Тұрсынбек Башар: «Еуропадағы қазақ диаспорасынан халқының тағдырын айтатын қаламгер шықпайды»
«Қазақта эмигранттық әдебиет бар ма?» тақырыбындағы сұқбаттар сериясы аясында белгілі ақын Тұрсынбек Башармен әңгімелескен едік.
– Бізде эмигранттық әдебиет бар ма? Бар болса оның тарихын қай
кезеңнен бастаған дұрыс?
– Бізде эмигранттық әдебиет ХХ ғасырдың 20-40 жылдарында немесе Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін басталуы керек еді. Бірақ КСРО-ның темір құрсауы ешкімді шетке жібермеді. Қазақтың «үш бәйтерегі», «бес арысы» және өзге де қаламгерлер алдын ала шетелге кетіп қалғанда, бәлкім біздің әдебиет басқа жолмен жүрер ме еді, кім білсін. Әлі күнге дейін қолымыз жетпеген «Нобель» сынды сыйлықтарды қазақ қаламгерлері ертерек алуы да мүмкін еді.
Сондықтан бізде эмигранттық әдебиет бар деп ойламаймын.
Ал қазір шет елде жүрген Мұхтар Мағауинді эмигранттық әдебиет өкілі деп айтпас едім.
– Болашақта эмигранттық әдебиет қалыптасып, өркен жаюы мүмкін бе? Жалпы, эмигранттық әдебиеттің мәдени құбылыс ретінде өркен жаюы тиімді ме?
– Эмигранттық әдебиет немесе эмиграция әдебиеті дегеннің астарында қуғындалу (изгнание) жатыр. Эмигранттық алғашқы қаламгерлер Гиппонакт пен Овидий деседі. Данте де саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Діни соғыстар дәуіріндегі сеніміне байланысты ортағасырлық Ұлыбритания, Испания, Португалия ақындары және Франциядағы протестанттық ақындар (гугеноттар, кальвинистер) қудаланып, эмигранттарға айналды. Ұлы Француз төңкерісіне байланысты ақын Шатобриан жер аударылуға мәжбүр болды. Демек, эмигранттық әдебиеттің тарихы әріде жатыр. Бұдан кейін де бола береді. Ақын қашан да жөйіттей қудаланады.
Үлкен халықтың эмигранттық әдебиеті де үлкен болады. Эмигранттық әдебиеттің мәдени құбылыс ретінде өркен жаюы тиімді дер едім. Мысалы, Бунинді есіңізге алыңыз. Ол Ресейде жүргенде соншама танымал жазушы болар ма еді? Меніңше, жоқ. «Белая эмиграция» кезінде Францияға кеткен жазушы орыстардың арасынан тұңғыш «Нобель» сыйлығын алды. Иә, орыс әдебиеті Бунинге дейін де танымал еді. Бірақ оның «Нобель» алуы әлем руханиятында орыс әдебиетінің орнын мығымдай түсті. Демек, өз ұлтыңнан эмигрант қаламгер шығып, шетелде абыройлы сыйлық алып жатса ол (мейлі, саяси ойын болсын) өз әдебиетіңе жасалған жарнама болады.
Тағы бір мысал, өзбектерде Мұхаммед Салық атты эмигрант қаламгер бар. Сол ақын Польшаға барғанда қамауға алынған. Кейін Өзбекстан Үкіметі беріңдер дегенде әлем әдебиеті өкілдері мен «авторитет» саясаткерлер араға түсіп алып қалған. Өзбекстан тарапы бұған жауап ретінде Польшамен арадағы жүзеге асайын деп тұрған 50 миллион долларлық келісімшарттан бас тартады. Сонда Польша премьер минстрі: «Мұхаммед Салықтай диссидент ақынды 50 миллион долларға айырбастамаймын» деген екен. Осы сөздің өзі өзбек әдебиетнің абыройын шетелде бір көтеріп тастаған жоқ па?!
Қазақ елі қай жағынан алып қарасаң да жас мемлекет. Мүмкін, болашақта эмигранттық әдебиет өкілдері шығып қалар.
– Көршілес Қытай, Моңғолия, Өзбекстан секілді елдердегі қазақтар
арасынан қаламгерлер көптеп шығады. Ал, алыс шетелдердегі,
Еуропадағы қазақ диаспорасынан неге ақын-жазушылар шықпайды?
– Көршілес Қытай, Моңғолия, Өзбекстан жеріндегі қазақ қаламгерлері эмигранттық әдебиет өкілдері емес. Себебі, олар өздерінің байырғы жерінде отыр. Сондықтан, олардың арасынан ақын-жазушылардың көптеп шығуы табиғи құбылыс. Ал, Еуропада жүрген қазақ диаспорасы өзінің тамырынан ажырады. Қала берді, Еуропада қаламгер болу «модадан» қалды. Ол жақтағы қазақтардың арасынан ғалымдар шығуы мүмкін.
Меніңше, Еуропадағы қазақтар еуропаланып кетті. Олар «Атажұртым», «Отаным» деп қайғырмайды. Мына ақпарат ағымына түсіп, қарбалас тіршілікке сіңіп кетті. Тіпті қазақша сөйлейтіні де сирек болса керек (қателесуім де мүмкін). Олардың арасынан ақын-жазушылар шықса да, қаламынан қазақы бояу тамбайды, шығармалары Еуропа өміріне арналған, кейіпкерлері ұлттық емес, адамзаттық идеяны көтеретін болады.
– Шетелдегі қазақ диаспорасының тәлкекті тағдырын, Тәуелсіздік
жылдарында өзге елдерге қоныс аударып жатқан жастардың өмірін
арқау еткен шығармаларды кім жазады немесе кім жаза алады?
– Қазір шетелде тұрып жатқан қазақ қаламгері бар ма? Болса жазар еді.
Бәлкім қоныс аударған жастар не солардың ұрпақтары болашақта жазып
қалар.
– Өзіңізді болашақта эмигрант қаламгер ретінде елестетесіз бе?
– Алдын ала кесіп-пішіп айту қиын. Дегенмен өзімді эмигрант қаламгер
ретінде елестете алмаймын. Менде Қазақстаннан басқа Отан жоқ. «Сен
жанбасаң лапылдап, мен жанбасам лапылдап, біз жанбасақ лапылдап, аспан
қалай ашылмақ». Бәріміз шетелге қоныс аудара берсек елде кім қалады?!