Мәдениет

Сатыбалды Нарымбетов түсірген үздік фильмдер

Qadam.asia редакциясы Сатыбалды Нарымбетов түсірген фильмдер топтамасын назарларыңызға ұсынады.

«Созақтан шыққан Гамлет»

Бұл – 1990 жылы жарық көрген туынды. Фильмде басты кейіпкердің жеке проблемасы сөз болады. Фильм туралы режиссердің өзі былай дейді:

– «Созақтан шыққан Гамлет» фильмін біреулер «сәтсіз» десе деген шығар… Ол – сол кісінің жеке проблемасы. Осы былтыр Мәскеуден сол фильм және «Омпа» фильмдерінің дискілерін сатып алып қайттым… «Созақтан шыққан Гамлет» – «шестидесятник» ағаларымыздың драмасы… Ол кісілерде ерік болған жоқ, таңдау болған жоқ. Тамырсыз, «қаңбақұрпақ» дер едім. «Мой адрес – Советский Союз» деген әнді ұран етіп, партия мен комсомол қайда бар десе балағын түріп ап, көзсіз, ойсыз шапқылап кететін драма­сын ирония араластырып көрсетуге тырысқан драма болатын.

«Көзімнің қарасы»

«Көзімнің қарасы» режиссердің «Ассалаумағалейкум, Атлантида» деген хикаясының желісі бойынша Ащысай кенді кентінде түсірілді. Әке-шешесінің өмірінен алынған бес-алты эпизод – сол фильмнің негізі болған. Фильм 1994 жылы Ресейдің «Киношок» ХКФ-ның, Францияның «Премьер-Планс» ХКФ-ның, 1996 жылы Француз киноакадемиясының беделді Жорж Садуль сыйлығын иеленді. Бір фильмімен Нарымбетов француз киноэлитасының «Жан Вига» клубына қабылданды. Француз сыншылары режиссердің бұл туындысын Феллинидің «Амаркордына» теңеді. Аталмыш фильм отандық киноның «Алтын қорына» қосылды. «Көзімнің қарасы» үшін режиссерге ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді.

«Мұстафа Шоқай»

Фильмнің режиссері ­ Сатыбалды Нарымбетов, ал Әкім Тарази мен Ермек Тұрсынов сценарийге жауап берді. Аталмыш туынды 2008 жылы көрерменге жол тартты. Фильмде көрсетілген Шоқай мінезі біраз көрермен санасына ой салған. Бұл туралы режиссердің өзі былай дейді:

–­ Мен шамамның жеткенiнше атамыз жайлы әдебиеттермен таныстым. Естелiктердi түгелдей оқыдым. Оның iшiнде Мария апамыздың естелiгiн де. Киноны бастардың алдында Мұстафаның туған өлкесiне тағы бiр рет барып қайттым. Шоқай туралы фильмдi де Мұстафадай болыңдар деген ұран тастап, ақыл айту үшiн түсiрiп жатқан жоқпын. Неге, не үшiн құрбан болды ұлы тұлға? Не үшiн өзiн құрбандыққа шалды ол? Бiз үшiн бе? Кiм үшiн? Осы көп «неге» менiң жан-жағымда құмырсқаша қаптап жүр. Осы сұрақ менiң көрермендерiме де жұқса…

«Аманат»

«Аманат» ­ 2016 жылы жарық көрген фильм-трагедия. Туындыда тарихшы Ермұхан Бекмаханов туралы айтылады. «Аманат» фильмі «өзге тілдегі үздік фильм» номинациясы бойынша «Оскар» жүлдесіне ұсынылады. Актер Берік Айтжанов басты кейіпкер Ермұхан Бекмахановтың рөлін сомдайды.

«Жас аккордеоншының өмірбаяны»

Бұл ­ 1994 жылы көрерменге ұсынылған туынды. Анапа қаласында өткен 3-Бүкілресейлік «Кино-Шок» кинофестивалінің жүлдесін, Халықаралық кинофестивалі жюриінің дипломын, 1996 жылы Француз кино өнері академиясының сыйлығын иеленді.

Бұлардан бөлек режиссердің «Құрманғазы» атты деректі фильмі (1972 жылы), «Зауал» (1981 жылы), «Күзгі бұралаң жол» (1984 жылы) қысқа метражды фильмі, «Ұрын келген күйеу» (1987 жылы), қилы тағдыр жолы суреттелетін көріністерге бай «Ұлтуған» фильмі, «Омпа» (1998 жылы) фильмдері көрермен ықыласына бөленді.

Айта кетейік, атақты режиссер әрі актер Нарымбетов 75 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Бұл ақпаратты мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі растаған болатын. Сатыбалды Нарымбетовтің отбасына қайғыра көңіл айтамыз!

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button