Мәдениет

Макото Шинкайдың ең үздік 7 анимесі

Макото Шинкай ең үздік аниме режиссерлерінің бірі. Оның туындылары өте күрделі, ал сүйікті жанры – фантастика. Оның әр анимесі бір-бірінен асып түседі. Автордың айтуынша, келесі фильмі 2022 жылы жарық көреді екен. Бүгін біз режиссердің ең үздік 7 анимесін көруге ұсынамыз.

Бұлттар арасында / Kumo no Mukou, Yakusoku no Basho

2004 жыл

Жанры: сэйнэн, драма, романтика, фантастика

Аниме балама шындықта орын алады. Кеңес Одағы Хоккайдоны басып алып, аспанға дейін созылатын жұмбақ мұнара тұрғызды, ал АҚШ Жапонияның оңтүстігін басып алған. Бір күні Хироки мен Такуя есімді екі дос апатқа ұшыраған ұшақты тауып алады. Олар осы ұшақты жөндеп, мұнараның биігіне дейін ұшып барып, құпиясын ашамыз деп бір-біріне серт беріседі. Олар Саюри есімді қызбен танысады. Ол қыз да ұшақ жөндеу жоспарына қосылады, бірақ көп ұзамай ұйқы дертін емдеу үшін Токиоға кетеді. Арада біраз уақыт өтіп, жігіттер де студент атанып, балалық армандарын ұмытып кеткен еді. Бірақ Хироки қызды әлі де ұмытпайды, ол қыздың 3 жылдан бері комада жатқанын біліп, Такуядан оны оятудың амалын сұрайды. Ең қызығы қыздың ұйқысы жұмбақ мұнарамен байланысты болатын.

Секундына 5 сантиметр / Byousoku 5 Centimeter

2007 жыл

Жанры: сэйнэн, драма, күнделікті өмір, мектеп

Такаки мен Акари – нағыз достар. Олар мектепті бітіргеннен кейін оқуға бірге түсуді армандайды. Бірақ көшу керек болып, соған байланысты бұл жоспарлары орындалмады. Достар арасындағы арақашықтық – бала үшін қиындық екені рас. Нәтижесінде Такаки мен Акари арасындағы қарым-қатынастың алшақтығы одан сайын арта түседі.

Біреудің көзқарасы / Dareka no Manazashi

2013 жыл

Жанры: драма, күнделікті өмір

Біз өмірімізде қарапайым көріп мән бермейтін кейбір дүниелер, шын мәнінде, үлкен мағыналарды білдіруі мүмкін. Біз отбасымызға деген шынайы сүйіспеншіліктің қандай екенін жиі ұмытып кетеміз, жақындарымызды жоғалтпай тұрып, қадірін білсек екен. Бұл аниме осындай адами құндылықтар жайлы сыр шертеді.

Ұмытылған дауыстарды аулаушылар / Hoshi o Ou Kodomo

2011 жыл

Жанры: сэйнэн, драма, романтика, фэнтези

Әкесінен ерте айрылған Асуна анасымен бірге тұрады. Ол көбінесе үйде жалғыз қалатын, себебі анасы ауруханада түнгі ауысымда жұмыс істейді. Қыз сабағын жақсы оқиды, бірақ достары жоқ. Әр кеш сайын ол әкесін еске алу үшін мұраға қалдырған хрустальдың көмегімен радио тыңдауға төбе басына келеді. Бірде тағы да солай төбеге шығып отырғанда бір үлкен жаратылыс қызға шабуыл жасайды. Шун атты жігіт Асунаны құтқарып алады. Бірнеше күннен кейін Шунның қайтыс болғанын білген Асуна онымен қайта кездесу үшін жігіттің туған әлеміне сапар шегеді.

Ғажайып сөздер бағы / Kotonoha no Niwa

2013 жыл

Жанры: сэйнэн, драма, романтика

Такао Акидзука өзін бұл ғасырда дүниеге келмеуім керек еді деп санайды. Ол көпшілік жүретін көшелерді ұнатпайды және қарапайым етікші болуды армандайды. Мектепке бармай, адамдары жоқ бақтарда серуендегенді және табиғатқа тамсанып, сурет салғанды ұнатады. Бірде ол сол бақтан бір қызды кездестіреді, ол қыз ескі бір өлеңді оқуға ұсынады. Содан бері екеуі жиі кездесетін болады.

Сенің есімің / Kimi no Na wa

2016 жыл

Жанры: драма, мистика, романтика, мектеп

Аниме бізге Мицухи Миямизу мен Такки Тачибананың оқиғаларын баяндайды. Мицуха – провинциялық қалашықта туып-өскен әдемі, ұзын бойлы, қара шашты қыз. Ол үшін бұл қалашықтағы өмір қызықсыз, сондықтан ол Токиоға көшуді армандайды. Такки – архитектура мен өнерге құштар Токиодағы орта мектеп оқушысы. Бірақ Такки ауылдағы тыныш және бейбіт өмірді армандайды. Бұл екі жасөспірім бір-біріне мүлдем қарама-қарсы және бұрын-соңды кездеспеген. Бірақ бір күні олардың орны ауысады.

Ауа райының баласы / Tenki no Ko

2019 жыл

Жанры: драма, романтика, фэнтези, күнделікті өмір

Жоғары мектептегі алғашқы оқу жылының жаз маусымы. Ходака Моришима Токиода тұру үшін оқшауланған аралдағы үйінен қашып кетеді. Жігіт жұмыс, ақша табуда қиналады. Оған қоса күнде жаңбыр жауып жағдайды одан сайын күрделендіре түседі. Бірде Ходака Хина Аманомен танысады. Ол отбасылық жағдайларға байланысты інісімен бірге тұрады екен. Хинаның ерекше күші бар: ол тек дұға ету арқылы жаңбырды тоқтатып, аспанды бұлттан тазарта алады.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button