Орыс офицері мен тарихшыларының Кенесары жайлы айтқандары
Жауың мен дұшпандыңды бағалай білу – бұл нағыз ерлік. Жауыңның кім екенін білмесең, оны жеңуің де қиын. Сондықтан Кенесарымен соғысқа шыққан орыс офицерлері мен тарихшылары, жазушылары оны бір адамдай танып, кейде тұлғасы мен парасатына, батырлығына қызыққан.
«Қырғыздың Шәмілі», «Ұлы батыр», «Батыл қолбасшы», Қазақтың ұлттық қаһарманы», «Қырғыз даласының Митридаты», «Сотқар сұлтан», «Асқан батыр», «Ұлы даланың бораны» деп түрлі теңеулермен сөз айтып, сілекейін шұбырып таңқалған.
Орыстың танымал тарихшысы, Еуразия кеңістігін зерттеуші, этногенез теориясының авторы Лев Гумилев Кенесарыны Қазақстан тарихындағы ең жарқын тұлға деп атайды. Әрі орыс қолбасшылары Хан Кенені іштей қатты сыйлап, құрметтегенін айтады. «Кенесары – орыс патшасы мен қолбасшыларының қас дұшпаны бола тұра, олардың сүйсініп қараған тұлғасына да айналған жан» дейді ғалым.
Ендеше орыс қолбасшылары мен тарихшыларының Кенесары жайлы айтқандарын бір еске түсіріп көрелік.
Орынбор бекінісінің басшысы, орыс тарихшысы Н.Середа: Кенесары өз сарбаздарының парасатты билеушісі бола білді. Оларды қанаттандырған рухани жігер-қуатын көрсе, Еуропа әскери қолбасшыларының кез келгені қызғаныштан күйіп кетер еді. Оның рухы дем берген жауынгерлерге еуропалық әскер қолбасшыларының өзі қызығар еді. Жортуылда жолындағының бәрін жайпайтын дала дауылындай екпінді де тегеурінді Кенесары хан ешбір бөгет алдында кідірмейтін, қайта кездескен кедергі оның қайрат-жігерін жанып, шамырқандыра түсіп, көздеген мақсат жолындағы тосқауылдарды талқандар керемет күш бітіріп, одан сайын өршелендіріп жіберетін. Кенесарының бойындағы күллі осындай қасиеттерді көшпенділер биік бағалап, оның қаракет-қимылына қатысушылардың жүрегі басшысына деген шексіз сүйіспеншілікпен соғып, жанын пида етуге дейін барғызады
Ресейдің әскери тарих маманы И.А.Иванин: «Кенесары өзінің бітім-болмысында қажымайтын, талмайтын дала батырларының типіне жатады: ол тегі аса ірі дарынның адамы болса керек. Дала перзенттерінің бостандығын сақтап қалу Кенесарының ұраны болды. Кенесары өзінің ақтық демі біткенше Ресейдің қас жауы болса да мен оны «түздің соңғы батыры» деп атасам, өз Отанымның алдында күнә жасадым дей алмаймын.
Ағылшын жазушысы Томас Аткинсон: Кенесары Қасымұлы туралы былай деп жазды: «Кенесары қазақтардан ғажайып жауынгерлер даярлады. Найза мен айбалтаны тамаша игерген, шапшаңдығына көз ілеспейтін жігіттері өзінен күші басым жаудан қаймықпай соғысып, жеңіп шыға беретінін естігенім бар. Егер білікті офицерлері болса, қазақтар әлемдегі ең әйгілі атты әскер құрар еді. Оларға тарихта даңқы асқан Шыңғыс хан жиһангерлерінің керемет қасиеттерінің бәрі тән.
Орынбор шекара комиссиясының төрағасы, генерал М.Ладыженский: Оған олжа мен табысты, атыс-шабысты ғана көздеген жортуылшы мен қарақшы деп қарамау керек. Ол одан биік тұрған адам. Кең далада аяқ астынан бас көтеріп, патша үкіметі қысым көрсетсе болды, із-түссіз ғайып боп кететін адам емес. Ол ондай емес, мақсаты анық, қабілеті мықты, текті адам. Оған менсінбей қарауға болмайды.
Орыс ғалымы, өлкетанушы Н.Я.Коншин: Біз Кенесары Қасымұлының тұлғасына қарап, қазақ халқының тағдырына алаңдап, рулары мен ордасын біріктіргісі келген нағыз саяси қаһарманның бейнесін көреміз.
Кенесары Қасымұлы… барлық жағынан ұлы адам, жеке бас қамы мен рулық түсініктен толық ада, үзеңгілес достарынан парасатымен де, көрегендігімен де әлдеқайда жоғары тұратын жан.
Капитан Н.Фомаков: Парасат иесі, Абылайдың көкжал ұрпағы, хан… ұлы даланың жолбарыс қолбасшысына айналып, сібір отрядының кез келген шабуылын түкке тұрғысыз етіп тойтарған жан
Генштаб офицері В.Потто: Кенесарының күш-қайраты мен ұйымдастырушылық көрегендігіне қарап, тау халқының көшбасшысы болған, Ресейді тізе бүктірген имам Шәмілмен теңестіруге болады.
Зерттеуші М. Красовский: Егер Кенесары тірі қалғанда, ұлы даланың кейінгі тарихы не боларын ешкім айта алмас еді. Адуынды тұлға өлім құшып барып тыныш тапты. 1847 жылы… қара қырғыздардың қоршауында қалып қасық қаны қалғанша арпалысып, қансырап қаза тапты».
Тарихшы Л.Мейер: Кенесарының даналық қасиетіне мына бір нәрсені қоса кеткен жөн… ол қолға түскен орыс тұтқындарына мейіріммен қараған… Мұны дәлелдейтін дерек көп. Жалпы Хан Кененің адамды өзіне тартар керемет айбыны бар-тұғын… тіпті орыс босқындардың өзі оның қоластында соғысқан.
Орыс зерттеушісі А.Добросмылова: Кенесары сұлтан – өте сенімді адам, күш-қайраты мен от-жігерінде шек жоқ, өте тәуекелшіл, парасаты бөлек жан еді.
Саяхатшы Б.Герасимов: Мен сіздерге біздің сұлтанымыз (батырымыз) Кенесары туралы жырлап беремін. Оның о дүниелік болғанына көп уақыт өтсе де, қазақ халқының жүрегінде ол тірі және мәңгі өлмейді.