Телефонды алғанда неге «алло» дейміз?
Қазіргі күні ешқайсымыз телефонсыз жүре алмаймыз және онымен кез келген тақырыпта әңгіме айтып, мәселемізді шешеміз. Телефонмен сөйлесерде ең бірінші айтатын сөзіміз – «Алло». Бұл қайдан болды? Неге телефондағы әңгіме «аллодан» басталады? Тарихқа көз жүгіртіп көрейік.
Телефон байланысы біздің өмірімізге енді ғана еніп жатқан кезеңдерде жаңа өнімді қолданған әрбір адам нақты ережелерді сақтауы керек болатын. Ұзақ уақыт бойы телефон іскер, бай адамдардың жұмыста пайдаланатын құралы ретінде ғана қолданылды. Сондықтан телефонмен сөйлесім жасаған әрбір сәт ғылыми жаңалық ашылғандай маңызды оқиға боп есептелетін.
Алғаш рет телефонды ойлап тапқан өнертапқыш Александр Белл боп саналғанмен, оны жетілдіріп, танымал етуге үлкен үлес қосқан Томас Эдисон еді. Жарты әлем қолданатын телефондағы ең алғашқы сөзді де осы Томас Эдисон бекітіп кеткен.
1877 жылдың тамыз айында Томас Эдисон ірі телеграф компаниясының президентімен хат жазысады. Хатта қозғалған басты әңгімелердің бірі – аудио сигналдарды жіберуге және қабылдауға арналған құрылғы көмегімен келіссөздерді реттеу болатын. Алғашында Эдисон телефонда әңгіме бастау үшін «hullo» сөзін ұсынды. Ал телефонды ойлап тапқан Александр Белл «ahoy» сөзін қолдануды қалаған. «Аhoy» – екі кеменің адамдары теңізде кездескенде амандасатан ағылшын сөзі. Өздеріңіз байқағандарыңыздай, жұртқа Эдисон ұсынған нұсқа көбірек өтімді болған секілді. Біз өз тілімізге ыңғайлап «алло» деп кеттік. Бұл сөз бізге Америкадан емес, Еуропа елдерінен жеткен. Жергілікті диалектке байланысты бірден екі нұсқа кең тарады: бастапқысы – «алло» және сәл өзгертілген түрі – «аллё».