Отбасымен бірге көруге болатын үздік мультфильмдер
Мультфильмдерді балалар ғана көреді деген қате түсінік қалыптасқан. Мағынасы терең, өмірдің біз байқамайтын кейбір қырларын түсінуге көмектесетін, бүкіл отбасымен бірге отырып көрсе болатын үздік мультфильмдер тізімін ұсынамыз.
Жан / Soul
2020
Джо Гарднер есімді ән-күй сабағы мұғалімі туралы баяндалады. Ол сахнаға шығып джаз орындауды армандайтын. Бұл арманына қол жеткізер күн де келеді. Бірақ оқыс оқиғадан кейін оның жаны тәнінен бөлініп шығып, өзге де адамдардың жаны бас қосатын жерге тап болады. Бұл жерде оның жаны дамытылып, жаңадан туған сәбиге қонуы керек.
Коконың құпиясы / Coco
2017
Мексикалық ауылда етікшілер отбасында тұратын және әнші болуды іштей армандайтын 12 жасар Мигель туралы баяндалады. Баяғыда оның арғы атасы өз әйелін, яғни басты кейіпкердің арғы әжесін өз арманы үшін тастап кеткен, осының кесірінен Мигельдің отбасында өлең – жабық тақырып. Бірде Мигель өзі мен өзінің кумирі – марқұм болып кеткен әнші Ернесто де ла Крус арасында тылсым байланыс барын сезеді. Жеткіншек өзінің кумирін табу үшін Өлілер еліне аттанып, сол жақта өзінің ата-бабаларын кездестіреді.
Турбо / Turbo
2013
Турбо есімді ұлудың арманы – желден жүйрік болу. Бауыры оған ұлулар тез жүрмейді және бос арманға қиялданбай жерге түсуін сұрайды. Алайда құлақ аспай арманының жетегімен кетіп, ағасына кесірі тиіп, тіптен ұлулар шоғырынан қуылады. Жорғалау үшін туылған ұлу қалайша жылдам болады? Табиғат заңына қайшы келіп, бекер арман қуып жүрген жоқ па? Арманы үшін талмай күрессе егер оның жүрегінде «отты қозғалтқыш» жанып тұрса, ғажайыпқа сенсе, оның арманы орындала ма?
Батыл жүрек / Brave
2012
Шотланд тауларының тылсымға толы сілемдері туралы ғасырлар бойы неше түрлі аңыз-әңгімелер айтылып жүр. Садақ тарта білетін ханшайым Мерида өз тағдырымды өзім шешемін деп жүріп, шотланд тайпаларының арасында жанжал туғызуға себепші болады. Мерида жасаған қателіктің кесірі бүкіл патшалыққа төнеді. Қыз аңызда ғана айтылатын сиқыр мен дуаға, тауда өмір сүретін құбыжыққа жалғыз қарсы тұрады.
Қалыңдықтың мәйіті / Corpse Bride
2005
Оқиға 19 ғасырдағы еуропалық ауылда өтеді. Басты кейіпкер жас жігіт Викторды қараңғылық күштері жерасты әлеміне сүйреп апарып, жұмбақ Келіншектің мәйітіне үйлендіреді, ал оның шынайы қалыңдығы Виктория тірілер әлемінде өзінің күйеу жігітін күтеді. Виктор өлілер әлемде түрлі қызықтар болғанымен, өзінің жалғыз махаббатын ештеңеге айырбастамайтынын түсінеді.