ТОП-10 француз комедиясы
Күздің қоңыр кешінде кофе мен круассаныңызды әзірлеп, көрпеге оранып алып, біз ұсынған француз комедияларын көріңіз.
ПАРИЖ АРҚЫЛЫ / LA TRAVERSÉE DE PARIS
Франция, Италия, 1956 жыл
Комедиялық драма
80 минут
IMDb: 7,4
Реж.: Клод Отан‑Лара
Париж, 1943 жыл. Қала тұрғындары неміс оккупациясынан аман қалуға тырысуда. Өзін және әйелін асырау үшін Марсель Мартен дүкенге курьер болып жұмысқа орналасады. Ол түн жамылып, әртүрлі тұтынушыларға заңсыз тауарлар жеткізеді. Кезекті тапсырманы орындау барысында, яғни ет салынған чемодандарды Париждің орталығы арқылы Монмартрға жеткізу үшін ол бейтаныс месье Гранжильді өзіне көмекші етіп алады. Бірақ Марсель бұл үшін бірнеше рет өкінетін болады.
МЕНІҢ АҒАЙЫМ / MON ONCLE
Франция, 1958 жыл
Комедия
116 минут
IMDb: 7,8
Реж.: Жак Тати
Арпелей жанұясы түрлі гаджеттерге толы заманауи концептуалды үйде тұрады. Бірақ алаңғасар Юло ағайдың пайда болуымен бәрі өзгеріске ұшырайды.
Бұл басты рөлді өзі ойнаған әйгілі француз комигі, кинорежиссер және актер Жак Татидің алғашқы түсті картинасы. Фильм 1958 жылы «Үздік шетелдік фильм» номинациясы бойынша Оскар алған.
ГАНГСТЕР АҒАЙЛАР / LES TONTONS FLINGUEURS
Франция, ГФР, Италия, 1963 жыл
Криминалды комедия
105 минут
IMDb: 7,9
Реж.: Жорж Лотнер
Бұл картинада қызметтен кеткен гангстер Фернанд Надиннің қызықты оқиғалары баяндалады. Ол өлім аузында жатқан тәлімгері – «Мексикалық» лақап атымен танымал мафиоздың өтініші бойынша кланға қайта оралуы керек. «Мексикалық» қарулас достарына бұдан былай Фернандтың заңсыз бизнесті басқаратындығын және бойжеткен қызы Патрицияға қамқорлық жасайтынын айтады. Фернандқа енді билікке таласқан қарақшылармен ғана емес, бүлік шығарғыш қызбен де тіл табысуға тура келеді.
СЕН‑ТРОПЕЛІК ЖАНДАРМ / LE GENDARME DE SAINT‑TROPEZ
Франция, Италия, 1964 жыл
Эксцентрлі комедия
90 минут
IMDb: 7,2
Реж.: Жан Жиро
Қызметінде көтерілген жандарм Людовик Крюшо өзінің сүйкімді қызы Никольмен бірге Сен‑Тропенің жайлы курортына келеді. Энтузиазмы тасып тұрған жандарм жаңа мекенде ұрланған машинаны іздейді, нудистер колониясымен күреседі, бірақ соңында одан да маңызды дүниеге тап болады.
ОСКАР / OSCAR
Франция, 1967 жыл
Комедия
85 минут
IMDb: 7,5
Реж.: Эдуар Молинаро
Таңертең ерте ірі өнеркәсіп иесі Бертран Барньені кеңседегі қызметкерлерінің бірі – сымбатты Кристиан Мартен оятады. Күтпеген қонақ жалақысын өсіруді сұрайды, кәсіпкердің қызын жақсы көретіндігін мәлімдейді, содан кейін ол магнаттан бірталай ақша ұрлағанын мойындайды.
БІЗ БІЛЕТІН ЕСКІ ӘНДЕР / ON CONNAÎT LA CHANSON
Франция, Швейцария, Ұлыбритания, Италия, 1997 жыл
Музыкалық комедиялық мелодрама
120 минут
IMDb: 7,3
Реж.: Ален Рене
Жылжымайтын мүлік агенті Саймонға экскурсия жүргізушісі болып жұмыс істейтін Камилл ұнайды. Бірақ бір қызығы, қыз Саймонның бастығына ғашық болады. Оның үстіне Камилл өзінің үлкен әпкесі Одильді бұрынғы жігітімен қайта табыстыруға тырысады.
Көп ұзамай осы шытырман ситуацияның кейіпкерлері Одиль ұйымдастырған кешке тап болады. Кейіпкерлердің әрқайсысы өздерін қиын жағдайда тұрғандай сезінеді. Ал ең драмалық сәтте француз хиттерінен үзінділер қосылады.
1+1 / INTOUCHABLES
Франция, 2011 жыл
Комедиялық драма
112 минут
IMDb: 8,5
Реж.: Оливье Накаш, Эрик Толедано
Арбаға таңылған аристократ Филипп өзіне көмекші іздейді. Ол көп кандидаттың ішінен криминалға толы өткен шағы бар, өзі дөрекі қара нәсілді жігітті жұмысқа алады. Мұндай эксцентрлі қадам керемет достықтың бастауы еді.
Фильм шынайы оқиға негізінде түсірілген. Француз бизнесмені Филипп Поццо ди Борго мен оның көмекшісі Абдель Селлудің өмірлері арқау болған фильмді әлемнің түкпір-түкпірінен миллиодаған көрермен сүйіп көреді.
АҚЫМАҚПЕН КЕШКІ АС / LE DÎNER DE CONS
Франция, 1998 жыл
Комедия
80 минут
IMDb: 7,7
Реж.: Франсис Вебер
Бір топ бай буржуазия «ақымақтарды» кешкі асқа шақырып, олардың ақымақ хоббилерін мазақ қылып, уақытты қызықты өткізеді. Жетекші байлардың бірі баспагер Пьер Брошан «әлемдік деңгейдегі ақымақты» табады. Онысы бос уақытында сіріңке макеттерін жинауды ұнататын есепші Франсуа Пиньон болатын. Брошан сол әпендіні қонаққа шақырып, кезекті кештің көрнекілігі болады деп үміттенеді. Бірақ бәрі жоспарлағандай болмайды.
CH’TIS-КЕ ҚОШ КЕЛДІҢІЗ! / BIENVENUE CHEZ LES CH’TIS
Франция, 2008 жыл
Комедия
106 минут
IMDb: 7,1
Реж.: Дэни Бун
Пошта бөлімінің басшысы Филипп Абрамс Көгілдір жағалауға жұмысқа ауысуды армандайды. Бірақ оның орнына адам аяғы баспайтын бір провинцияға ауысып кетеді. Түрлі пікірлерді естіген бас кейіпкер Францияның солтүстігінде надан, өрескел адамдар өмір сүреді деп ойлайтын. Көп ұзамай бұл мекенде бәрі де басқаша екенін түсінеді.
ҚАРА БӘТЕҢКЕ КИГЕН САРЫ ШАШТЫ ҰЗЫНТҰРА / LE GRAND BLOND AVEC UNE CHAUSSURE NOIRE
Франция, 1972 жыл
Эксцентрлі комедия
90 минут
IMDb: 7,3
Реж.: Ив Робер
Француз контрбарлау полковнигінің орынбасары Бернар Милан бастығы Луи Тулузаның орнын басуды армандайды. Бернар полковниктің беделіне нұқсан келтіру үшін арандатулар ұйымдастырады. Бірақ ол алаңғасар скрипкашы Франсуа Перреннің полковниктің суперагенті екенінен күдіктенбеген еді.