Мәдениет

Рухия Байдүкенова жеңіске жетті: Әлемді бағындырған отандық әншілер туралы не білесіз?

Қазақстандық әнші Рухия Байдүкенова Витебскіде өткен «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің Бас жүлдесін иеленді. Байқаудың шешуші сәті – екінші кезең болды. Өйткені бұл кезеңде әншілер бас дирижер Виталий Кульбаковтың басшылығымен, Беларусь Президенттік оркестрінің сүйемелдеуімен славян хиттерін орындады. Дәл осы кезең вокалшылардың деңгейін көрсетіп, қазылар алқасына нақты шешім қабылдауға түрткі болды.

Отыздан астам елдің әншілері бақ сынаған халықаралық байқауда 22 жастағы талдықорғандық Рухия Байдүкенова жеңіске жетті. Оның диапазоны – бес октава.  Үздік орындаушыға бас жүлдені қазылар алқасының төрағасы Анатолий Ярмоленко табыстады.

Qadam.asia редакциясы бүгінге дейін Қазақстанның атын халықаралық байқауларда асқақтатқан әншілер туралы жазбақ.

Димаш Құдайбергенов

2015 жылы өткен «Славян базары» фестивалінде «Гран при» жүлдесін жеңіп алды. Ақтөбелік әнші байқаудың бірінші күнінде «Опять метель» әнін шырқап, қазылар тарапынан 89 ұпай иеленді. Ал екінші күні «Sos dun terrien» әнін орындап, 86 ұпай алды. Қорытынды бойынша 175 ұпай жинаған қазақстандық әнші конкурс жеңімпазы атанып, бес мың доллар сыйақы мен «Алтын лира» статуэткасына ие болды.

Луиза Нұрқуатова

17 елден 20 бүлдіршін қатысқан «Витебск-2015»  вокалшылар байқауында Луиза Нұрқуатова «Гран приге» ие болды. Әншілер додасы XXIV «Славян базары-2015» халықаралық байқауы шеңберінде өткізілді. Байқаудың бірінші күнінде Луиза қазақ тілінде ән шырқап, екінші күні «Хорошее настроение» әнін орындады. Ресейдің Халық әртісі Дмитрий Маликов Гран-при жүлдесін жеңіп алған жас әншіге «Лира» конкурс жүлдесі мен дипломды, 5 мың АҚШ доллары көлеміндегі сыйақыны табыстады.

Данэлия Тулешова

10 жастағы алматылық әнші Данэлия Тулешова 2017 жылы Украинада өткен «Голос. Дiти» шоуында жеңіске жетті. Байқаудың финалында «Не твоя війна» әнін орындап, жеңіске лайық екенін көрсетті. Ол көрермендердің дауыс беруінің нәтижесінде аталмыш байқаудың төртінші маусымының жеңімпазы атанды. Сайыстың алғашқы күнінде «Stone Cold» әнін шырқап, қазыларды өзіне қаратқан жас әнші финал мен суперфиналда 5 ән орындады.

Ержан Максим

«Голос.Дети» ресейлік шоуының бас жүлдесін қазақстандық жас өнерпаз Ержан Максим қанжығасына байлады. Байқаудың арнайы шығарылымында қатысушылар жеке өздері және тәлімгердің командасымен бірге ән айтты. Жобаның жеңімпаздары Ержан Максим, Нино Чеснер, Валерий Кузаков, Рената Таирова, Роберт Багратян, Анастасия Сисаури, Михаил Григорян, Мариам Абделькадер және Микелла Абрамова болғанымен, бірінші жеңімпаз сыйлығы қазақстандық Ержан Максимге табысталған болатын.

Қарақат Башанова

Жас әнші Қарақат Башанова Junior Eurovision — 2020 халықаралық ән байқауында 2 орын алды. Көрермендер мен қазылар алқасының дауыс беру қорытындысы бойынша ол 152 ұпай жинады. Қарақат гранд-финалда 5 жыл бұрын өмірден өткен әкесіне арнаған «Forever» әнін шырқады. Финалға 12 орындаушы қатысты.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button