиық ақынның көзі тірі болғанда биыл 90 жасқа толар еді.

Мұқағалиды неліктен бақытты ақын деп атаймыз?

Мұқағали Мақатаев – бақытты ақын. Оның бақыты сонда – Жаратушы оған халқының махаббатын беріп қойған. Адамзат соншалықты ұмытшақ – кеше ғана жасаған қателігін бүгін қайталайды. Арыға бармай, тек ХХ ғасырда өмір сүрген, уақытында елдің алқауында болған, кітаптары бірінен соң бірі шығып тұрған ақындарды алайық – солардың біразы қазір ұмытылды. Архивтерде, хрестоматияларда өзімен өзі күбірлесіп жатыр, ал халық жадынан өшіп кеткен. Мұқағалиға халқының махаббаты берілген дейтініміз осыдан.

Мұқағали – сәнге айналған ақын. Алайда, ол мүлде эстрадник емес. Қызық, Мұқағалидың не сиқыры бар? Адамдар оны неге сонша жақсы көреді?

Ол қасіретке оранған кішкентай халықтың сезімін әлдилей алған еді. Қараңыз, ХХ ғасырдың 16 жылдарынан бастап бірнеше рет қайталанған аштық, репрессия, екінші дүниежүзілік соғыс – жарты ғасыр қырғыннан арылмаған халықты әлдилеу керек болатын. Қасіреттен көз ашпаған кішкентай халықтың кеудесі шерге, өзегі өксікке толып қалған. Еске алады, сағынады, күйінеді, жек көреді, шарасыздығына налиды – оңашада жылап алғысы келеді…

Елестетіңізші, әлдекімге әлдеқандай жылы сөз айта қалсаңыз, бірден шарасы жасқа толып, үһілеп отырып қалады. Әрбір қазақ қимасынан айырылған – баласынан, жарынан, әкесінен… Мұқағали осындай дәуірде дүниеге келген еді. Өзі туған халықты әлдилеу үшін. Оңашада мұң шағатын сырласы болу үшін.

Сөзіміз дәлелді болу үшін деректерге жүгінейік. Мұқағали Мақатаевтың балалық шағы қазақтың басына төнген қайғы-қасіреттің бірнешеуімен тұспа-тұс келді. 1932-33 жылдардағы ашаршылық кезінде ақын небәрі 1-2 жас шамасында болса, 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін кезінде 6 жаста болады. Екінші дүниежүзілік соғыс барысында Мұқағали Мақатаев 10 жастағы бала екен. Соғыстың салқын қабағы ақынның шаңырағына оңай соққан жоқ. Әкесі Сүлеймен қан майданда қаза тапты.

Өз халқының басына түскен қасіреттің куәсі болған Мұқағали сол халықты қалай әлдилеу керек екенін білді. Тұтас шығармашылығы осының дәлелі.

Мұқағали өзінің өлетін күнін білген бе?

Ақындар артына аңыз қалдырады. Олардың өмірі, шығармашылығы, тіпті өлімі де аңыз. Мұқағали да артына аңыз қалдырған ақын.

Ақиық ақын 1976 жылы 27 наурызда 45 жасында Алматыда дүниеден озды. Ол 45 жасында өлетінін өлеңдерінде де айтқан. Ал, нақты қай күні өлетінін болжағаны тіптен таңғалдырады.

Мұқағалитанушы Шаяхмет Имашұлы бұл турасында былай дейді:

«1976 жылы «Өмір дастан» деген Мұқағалидың сары кітабы дүниеге келді. Оған Мұқағалидың өзі қатты қуанып, қатты дәріптеген. Кітаптың бірнеше данасын алған болса, соның барлығын өзінен үлкен ақындардың біразына қолтаңбасымен таратыпты. Біреуін Әбділдә Тәжібаевқа жіберіпті. Әбділдә Тәжібаев Мұқағалиды анау Қарасазда жүрген жерінен шақыртып, үй бергізіп, жұмысқа алғызған.

Сол Әбекеңе қолтабасымен кітабын бергенде тілегін білдіріп, «27 наурыз, 1976 жыл» деп жазып жіберіпті. Ол негізі ақпан айының іші екен. 27 наурызда Мұқағали дүниеден өтеді. Содан кейін Әбекең таң қалып, «әулиелігі бар екен ғой» деп «Әулие ақын» деп ат қойған көрінеді. Сонда Мұқағали өзінің өлетін күнін сезіп тұр екен ғой. Ал өмірден өтерінде «Жаназа» деген поэма жазды. «Моцарт, Азалы үн» деп басталды. Өзінің жаназасын өзі шығарды дейміз.

«Жарық дүние, жарығың неткен жақсы еді, Жаңылыспаспын жаным деп айтсам дәп сені», – деген жолдары бар. Сол өлеңді Сағат Әшімбаев «Лениншіл жасқа» Мұқағали қайтыс болғаннан кейін басып кеп жіберіпті. Мұқағали сонымен бұрқ ете қалды. Ең тиражы көп «Лениншіл жастың» өзін қолдан-қолға іздеп оқыды ғой сол күні. Ең көп тиражбен шығатын газеттің өзі жетпей қалғанын елестетіп көріңізші. Осы оқиға Мұқағалиды қайты тірілтті».

Шаяхмет Имашұлының бұл естелігінен ақынның өзі өлетін күнді болжағанын байқауға болады. Қалай болғанда да, Мұқағалидың тегін адам емес екенін тарих өзі дәлелдеді.

Ол жарты ғасырға жуық ғұмырында 1000-нан астам өлең, «Ильич», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек! Райымбек!», «Моцарт. Жан азасы» деген поэмалар жазды.

«Құлпытас», «Марусяның тауы», «Өзгермепті», «Әже» әңгімелері мен «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестерін, «Қош, махаббат» пьесасын жарыққа шығарды. Аударма салында да бақ сынап, Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» деген бөлімін, Шекспирдің «Сонеттерін», Уолт Уитменнің өлеңдерін аударды.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button