Солтүстік Корея киноиндустриясы жайлы сіз білмеген 10 дерек
Солтүстік Корея халқы кино көргенді ұнатады. Тіпті көргілері келмесе де, көруге мәжбүр болатын кездері де бар. Ал әйгілі көшбасшы Ким Чен Ирдің киноға деген махаббатын айтып жеткізу мүмкін емес.
- ОҢТҮСТІК КОРЕЯ РЕЖИССЕРІН ҰРЛАП ӘКЕЛГЕН
Ким Чен Ир киноның үлкен жанкүйері болған және 1970-1980 жылдары киностудиялардың қаржылануын қамтамасыз етіп отырған. Алайда, ол отандастары түсірген фильмдердің сапасына көңілі толмаған деседі.
Сондықтан, 1978 жылы оңтүстіккореялық режиссер Син Сан Окты ұрлап әкелуге бұйрық беріп, оны өз режиміне сәйкес жұмыс істеуге мәжбүр еткен. Тіпті режиссердің әйелі актриса Чхве Ын Хиді де ұрлатқан.
Синнің режиссерлік шеберлігінің арқасында елде қызықты әрі сапалы фильмдер түсіріле бастайды.
«Тіпті Солтүстік Кореяның үгіт-насихатқа толы ескі формуласымен де Син жақсы фильмдер жасай алды», – деп жазады «Солтүстік Корея кинематографы: тарих» кітабының авторы Йоханнес Шонгерр: «Ол мемлекеттегі барлық кинофильмдердің сапасын өзгертті. Солтүстік Кореяның басқа фильмдері соның әсерінен жақсарды».
Син түсірген танымал фильмдер: «Қашқын» – поездың жарылуы жайындағы боевик, «Пульгасари» – жапондық «Годзилла» типтес құбыжық жайлы фильм.
1986 жылы Венаға іссапармен бара жатқанда, Син мен Чхве қашып кетеді. Бұл кезде «Пульгасари» фильмі енді жарыққа шыққалы жатқан. Ким Чен Ир Синді режиссер ретінде мойындағысы келмей, титрға екінші режиссердің есімін жаздырады.
Син кинодағы қызметін АҚШ пен Оңтүстік Кореяда 2006 жылы қайтыс болғанға дейін жалғастырған.
2. ЕҢ НАШАР АКТЕР – АМЕРИКАЛЫҚ АКТЕР
Солтүстік Корея актерлерінің көпшілігі Пхеньян кино және драма өнері университетінде білім алады. Бірақ насихат үшін антагонистің рөліне шетелдік, әсіресе америкалық кейіпкерлерді жасайтын болған. «Егер фильмге түсу үшін шетелдіктер қажет болса, олар сол елде тұратын шетелдіктерді шақырады. Олар шетелдік студенттер, оқытушылар немесе спорт жаттықтырушылары болуы мүмкін. Әдетте олар киноға түсуден бас тартпайды», – деп жазады Шонгерр. Алайда олар фильмнің сценарийіне ешқандай да әсер ете алмайды және «көп жағдайда қорқынышты кейіпкер болуға тура келеді».
Ең танымал америкалық актерлердің қатарында Чарльз Дженкинс, Ларри Эбшир, Джерри Пэриш және Джеймс Дреснок болды. Олардың барлығы 1960 жылдары Солтүстік Кореяға қашып барғандар, барлығы «Атаусыз батырлар» (1978) атты үгіт-насихатқа толы сериалда «нашар капиталист» рөлінде ойнады. Кейінірек Чарльз Дженкинс фильмдерде ойнауға мәжбүрлегенін және Солтүстік Кореяға көшу өміріндегі «ең ақымақ іс» екенін айтқан болатын. Ал Джеймс Дреснок әлі күнге дейін Солтүстік Кореяда тұрады және ол халық арасында өте танымал деген қауесет бар.
3. КИНО КӨРГЕН СОҢ, КОМИССАРҒА МАЗМҰНЫН АЙТАСЫҢ
Халық киноны өте жақсы көреді екен. Өйткені, олар кешкі уақытта басқа форматта көңіл көтеруге таңдау жасай алмайды. Солтүстік Кореядан қашып кеткендер «Кино көру – халықтың ең сүйікті ісі еді. 1980-1990 жылдары киноға жаппай баратынбыз. Өйткені, ол жерде, ең болмаса, достарымызды, таныстарымызды көріп, әңгіме–дүкен құра алатынбыз», – деседі.
«Бірақ кинотеатрлардан басқа, Солтүстік Корея фильмдері зауыттарда, колхоздарда және әскери бөлімдерде де көрсетіледі», – дейді Кембридж университетінің лекторы, доктор Марк Моррис. «Киноға бару – өз қалауыңмен ғана бола бермейді. Кино кестесін іліп қояды, сол бойынша барлық фильмді басқалармен бірге отырып көруге мәжбүрсің. Сеанста комиссар да отырады, ол кино біте салысымен көрерменнен не түсінгендерін сұрайды. Сондықтан, көрермен фильмнің саяси мазмұнына өте мұқият болады», – деп түсіндіреді доктор.
4. НЕГІЗГІ ИДЕЯ – ҰЛЫ КӨШБАСШЫЛАРДЫ ДӘРІПТЕУ
Солтүстік Корея киносында әртүрлі жанрлар бар, бірақ олардың барлығының негізгі идеясы – бір. «Фильмдердің барлығы Ким Ир Сенді, Ким Чен Ирді немесе партияны әспеттейді», – дейді киносыншы, Солтүстік Корея киносы туралы блогтың авторы Саймон Фаулер. «Егер фильм Кимдерге дейінгі уақытты бейнелейтін болса, онда ол өткен өмір мен кейінгі жақсы өмірдің (Ким патшалығындағы. – QA.) арасындағы контрастты көрсетеді», – дейді Фаулер.
Мысалы, «Гүл қызы» фильмінде Жапонияның Солтүстік Кореяны басып алған кездері көрсетілген. Кейіпкерлері оккупациялық билікпен ынтымақтастықта болған қожайындардың езгісінен зардап шегеді. Сонда Ким Ир Сеннің әскері келіп, қожайындардың көзін жойып, Солтүстік Кореяның болашағын «құтқарады».
Атыс-шабыс кинолардың барлығында ең жаман кейіпкерлер – америкалықтар мен жапондықтар. Сеулмен қарым-қатынастың шиеленісуіне қарамастан, бауырлас елдің азаматтарын қасқөй ретінде көрсетпейді. «Егер Оңтүстіктің адамын кейіпкер қылса, ол міндетті түрде жақсы жаққа қарай көзқарасын өзгертеді», – дейді Шонгерр.
5. КӨЛІК ДӨҢГЕЛЕГІНІҢ ІЗІН СҮЮ
Көптеген фильмдер Ким Ир Сен мен Ким Чен Ирді мадақтағанымен, оларды тікелей көрсету өте сирек кездеседі. Әдетте, олар фильмдерде жанама түрде ғана қатысады. Мәселен, соғыс туралы фильмде кейіпкер телефон арқылы Ким Ир Сеннен өте бағалы әскери кеңес алады. Телефон шырылдағанда бәрі орындарынан атып тұрып, жанталасып киімдерін жөнге келтіре бастайды. Ал генерал телефонға бейне бір жаны бар заттай аса қастерлі түрде қолын созады.
«Марафоншы қыз» фильмінде бас кейіпкер Ким Чен Ирдің автоколоннасын көру үшін таулардың арасымен жүгіріп жетеді. Бірақ үлгермейді. Тек көлік жүріп өткен жерден дөңгелектің ізін сипалап қуанғаннан жылайды. Не дегенмен, оның көлігінің ізі ғой!
6. ЖАЛПЫ САХНАДА – ӘСКЕРИ КҮШ
Солтүстік Кореяның көршілерімен ауыр қарым-қатынасы кинонасихатта үлкен рөл ойнайды. «Жапон оккупациясы – Солтүстік Корея киносының айнымас тақырыбы», – дейді доктор Моррис. Солтүстік Корея армиясында соғыс фильмдерін түсіретін арнайы орталық бар. Армия жалпы сахнаға түсетін әскерлермен және керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді.
Линн Лидің «Солтүстік Кореяның үлкен кинотеатры» атты деректі фильмінде режиссер Пио Хан жылайтын сахнаны дұрыс ойнамағандары үшін жас әскерлерге ұрысып жатады. Соңында режиссерге көз тамызғыларын қолдануға тура келеді.
7. КИНОДАҒЫ «ФЕМИНИЗМ»
Солтүстік Кореяны әрқашан ер адамдар басқарғанына қарамастан, кинонасихатта көбіне күшті әйелдер бейнеленген: спортшы әйелдер, әскери әйелдер, тыңшы әйелдер де, тіпті жол қозғалысын бақылаушы әйелдер де бар. «Қолбасшылары үшін өздерін құрбан ететін мықты, еңбекқор әйелдерді көп насихаттайды», – дейді Шонгерр бұл туралы.
Доктор Моррис мұны Пхеньянның үгіт-насихат тактикасына сәйкес келеді деп санайды: «Солтүстік Кореядағы басты кейіпкерлер – Ким отбасының еркектері, оларға бәсекелес қажет емес. Сондықтан мықты еркектің образын көрсеткілері келмейді».
8. БЕКХЭМ СИЯҚТЫ ФУТБОЛ ОЙНАҒЫЛАРЫ КЕЛЕ МЕ?
БАҚ пен интернет қатаң бақылауға алынғанымен, анда-санда шетелдік фильмдер прокатқа шығып тұрады. Мұндай фильмдер екі жылда бір өтетін Пхеньян халықаралық кинофестивалінде көрсетіледі. Британдық фильмдердің ішінде «Мистер Бин» және «Элизабет: Алтын ғасыр» фильмдері көрсетілді. Ал америкалық кинодан, білуімізше, тек «Эвитаны» ғана көрсеткен.
Бұл фестивальден тыс уақытта шетелдік фильмдер өте сирек көрсетіледі. Алайда, «Бекхэм сияқты ойна» футбол тақырыбындағы комедиясы Ұлыбритания елшілігінің Пхеньянмен қарым-қатынасты жұмсарту әрекеті аясында Солтүстік Корея теледидарында (2010 жылы) көрсетілген алғашқы батыстық фильм болды.
Бұл фильм солтүстіккореялықтардың футболға деген қызығушылығына байланысты таңдалған, ал сол кездегі Пхеньяндағы Ұлыбританияның елшісі Питер Хьюз фильмнің жылы ықыласпен қабылданғанын айтты.
9. ВЕЛОСИПЕДКЕ ТИЫМ САЛЫНАДЫ
Солтүстік Кореяға барған кейбір кинематографтар ол жақта цензура қалай жұмыс істейтінін айтқан.
Линн Ли мен Джеймс Леонг Солтүстік Кореяның киноиндустриясы жайлы деректі фильм түсіруге рұқсат алғанда, қатаң талаптарды сақтауға міндетті болған. Сондай талаптардың бірі – түсірген кадрларды күн сайын кешке цензураға жіберу.
Цензорлар тарапынан біртүрлі тиымдар да болған екен. «Оларға кадрдағы велосипед тепкен, жағасы ағытылған жейде киген адамдар ұнамады», – дейді Линн Ли. Кабельдер мен электр бағаналары көрінетін көріністерді де фильмнен алып тастауға бұйрық берілген. «Менің ойымша, олар қала мен оның тұрғындары ұқыпты болып көрінгенін қалаған шығар», – дейді режиссер.
10. КИМ ӘУЛЕТІН КАДРЛАҒАНДА ӨТЕ МҰҚИЯТ БОЛУ КЕРЕК
Линн Ли үшін Кимдердің суреттерін кадрға түсіру проблема болған. Цензорларға көшбасшылардың портреттері жартылай кесілген кадрлар ұнамаған. Егер портреттің немесе мүсіннің бір бөлігі экраннан тыс қалса, ондай кадрларды алып тастау керек болған. Портреттер не толығымен кадрға ену керек немесе мүлдем көрсетілмеу керек екен.
«Портреттері көп болғандықтан, кейде бір кадрды түсіргенде, артында картинаның бір бөлшегі түсіп қалғанын байқамайтынбыз. Бұл үлкен проблема болды», – дейді Линн Ли. Режиссерге музейдегі сахнаны түгелдей қайта түсіруге тура келген.