Мәдениет

Жасанды тілдер туралы не білесіз?

Ағылшын тілін меңгеріп үлгердіңіз бе? Енді қандай тілде сөйлегіңіз келеді? Француз? Неміс? Мұның бәрі «тізесі шыққан» десеңіз, эсперанто тілін үйреніңіз.

Әлемде жасанды тілдердің түрі көп. Олардың пайда болу тарихы XVII-XVIII ғасырларға тиесілі. Бұл кезде латын біртіндеп өзінің танымалдылығын жоғалта бастаған еді. Сондықтан жасанды тілдерді ойлап шығару трендке енді.

Бұл топтамада біз ең танымал жасанды тілдерді жинадық.

ЭСПЕРАНТО

Эсперанто – әлемдегі ең кең таралған жасанды тіл. Қазіргі таңда бірнеше жүз мыңнан миллионға дейін адам осы тілде сөйлейді екен. Эсперантоны 1887 жылы чех окулисі Лазар (Людвиг) Маркович Заменгоф ойлап тапқан. Атауы автордың лақап атымен аталған.

Эсперанто қарапайым грамматикаға ие. Алфавитте 28 әріп бар (23 дауыссыз дыбыс, 5 дауысты дыбыс) және ол латын тіліне негізделіп жасалған. Тіпті кейбір энтузиастар эсперантоны «жаңа мыңжылдықтың латын тілі» деп атаған екен.

Фантаст-жазушы Гарри Гаррисон эсперантода сөйлеп, романдарында осы тілді белсенді түрде насихаттайды. Егеуқұйрықтар жөнінде жазылған циклінде Галактика тұрғындары негізінен эсперантода сөйлейді. Эсперанто тілінде 250-ге жуық газет-журнал басылып, төрт радиостанция таратылады.

ВОЛАПЮК

Бұл тілді дүниеге әкелген шіркеу қызметкері Иоганн Мартин Шлейерге 1879 жылы түсіне Құдай кіріп, өз тілін ойлап табуды бұйырған екен. Содан Шлейер түні бойы ұйықтамай, осы іске білек сыбана кіріседі. Түні бойы ол тілдің грамматикасын, сөздердің мағынасын, сөйлемдерін, содан кейін өз өлеңдерін жазды.

Волапюктің негізі неміс тіліне құрылған. Шлейер ағылшын, француз тілдеріндегі сөздерді батылдықпен өзгертіп, оларды жаңа түрге енгізді. Автор өз тілінде [р] дыбысынан бас тартуға шешім қабылдайды. Дәлірек айтқанда, оған бұл дыбыс волапюкты үйренгісі келген қытайлықтар үшін қиындық тудыратын сияқты көрінген.

Бастапқыда тіл өзінің қарапайымдылығымен танымал болды. Бұл тілде 25 журнал жарық көріп, 25 тілде 316 оқулық жазылды және 283 клуб жұмыс істеді. Генри Конн атты профессордың қызы үшін волапюк тілі ана тілі боп есептелді.

ИФКУИЛЬ

Философиялық тақырыптар бойынша сөйлесу үшін арнайы ойлап табылған тіл. Тілдің құрылуы Джон Кихададан 30 жылға жуық уақытты талап етті (1978 жылдан 2004 жылға дейін). Тіпті автор әлі сөздік қор толық жинақталып бітпеді деп санайды. Айтпақшы, ифкуилде 81 септік бар, ал сөздердің мағынасы морфемалардың көмегімен беріледі.

КЛИНГОНСКИЙ

Лингвист Марк Окранд Paramount Pictures компаниясының тапсырысы бойынша түсірілетін Star Trek фильміне арнап клингог тілін ойлап тапты. Бұл тілде фильмдегі өзгеғаламшарлықтар сөйлеседі. Фильмнің жанкүйерлері клингон тілін анайы үйреніп, тіпті қазіргі уақытта АҚШ-та клингон тілі институты ашылды. Ол жерде әдеби классиканың мерзімді басылымдары мен аудармаларын шығарады. Stokovor рок группасы әндерін тек клингон тілінде орындайды. Бұл тілде театр қойылымдары мен тіпті Google іздеу жүйесінің бөлімі де бар.

СОЛЬРЕСОЛЬ

Бұл тілдің авторы француз Жан Франсуа Сюдр әлемдегі барлық нәрсені ноталар арқылы түсіндіруге болады деп сенді. Сөйтіп 1817 жылы сольресоль тілін ойлап тапты. Тіл ноталардан тұрады. Мұнда барлығы 2660 сөз бар: 7 бір буынды, 49 екі буынды, 336 үш буынды және 2268 төрт буынды. Қарама-қарсы ұғымдарды білдіру үшін тілде «сөздің шағылысуы» қолданылады: фаля – жақсы, ляфа – жаман.

Сольресоль тілінің де өз жанкүйерлері бар. Олардың ішінде әйгілі қолданушылар Виктор Гюго, Александр Гумбольдт, Ламартиндер еді.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button