Мәдениет

Мақатаев туралы: Оны неге сақтай алмадыңдар?

Кейінірек, содан он шақты жыл өткенде, Мұқағали алты ай оқыған сол Мәскеудегі Әдебиет институтының Жоғары әдеби курсында Рамазан Тоқтаров аға екеуміз де екі жыл бірге оқыдық. Жетекшіміз, орыстың белгілі ақыны Александр Межировтың алғашқы дәрістерін тыңдағанда-ақ мен Мақатаевтың «Реквием. Жан азасы» поэмасының қалай туғанын түсіндім. Орыс ақындары құрметтеп «мэтр» атайтын Межиров алғашқы бірнеше сабақты қатарынан Пушкиннің «Моцарт пен Сальериіне» арнады. Алдымен спектакль мәтіні жазылған күйтабақ ойнатты. Опера арияларын магнитофон таспасынан тыңдатты. Өзі эр шумақ, әр сөзіне терең талдау жасап, жанын сала түсіндіруге тырысты. Соңынан атақты бір театр әртісін шақырып әкеліп, поэманы мәнерлеп оқытты.

Моцарт: Так слушай.

Недели три тому, пришел я поздно

Домой. Сказали мне, что заходил

Замною кто-то. Отчего – не знаю,

Всю ночь я думал: кто бы это был?

Ичто ему во мне? Назавтра тот же

Зашел и не застал опять меня.

На третий день играл я на полу

Смоим мальчишкой. Кликнули меня;

Я вышел. Человек, одетый в черном,

Учтиво поклонившись, заказал

Мне «Requiem» и скрылся. Сел я тотчас

И стал писать – и с той поры за мною

Не приходил мой черный человек;

А я и рад: мне было б жаль расстаться

С моей работой, хоть совсем готов

Уж Requiem. Но междутем я.

Сальери: Что?

Моцарт: Мне совестно признаться в этом…

Сальери: В чем же?

Моцарт: Мне день и ночь покоя не дает

Мой черный человек. За мною всюду

Как тень он гонится. Вот и теперь

Мне кажется, он с нами сам – третий сидит.

Бұл үзіндіден Пушкиннің бұл шағын трагедиясының Мұқағалиға «Реквиемге» ғана емес, орыс ақыны Сергей Есенинге де «Қара кісі» поэмасын жазуға түрткі болып, қозғау салғаны анық байқалады.

Тағы бір сабақтарда неміс ақыны Райнер Мария Рилькенің «Дауыстар» атты поэмасындағы «Жетімдер жыры», «Жесірлер жыры», «Соқырлар жыры», «Қайыршының жыры», «Алапестер жыры» сияқты толғаулары сөз болды. Мұқағали ағамызға Пушкин мен Рилькенің осы шығармалары қоса-қабат қатты әсер етіп, «Реквиемді» туғызғаны айдан анық.

Бұл жауһар туындыларды мен де оқып, мен де тыңдадым. Маған да әсері ерекше болды. Алайда Мұқаңның «Реквиеміндей» тылсым сырлы дүние менің қаламыма орала қоймады…

Тверь бульварындағы институттың біз оқитын корпусында үлкен қара диван тұратын. Оку бөлімінің меңгерушісі Вера Аверьяновна Малюкова: «Бұл – Қазақстанның диваны», – дейтін. Оның себебін кейін түсіндім. Александр Межиров бірде үзіліс кезінде: «Мына диванда бізде тыңдаушы болған қазақ ақыны Мұқағали Мақатаев кейде ұйықтап жататын деп естідім. Оны жұрт ішеді десті. Бірақ ол менің сабағыма ешқашан ішіп келген емес. Жойқын талант еді. Оны неге сақтай алмадыңдар?» – деп сұрады.

Бұл маған ғана емес, бүкіл ұлтымызға, қоғамымызға, мемлекетімізге қойылған сұрақ еді.

«Реквием қалай туған». Ұлықбек Есдәулеттің естелік дәптерінен

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button