Мәдениет

«Мұз қосылған американо»: Оңтүстік Кореядағы кофе ішу мәдениеті

Кофе мәдениеті туралы сөз болғанда көпшілік Италия немесе Бразилия туралы ойлайтыны анық. Бүгін біз осы бір сергітетін сусынды жақсы көретіндер үшін картаны кеңейтіп, Оңтүстік Кореядағы кофе мәдениеті мен культі жайында айтпақпыз.

Кофені алғаш рет Коджон патша ішкен.

Кейбір деректерге сүйенсек, Корея территориясында ең алғаш кофені ішіп көрген адам Коджон патша екен. Ресей елшісінің әйелі Антуанетта Зонтаг 1896 жылы монархты бір шыныаяқ кофемен сыйлаған көрінеді. Осыдан соң ол қанттың кішкене кесегі қосылған қара кофені ұнатып қалады. Тіпті келген елшілерге арнап шай, кофе ұсынып, күтуге арналған үй салады. Ал 1898 жылы Антуанеттаның құрметіне «Зонтаг» қонақ үйін тұрғызып, иелікті сол әйелдің қолына береді. Қонақ үйде 25-тей бөлме, ас үй, салтанат залы және кофехана болған.

Кофенің танымалдылығы Кореяда одан ары жалғасын тауып, 1902 жылы шетелдіктерге арналған алғашқы кофехана ашылады. Мұндай жерлер 다방 (табаң) деп аталды, мағынасы «шайхана» дегенді білдіргенмен, алғашында бұл жерде тек кофе ғана сатылатын. Мұндай табаңдар бірнеше жерден ашылып, жоғары тап өкілдерінің сүйікті орнына айналады. Соған орай, бағасы да қымбат еді. 1945 жылға дейін алпысқа жуық қана болса, 1960 жылдары мыңнан аса табаңдар салынғаны белгілі болады. Жетпісінші жылдары ерігіш кофенің пайда болуымен табаңдар кеңейіп, бұл жерден студенттерді де кездестіруге болатын еді.

Заманауи кофеханалардың таралуы. Starbucks.

Қазіргідей кофеханалар Кореяда сексенінші жылдары кеңінен тарай бастайды. Бұл уақыттарда кофенің сапасы да жақсара түсті. Эспрессо жұрттың ерекше сүйіп ішетін сусынына айналды. Ал кофехана иелері кофе әзірлейтін жаңа техникалар сатып ала бастады. Тіпті мұндай кофеханалар темтикасына қарай бөлінетін, мәселен: музыкалық, тарокафе, манхва-кафе, достармен үстел ойындарын ойнауға болатын кофеханалар, т.б.

Корея кофе ішу мәдениетінің тарихи сәті Starbucks кофеханасының ашылуы болатын. Синчон ауданындағы Ихва қыздар университетіне қарсы беттен Starbucks-тың алғашқы нүктесі пайда болып, бұл оқиға кофехана культіне өзгеріс әкелді. 1999 жылдан бастап нарыққа шетелдік инвесторлар кірді. Ал халықтың лексиконында 카페브러리족 (капэбырориджок), яғни «кофеханада сабақ оқитын студенттер» және 카페맘 (капэмам) «кофе стақанын ұстаған жас аналар» деген терминдер пайда болған еді. 2020 жылдың желтоқсанында Кореяда Starbucks желісінің 1503 нүктесі бар екені белгілі болды. Ал Сеул әлемде Starbucks кофеханалары ең көп орналасқан қала ретінде бірінші орында тұр, қалада 284 нүктесі бар, ал Нью-Йоркте – 277, Шанхайда – 256 және Лондонда – 202.

Қазіргі таңда бұл елде Starbucks-тан бөлек, Caffé Bene, A Twosome Place, Angel-in-us Coffee, TOM N TOMS, Hollys Coffee, Ediya, Paik’s Coffee, Banapresso, Pascucci сынды көптеген кофехана желісі өзара бақталас боп отыр. Бүкіл елде 49000 кофехана бар, оның 18000 нүктесі Сеулде. Бұл тізімге жекеменшік кофеханалар да кіреді. Тіпті бір маусым жұмыс жасап, жабылып қалатын жерлер де өте көп. Жергілікті тұрғын орта есеппен аптасына 12,3 стақан кофе ішеді. Бір американоның бағасы 1500-4000 вон арасында, теңгеге шаққанда 570-1520 теңге шамасында.

Кәрістердің ішінде ең кең тараған танымал кофе түрі мұз қосылған американо. Олар бұл кофені қыста да ішеді. Жалпы кофені Корея қалаларында кез келген бұрыштан табуға болады. Кофеханалардан бөлек, 24/7 жұмыс істейтін CU, Seven Eleven, GS25, E-mart 24, Ministop дүкендерінде де сатылады.

Кофе ішу қалай культке айналды?

Кофеге деген сүйіспеншілік неліктен осыншалық культке айналып кетті? Жұмыс пен үй кеңістігіндегі қысымнан қашып кофеханада уақыт өткізген тиімді дейтін теория да жоқ емес. Тұрғындары өте үлкен қарқынмен жұмыс істейтін және көлемі 62 квадрат метрді құрайтын кішкентай пәтерде өмір сүретін елдерде кофеханаға кіріп латте ішіп, жағымда атмосферада уақыт өткізу шынымен де адамның жан қалауы шығар.  

Италияда түстен кейін адамдар кофе ішуді жөн көрмесе, Оңтүстік Кореяда кез келген мезгілде кофе іше беруге болады, кофеханалар кешкі онға дейін жұмыс істей береді. ТМД елдері арасында шайға шақыру, істі шай іше отырып ақылдасу қанға сіңіп кеткен болса, кәрістер бір шыныаяқ кофемен әңгімелескенді ұнатады.

2003 жылдан бері бұл елде Korea Barista Championship баристер жарысы өтіп тұрады. Нағыз кәсібилер өзара бақ сынасып, өздерінің жеке авторлық мәзірлері арқылы кофе дайындайды. Дәмі ең керемет кофе жеңіске жетіп, соның негізінде «Champion Coffee» түйіршігі нарыққа таныстырылады.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button