Мәдениет

Мурал салу сурет салудан да қиын – Сұлтан Аманжол

Талантым бар екен деп, мақтанып, еңбек етпесең, ол әурешілік болады

Сурет өнері қазаққа жат емес. Ықылым заманнан бастап бүгінге дейін қанымызда бар өнер десек те қателеспейміз. Бүгінгі жас дарынды суретшілер – солардың жолын жалғаушы. Соның бірі – Сұлтан Аманжол.

Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету – бір міндетіміз. Мәдениетке, әдебиетке, қоғамға еңбегі сіңіп жүрген елімізде қаншама жас дарын бар. Сұлтан сол жетістік жолында сурет өнерін өрге сүйреп келе жатқан талантты жас.

Сұлтан Аманжол Айдосұлы 1993 жылы 1 ақпанда Алматы облысы Райымбек ауданында дүниеге келген. Кішкентайынан сурет салуға құмартып, осы өнерге аңсары ауған. Отбасында да сурет салатын туыстары бар.

— Сурет өнері отбасымыздан алыс емес. Әкемнің «Алмас деген» суретші інісі бар. Анам нағашылар жағыңда суретшілер барын айтады. Ал апам өзінің інілері де сурет салғанын айтқанын білемін. Кейде әркім өз жағына тартып, таласып та қалатын, — дейді Сұлтан күліп.

Сұлтан 2019 жылы Кипрде жеке көрмесін өткізіп, суретшілерге берілетін Доғдұрбек Нұрғазиев атындағы “Аласиа” сыйлығымен марапатталған. Халықаралық көрмені ұйымдастырушы атақты кәсіпкер Суат Гюнсель өнеріне бас иіп, 2 жарым ай тағы сонда қалып сурет салу жайлы ұсыныс айтқан.

— Кипр астанасы Никосияға келісімшартпен 15 күнге бардым. 2 аптада 8 сурет салып беруім керек болды. Суат мырза жеке қабылдап: “сіз жұмыс істеңіз, басқаға алаңдамаңыз” деп жағдай жасап берді.

Кипрге барып жаңа көзқарас әлде орта әсер етті ме жаңа қырым ашылды. Суреттерім өзім ойлағаннан да жақсы шықты. Ал Суат мырза болса тағы 2 жарым айға қалу жайлы ұсыныс жасады. Осы уақыт аралығында 40 сурет салдым. Оның ең кішкентайы 160х120 болды. Басқалардың идеясы 15 күннен кейін таусылып қалып жатты. Ал мен шабытпен жұмыс істедім. Тек суретті ойладым. Өзіме көптеген жаңалықтар аштым, — дейді суретші.

Бүгінде қала көшелерінен қабырғадағы ашық та қанық түстермен әрленген көз жауын алар суреттер мен жазуларды жиі кездестіреміз. Біреу оған көңіл қойып қараса, енді біреулер мән бермей өте шығады. Ол муралдар да – қаланың бір көркі. Сұлтан да бұл жолда еңбектеніп келеді. Бұл да – өнер. Бүгінде Ақтөбе қаласында бірнеше мурал салуда.

— Мурал салу оңай емес. Кейде сурет салғаннан қиын. Себебі күн райы, техника бәрі, бәрі әсер етеді. Одан кейін қателікке де жол жоқ. Бірер жыл сурет салып жүріп, бірден мурал салып кете алмайсың. Оған дайындық пен зор тәжірибе керек, — дейді.

Сұлтан бүгінде кәсіби суретші ретінде қалыптасып үлгерді деуге негіз бар. Оған аға-буын өкілдері мен ұстаздары да оң бағасын беріп келеді. Қазақстан және Кипр суретшілер одағының мүшесі Оразбек Есенбаев Сұлтанның сурет өнерін жоғары бағалайды.

— Сұлтан Аманжолдың суреттерін көргенде бір шабыт аласың. Өзің де тұрған бойда сурет салғың келіп кетеді. Тынысың ашылып, бір сергіп қаласың. Туындылары республикалық және халықаралық деңгейде бағаланып жүр. Әлі де толассыз еңбек пен бойындағы таланттың арқасында талай биікті бағындырарына сенемін, — дейді сурет өнеріндегі ұстазы.

Сұлтан Аманжол да көп дүние еңбекпен келетінін жақсы түсінеді. Оны өз сөзінен де аңғардық.

—  Талантым бар екен деп, мақтанып, еңбек етпесең, ол әурешілік болады. Сондықтан еңбек етпесең, сурет өнерінің қыр-сырын меңгере алмайсың. Талай суретшілер бар оқымаған, іргетасы қаланбаған. Олар ауыл-аймақта, аудандық көлемінде қалып қояды. Әлемдік деңгейге шығу үшін, өзіңнің бар екеніңді дәлелдеу үшін, туындыларыңды басқа суретшілерге мойындату үшін оқу керек, табиғат аясына шығып этюдтар салу керек. Табиғат аясына шыққан сайын айналадан түрлі-түсті “бояу” жұқтырып, шеберлігің шыңдала түседі. Ғалымдар білімді көп оқу арқылы жинаса, суретшілер шеберлікті этюдтер арқылы, түс арқылы жинайды.  Осылай табиғат аясына шығуың бар, шығармашылығыңды шыңдауың бар, өзіңнің аз-маз талантың бар осылар қосыла келе бір жақсы дүниелер тудыруыңа септігін тигізеді, — дейді.

Талант пен толайым еңбекті қатар алып жүрген жас суретшінің шығармашылығына табыс тілейміз. Жетістік шыңдарын бағындыра беруіне тілектеспіз.

Ұқсас мақалалар

Back to top button