Мәдениет

Телевизия VS Жаңа медиа: Тележүргізуші жауап берсін

Телеарнадан жаңалық көретін боларсыз. Сол жаңалықтар жүргізушісін – журналистикада «диктор» деп атайды. Олар басқалардан халықпен тығыз байланыста болуымен ерекшеленеді. Дикторлық туралы «Еуразия» бірінші арнасының жаңалықтар жүргізушісі, журналист Асаубек Айымбетовпен әңгімелескен болатынбыз.

Бір кездері «Еуразия» бірінші арнасында диктор болған Асаубек қазір немен айналысып жүр?

Қазіргі Асаубек маман ретінде өсті. Бұдан 3 жыл бұрын медиа саласына, танымал адамның өміріне енді үйрене бастадым. Сол кезде университеттерден шақыртулар алып, жаңа дүниелермен таныстым. Қазір шәкірт тәрбиелеп, спортпен айналысып жүрмін. Бірнеше брендке амбассадор болып үлгердім. Еткен еңбегіме байланысты табысым да өсті.

Дикторлық курс өткізіп, көптің арманын орындап, ұстаз болып жатқаныңызды білеміз. Мақсат қандай?

Оның атауы ғана дикторлық курс. Бұл тек диктор болуға үйрететін құрғақ теория мен құрғақ практика сияқты естіледі. Алайда менің мақсатым – жастарды диктор қылып шығарудан бөлек, олардың бойындағы сенімділікті ояту. Қазіргі нарық заманында ата-ана тарапынан балаларға көңіл бөлінбей жатады. Журналист болуға ұмтылған жастардың жолын шамалы болса да ашып, мақсаттарын айқындағым келді. Дауыс қою, интонация өзгерту, мимикамен, комплекспен жұмыс та жасалады. Алайда басты ерекшелік – жастарға сенім мен үміт сыйлауда болып тұр. Олардың диктор, тележүргізуші бола алатынын көрсеткім келді.

Робот диктор, диктофонға жазып алған аудионы мәтінге айналдырып беретін қосымшалар пайда болды. Қазір журналистикада болып жатқан жаңа тенденцияларға деген көзқарасыңыз қандай?

Қазір мүмкіндік көп, қатып қалған таптаурын жоқ. Барлығы өзгеріп жатыр. Дәстүрлі журналистикадан өтіп, жаңа медиамен танысып жатырмыз.

Алайда халықтың кейбір бөлігі YouTube, Instagram желілерінде көрген барлық ақпаратқа сенеді.   Кей жобалар желіде тақырыбын шулатып «Мынанша ақша желінген», «ананы ұрып кетіпті» деген секілді ақпарат таратады. Олар бояма жасап, нақты фактіні қалыс қалдырады. Сол жағына көңілім толмайды.

Әрине, телевизияға бұл бәсеке шығар. Өйткені көрермен телеарнадан ығысып, жаңа медиаға мойын бұрып жатыр. Бұның бізге соққы болатыны сөзсіз. Десе де біз де қалысып жатқан жоқпыз. Ақпаратты жеткізудің басқаша форматын қарап, зерттеп жатырмыз. Мысалы, әлеуметтік желіден байқасаңыздар, жүргізушілер де, журналистер де жұлдыз болып жатыр. Бұрын олардың аттары шықпайтын, қазір олар да танымал болуды үйренді. Әлеуметтік желіде парақша ашып, сол жерде ақпаратты жарнамалап, анонсты ұсынып, халықты телеарнаға тартып жатыр. Солардың қатарында мен де бармын.

Жалпы жаңа тенденцияларға нейтралды түрде қараймын. Әркім өзі таңдау жасайды. Бастысы – халықта таңдау бар. Соның өзі жетістік.

Қазір дәстүрлі журналистикаға «жаңа медиа» деген түсінік қосылды. Мамандық модернизацияланып жатыр. Болашақта журналистика өледі деп ойламайсыз ба?

Бұдан көбі қорқады. Оқушылар мен студенттер де жиі сұрайды. Иә, қазір бәрі трансформацияланып, модернизацияланып жатыр, осы сала жоғалып кетуі мүмкін деген пікір бар. Алайда мен оған келіспеймін, журналистика жоғалмайды. Мысалы, театр қаншама ғасыр бұрын пайда болды емес пе?! Соның өзінде әлем бойынша да, Қазақстан бойынша да қойылым көруге баратындар саны азайған жоқ. Сол сияқты телеарнаның да көрермені болды, алдағы уақытта да бола береді. Адамдар біздің жобаларды әлеуметтік желілерде бөлісіп, танымалдылығымызды одан сайын арттырып жатыр. Жаңа медианың бізге тигізіп жатқан пайдасы – осы. Маркетингтік жолдар мен әртүрлі тәсілдер болған жерде телеарна да дами бермек. Арнаның басшылығы жақсы әдіс-тәсілдерді дер кезінде пайдалана алса, телевизия халықты әрдайым өзіне тартып тұрады.

16 жасыңыздағы отандық БАҚ пен қазіргі журналистиканың қандай айырмашылығы бар?

Бұрын ақпарат ағымы аз болды. Төтенше жағдайлар көп болғанымен, журналистерге аз сияқты көрінетін. Ол кезде де оқиғалар қазіргідей көп болды. Десе де біздерге жете бермейтін. Журналистикаға келген жылдарда әлеуметтік желі деген түсінік болмады. Қазіргі кезде телевизияда, радиода жұмыс істейтін журналист ақпаратты бірінші Instagram желісінен көреді. Сол жерден алып барып, ақпарат дайындаймыз. Ақпаратты өзіміз көшеде жүріп тауып алмаймыз немесе көрермен қоңырау шалып айтпайды. Қазіргі айрмашылық сол – әлеуметтік желіде қолжетімді ақпарат бар. Телеарналар ақпараттан құр қалып жатқан жоқ. 2009-2010 жылдары жергілікті арнада жұмыс істеген кездері ақпарат таба алмай қиналатын едік. Бұрын «бүгін не көрсетеміз?» десек, қазір «мыналардың ішінен қайсысын көрсетеміз?» дейтін болдық. Қазір ақпаратты сүзгілеу әрі таңдауға мүмкіндік көп.

«Еуразия» бірінші арнасының жаңалықтар жүргізушісінің бір күні қалай өтеді?

Күнім спортпен шұғылданудан басталады. Жұмысқа барып, ақпарат анонсын жазамын. Оның ең негізгілерін әлеуметтік желіде бөлісеміз. Сонымен қатар уақыты келгенде телеарнадан толықтай көрсетеміз. Одан кейін кешкі жаңалықтарға дайындық басталады. Кадр сыртындағы мәтін жазу, синхрондарға раскадровка жасау деген секілді. Диктор бір орында отырып ақпарат оқитын адам емес, олар да материал дайындайды. Жаңалыққа дайындаламыз, оны әдемі жеткізу үшін әрбір материалдың сөзұстарын (подводкасын) өзіміз жазамыз. Оны тілшілер жазып беруге міндетті. Алайда оны өзіңнің стиліңе сай етіп өзгертуге рұқсат берілген. Журналистермен белгілі бір ақпаратты қалай жеткізуге болатынын ақылдасып, идея ұсынамыз. Жүргізушінің міндеті – сөзұстарды да, анонсты да жұмбақтап, халыққа интригамен жеткізу. Ал тілші – сол материалды ашып, тізбектеп, халыққа жеткізетін маман.

Отандық телеарналар ақпарат тарату жағынан шетелдік арналармен бәсекелесе ала ма?

«Еуразия» арнасы рейтингте бірінші орында. Жаңалықтар басқа телеарналардан бірінші болып шығатындығымен ерекшеленеді. Кешкі 18:30-да көрермен біздің арнадан жаңалық көре алады. Жүргізуші немесе белгілі бір жауапты қызметке мамандар көбіне өз арамыздан сайланады. Тілші болып жүріп, жүргізушінің орны босағанда жүргізуші болуға болады. Сырттай кастинг жасалмайды. Бұл – жастарға мүмкіндік беру.

Ақпарат жеткізу бойынша шетелдік телеарналардан артта қалған емеспіз. Кейінгі кезде оқиға орнына барып алынатын тікелей қосылымдар көбейді. Тіпті, барлық арналар мен радиолар солай жасап жатыр. Бұл – журналистердің кәсібилігінің артқанын көрсетеді. Арналар арасында бәсеке бар. Біз де шетелдік телеарналарға бәсекелес бола аламыз. Оған журналистердің қарым-қабілеті жетеді, мүмкіндік те мол. Жалпы журналистердің жалақысы да бұрынғыдан көтерілген.

Кез келген төтенше оқиға, биліктегі ауыс-түйіс көбіне кешкі сағат 5-тен кейін болады. Журналистер осындай кездерде жанын беріп жұмыс істейді. Өйткені сол күннің маңызды оқиғасы, жаңалығы – осы. Оны беру – міндет. Сол кезде арнада жұмыс қызады. Төтенше оқиғалар кезінде де дәл солай. Ресми мәліметті күтеміз деп жүргенде кешкі жаңалықтар басталады. Ол кезде тек журналист емес, жалпы команда жұмыс істейді. Бір ғана сюжетке монтаж жасайтын адам, продюсер, дизайнер т.б. мамандардың еңбегі сіңеді. Өйткені кадрдегі әрбір сөз мәтінмен сәйкес келуі керек. Біздің жұмыста минуттар мен секундтар барлығын шешуі мүмкін.

Журналист боламын деген оқушылар көп. Курсыңыздан байқаған шығарсыз. Z ұрпақ бұл арқылы танымалдылыққа ұмтыла ма? Әлде бұны журналистикаға деген шын махаббат деп ойлайсыз ба?

Жастардың 70%-ы бұл салаға танымалдылық үшін келеді. Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Танымал болу – жақсылық. Танымал болсаң, адамдарға көмектесе аласың, әке-шеше, әулетіңнің сенімін ақтайсың. Сен «нашақор боламын, мафияның басшысы боламын, банданың қожайыны боламын деп емес, телевизия саласының майталманы боламын, танымал тележүргізуші боламын» деп алға ұмтыласың. Алайда олар танымал журналист, жүргізуші болу үшін – көптеген сынақтан өтетіндігін білмей жатады. Бәрін аттап өтіп, кезеңдерді толық өтпей-ақ журналист боламын деп ойлайды. Соны ғана білмейді. Ал атақты боламыз деген арман, мақсаттарында тұрған ештеңе жоқ. Ол – періште көңіл, жастардың албырттығы. Олар мамандықтың қандай екенін сол соқпақ жолға түскеннен кейін түсінеді. Міне, сол кезде кімнің кері қайтқанынан немесе журналист боламын деп алдыға талпынғанынан жастардың мамандыққа деген махаббатының деңгейін көруге болады.

Тележүргізуші, диктор, журналист болу үшін адамның бойында қандай қабілет болу керек? Осы тұрғыда артыңыздан ерген жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

Телеарнада төтенше жағдайлар мен ауыс-түйіс кезінде ұрыс-керіс жиі болады. Сондай кезде адамға дипломатия қажет. Ортақ тіл табысып, жағдайды сабырлы күйде шешуге ұмтылған дұрыс. Адамдар сені «таспен атты да, сен де таспен атпай», адаммен адамша сөйлесу керек. Өзіңді ұстай алу, қатеңді мойындау да маңызды. Кәсібилік – дипломатия мен компромисстен тұрады.

Қазақы болмыстан, қазақы құндылықтардан ауытқымайық. Үлкендердің айтқанын тыңдап, кішілерге білетінімізді үйретейік. Қазақтың баласына пайдамыз тисін. Шыдамды болайық, дипломат болайық.

Сұқпаттасқан: Ақмарал Берекет

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button