Мәдениет

Ол халықты музыкамен оятқысы келеді

Qadam.asia редакциясының кезекті сұқпаты «Сәлем, әлем» жобасының негізін қалаушы Нұрболсын Төлеуханмен болды. Назарларыңызға классикалық музыканы жанына серік еткен әртістен алған сұқпатты ұсынамыз.

Идея қалай келді? Жоба қалай басталды?

«Сәлем, әлем» – кәсіби музыканттар мен өнер иелерінен құралған, заманауи жаңа форматта концерт өткізетін ұжым. Жұбанов мектебінде джаз оркестрінің жетекшісі болдым. Сол кезден бастап балалармен дайындала бастадық. 2020 жылы карантин басталған кезде барлығы жан-жаққа тарап кетті. Оған дейін оркестрдің құрамында 18-20 оқушы болса, тарап кеткенде 5-6 оқушы ғана қалды. Солай дайындық қайтадан басталды. Балалар музыканы тереңірек үйренуге кірісті.

Қазір бүкіл әлемде өзгеріс болып жатыр. Жалпы ол – қаншама жылдан бері болып келе жатқан нәрсе. Оны әркім әртүрлі сезіп қабылдайды. Ал, менің ойымша, қазіргі сәтте Қазақстан болсын, күллі әлем болсын, сол бағытты жүргізіп, сол бағытқа бас бұрып жатыр. Ол не бағыт дейтін шығарсыз. Бұл бағыт – махаббаттың жолында жүру, адамгершіліктің болуы, адамдардың бір-бірін сыйлауы және Тәңірмен байланыста болу. Індет басталмай тұрғанда достарым «қазіргі жастардың ойы төмен вибрацияда (олар агрессивті ойлайды» дейтін. Өйткені олар төбелеске, біреудің затын тартып алуға дайын тұрады. Мұндай оқиғалар тек Қазақстанда емес, жалпы әлемде көп. Мен өзіме «Неге олай?» деп сұрақ қойдым. Адамдар неге біреуге жамандық жасағанды, біреудің қиналғанын қалап тұрады?. Жауап жоқ. Жауап табу мақсатында рухани байлық туралы түрлі әдебиет оқыдым, бейнебаян қарадым. Сол жерде «жүрегіңді тыңда», «жаныңды тыңда» деп жиі айтылады. Бұл бекер емес…

Әлем де, адам да қатігез

Иә, солай секілді. Мысалы, карантин кезінде карантиндік шараларды сақтамаған адамдарға не болды?! Полицейлер оларға агрессиясын шашты, қатігездік танытты. Міне, бізде солай. Біз ешбір жағдайға күліп жауап қатпаймыз. Нәтижесінде қарапайым халық карантинге қарсы митингтерге шығып, өз ойын дәлелдей бастады. Түрлі қозғалыстар пайда болды. Жалпы барлық адам дұрыс нәрсе айтып жатыр, ойлары дұрыс. Алайда ойларын басқа біреуге жеткізгендегі энергия басқа. Бәрі – агрессивті.

Білесіз бе? Адамдар көбіне «жоқ» нәрсе туралы айта береді. «Неге ол олай емес?», «біздің халықтың жағдайы неге ауқатты емес?» деген секілді. Негізінде әлем «айна» іспетті. Ішіңде қандай сезім, эмоция бар, тура сол нәрсе саған қайтып оралады.

Осылайша біз қазақ халқының ойына бірінші жамандықтың емес, жақсылықтың келуін жүзеге асыру жолына түстік. Сонда бізге «Сәлем, жаңа әлем» деген ой келді. Соны біз музыка арқылы, киім арқылы, қазақтың өнері мен тарихы арқылы жеткіземіз деп шештік. Мақсатымыз – халықтың ойын көтеру, сана-сезімін дамыту, жастардың болмысын түзеу, оларға үлгі болу, музыка арқылы дәстүрімізді дәріптеу.

«Бізге тарихты білу маңызды»

Бізге тарихымызды білу маңызды. Ата-бабаларымызды, тілімізді, елімізді, жерімізде құрметтеу керек. Ең бастысы – осы.

Біле білсеңіз, дін христиан, мұсылман, будда деп бөлінгенімен, олардың түбірі, көздегені – бір: ол – адамгершілік және махаббат.

Күлкілі естілетін шығар, алайда бүгінгі күні ақша біздің құдайымызға айналды. Ол біздің қажеттілігімізді өтеп әрі бізді басқарып отыр. Адамгершілік екінші орында. Адамға теледидар, ғаламтор деген қажет нәрсе емес. Бізге қажеті: қарынның тоқтығы, ұйқының тыныш болуы, отбасы мен жақындарыңның аман болуы емес пе?! Осылай пирамиданың ретімен қажеттіліктеріміз жалғаса береді.

Біздің бастапқы арманымыз – халықты сауаттандыру, жақсы жолға түсіру болды. Желтоқсанда концерт бердік. Содан кейін альбом жазып бастадық. Ол қаңтар айында жарыққа шықты. Халықтың арасына жарықты енді әкеліп жатқанда сыртқы күштер қысым жасай бастады. Жолымызды кесе берді дегендей. Концертте көрсеткен өнеріміз бағдарламамыздың 10%-ы ғана. Жасай алатын мүмкіндігіміз көп: хор, үлкен оркестр, нешетүрлі солистер, жарық…

Одан бөлек алдымызға қойған жоспар көп. Киімдерге «Бақыттымын осы сәтте», «Бақытты сәт – осы сәт» деген секілді адамдарды оятатын сөздерді жазып шығаруды ойлап жүрміз. Біз джаз музыка мен дәстүрлі музыканы араластырып жатырмыз. Бірақ болашақта тек қазақи музыканы орындаймыз деген ойымыз бар.

Негізінде «Сәлем, әлем» – белгілі бір бағыт, махаббат бағыты. Мұның ішіне музыка, кино, ертегі, анимация – бәрі-бәрі кіреді.

Адамның ең жаманы – қорқақ адам. Адам бір нәрседен қорықса, жанын сақтау үшін біреуді өлтірурге дейін барады. Біз сондай оқиғаларды алдын алғымыз келеді. Сондықтан жарық алып келе жатырмыз.

«Қорқыттың қобызы мен Құрманғазының домбырасын – Ұлы деп білемін»

Бір білетінім, поп музыканың рухани байлығы аз. Ол – бір күндік музыка. Ал классикалық музыка, біздің музыка – мәңгілік. Оларды жамандағаным емес, бұл жай ғана салыстыру. Біз сапалы музыкаға жұмыс жасаймыз. Бұл – шынайы өнер. Қазіргі сәтте өнерді біздің ойымыздағыдай бағаламайды. Алайда соған келе жатыр. Біздің музыка – интеллектуалды музыка. Мен музыканы жақсы, жаман деп бөлмеймін. Оның адамның сана-сезіміне қалай әсер ететіні ғана маңызды. Поп музыка бағытында да талантты, мәтіндегі сөздің мағынасына мән беретін жастар бар. Десе де Қорқыттың қобызы мен Құрманғазының домбырасын – Ұлы деп білемін.

«Сәлем, әлем» концерті көңілден шықты ма?

«Сәлем, әлем» – гүлдену, жаңару. Адам баласының оянуы, сана-сезімін көтеруі, рухани баюы керек. Болашақта фестиваль жасау жоспарымызда бар. Оған келген халық «біз кімбіз?», «тарихымыз қайдан шығып жатыр?» деген сұраққа жауап таба алады. Солай жасаймыз. Бұның бәрін жасау оңай емес, қиын жұмыс. Алайда ол біз үшін оңай. Өйткені біз өнерді, музыканы жақсы көреміз…

Жоспар көп… Кітап оқуды, ізденуді, домбыра ойнауды үйренуіміз қажет. Осының бәрін насихаттайтын орталық ашқымыз да келеді. Біз қорқу, жек көру, өкпе-реніш, өзін ғана ойлау секілді адамға қажетсіз сезімдерді жүректен шығаруға шақырамыз. Жүрегімізді жаман энергиядан тазартып, махаббатқа толтыру маңызды. Сол кезде бүкіл адамзатты жақсы көруге үйренеміз.

Ал концертте көп нәрсені жеткізе алмаған секілдіміз. Бұл – бастамасы ғана. Келесі жобалар бұдан да ауқымды болмақ. Біз билікке қарсы шықпаймыз, тек көзқарасты өзгерткіміз келеді. Адамдарға «былай істе, былай істе» деп бұйрық бермейміз. Жай ғана жол көрсетеміз. Адам таңдау жасайды. «Таспен атқанды, аспен ат» дегенге үйрену керек.

Есіңізде болса, концертті Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңімен аштық. Өйткені бұл – жалпы өзіміздің бағытымызды көрсету болды. Ақырындап шетелдік шығармаларға көштік. Ал болашақта үлкен концертте тек қазақ тіліндегі туындыларды орындаймыз деп жоғарыда да айтып өттім.

Бір қуантатыны, халыққа біздің өнер ұнады, олар жақсы қабылдады, бізбен мақтанып та жатыр. Командамыздағы жасы үлкен өнер иелері мен жастар арасында энергия алмасу болды.

Адам баласының езуінде күлкі, жүрегінде махаббат пен қуаныш көп болсын! Жарық қараңғылықпен күреспейді, ол қараңғылықты жабады. Жарыққа ұмтылайық! Оқырманға, халыққа позитив беру керек!

Сұқпаттасқан: Ақмарал БЕРЕКЕТ

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button