Мәдениет

Математиктер адамзат тарихындағы ең ықпалды 3 фильмді анықтады

Итальяндық математиктер IMDb дерекқоры арқылы адамзат тарихындағы ең ықпалды фильмдерді анықтаған. Олар: «Оз елінің сиқыршысы», «Жұлдыздар соғысы» және «Психо» екені белгілі болды.

«Біз киноның сапасына баға беру үшін кассалық сатылымдарды қолданбаймыз, өйткені оларға әсер ететін көптеген факторлар бар. Сонымен бірге, сыншылардың тым субъективті пікірлерін де қатыстырмаймыз. Біз басқа картиналарда қаншалықты жиі сілтеме жасалатындығына қарап, адамзатқа ықпал еткен фильмдерді саралайтын алгоритм құрдық», дейді Турин университетінің математигі Ливио Бьольо.

Алғашқы фильмдер XIX ғасырдың соңында ағайынды Люмьерлер мен кинематографияның басқа да ізашарларының туындыларының арқасында пайда болды да, кино өнері көзді ашып-жұмғанша адамзаттың мәдени өмірінің маңызды бөлігіне айналып үлгерді. Кинотанушылар мен қарапайым көрермендер жылдар бойы қай картиналар кинематографияны және тұтас өркениетті дамыту үшін ең маңызды рөл атқарғанын талқылап, таласып келеді.

Өнердің басқа да саласындағыдай бұл сұраққа әлі де жалпылама қабылданған жауап жоқ. Мәселен, көптеген киносыншылар 1941 жылы Орсон Уэллс режиссерлік еткен «Азамат Кейнді» кино тарихындағы ең маңызды фильм деп есептейді.

Математик Бьольо мен оның әріптестері субъективті факторларды жоюға тырысып, фильмдердің әсерін, танымалдығы мен сапасын бағалаудың өзіндік алгоритмін құрған. Негізінде бұл табиғаттағы кейбір эволюциялық процестердің қалай жұмыс істейтінін бағалауға арналған рейтингтерге ұқсас.

Бұл алгоритмнің негізгі өлшемі бір кинокартинаға басқа фильмдерде қаншалықты көбірек сілтеме берілетіндігімен байланысты. Яғни, режиссерлер, сценаристер немесе кейіпкерлер өз картиналарында белгілі бір фильм туралы көбірек айтқан сайын, бұл сілтемелер оң немесе теріс болғанына қарамастан, сол фильмнің ықпалдылығын арттыра түседі.

Математиктердің түсіндіруінше, бір фильмнің жиі еске алынатыны оның мәртебесін арттырады.

Математиктер ең ықпалды фильмдердің «ең объективті» тізімін жасау кезінде 47 мың фильм, 20 мың режиссер және 400 мың актер туралы толық ақпаратты қамтитын IMDb интернет-мәліметтер базасына сүйенген.

Рейтингтің көшін 1939 жылы Виктор Флеминг түсірген «Оз елінің сиқыршысы» бастап тұр.

Бұл кинематография тарихындағы алғашқы толық түсті фильмдердің бірі болды және осы уақытқа дейін коммерциялық тұрғыдан Фрэнк Баумның романының ең сәтті экрандалуы болып қала береді.

Одан кейінгі орындар Джордж Лукастың «Жұлдыздар соғысы», Альфред Хичкоктың «Психо», Мериан Купердің «Кинг-Конг», Стэнли Кубриктің «Ғарыштық Одиссея» және Джеймс Уэллдің «Франкенштейн» фильмдеріне бұйырды.

Сонымен қатар, ғалымдар режиссерлер мен актерлерге арналған рейтингтер жасады. Ең ықпалды суреткерлердің үштігіне Альфред Хичкок, Стивен Спилберг және Брайан де Пальма кіреді.

Актерлік шеберханаға келетін болсақ, Сэмюэль Джексон, Клинт Иствуд және Том Круз үздіктер қатарында, сондай-ақ Максвелл Лоис, Кэрри Фишер және Морин О’Салливан образдары кинематографияның дамуына әсер етті деп бағаланған.

Ғалымдар өздері жасаған алгоритм мен оның жұмысының нәтижелері батыс және кеңестік кинематографияда мамандандырылған кинотанушылар мен сыншылардың назарын аударады деп үміттенеді. Жақын уақытта математиктер IMDb-де іс жүзінде ене қоймаған Азия және басқа аймақтардың кинематографиясына осындай зерттеу жүргізбекші.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button