Мәдениет

«Топжарғанда» оза шапқан әнші жастарды білім алуға шақырды

Танымал әндерге кавер түсіру – ән айта алатын жастардың ермегі іспетті. Бүгінгі кейіпкеріміз де бірде Jah Khalib болса, енді бірде Jony болып жүр. Кім деп ойлап жатқан шығарсыз. Назарларыңызға «Хабар» арнасында өткен «Топжарған-2019» байқауының жеңімпазы «Сағындым», «Атамекен» атты көпшіліктің құлаққабында жүрген әндердің авторы, әнші Мәди Сыздықов «Madistation-мен» болған сұқпатты ұсынамыз.

«Топжарғанды» жарған Мәди қазір қайда? Немен айналысып жүрсіз?

Бар назарымды шығармашылыққа бұрдым. Көптеген бейнебаянға түсіп үлгердім, өлеңдер жазып жатырмын. Алдағы уақытта болатын «Қазақстан дауысы» жобасына қатысамын. Іріктеу кезеңінен өттім, қыркүйекте телевизиялық форматы басталады. Сол жерде бағымды сынаймын. Өйткені шет елге шығу пандемияға байланысты мүмкін болмай тұр, аяқ байлаулы.

Жалпы музыка әлеміне қалай келдіңіз? Таңдаған бағытыңыз неге музыка болды?

Адам есейе келе көп нәрсені түсінеді… Мен, ең алдымен, не істеу үшін жаратылған адам екенімді білгім келді. Неге икемім бар екенін зерттедім. Қияли ойға берілмей, жағдайға шынайы көзқараспен қарадым. Осылай зерттей келе, өнерге мойын бұрдым. Өнер – менің қанымда бар, әкем – дәстүрлі әнші. Бір жағынан сол кісінің қанынан дарыған қасиет. Сол қабілетімді, дарынымды ұштап, музыка әлеміне келдім. Соның арқасында өзімді таптым дей аламын. Менің ойымша, кез келген адам мына әлемнен өз орнын табуы керек. Сол кезде ол үлкен жетістікке жете алады. Музыкамен айналысып жүргеніме он жылдан асты. Ал бұл салаға толығымен екі жыл бұрын кірістім.

Қандай бағыттағы әндерді айтасыз?

Түрлі бағыттағы әндерді орындай беремін. Ал көңіліме жағатыны – кантри және поп жанрлары. Басқа бағыттарды да жатсынбаймын.

Өзім ән жазамын. Кішігірім өңдеу жұмыстарымен айналысамын, қолымнан келгенше өңдеймін. Жүректен шыққан әнді халықтың жүрегіне жеткізуге жұмыс істеймін. Ең басты мақсатым – сол. Көбіне өз әндерімнің сөзін өзім жазамын. Кейде жақсы әндер келетін кездер болады. Сондай кездерде өзге адамның әнін де айтуға тырысамын.

Алдағы жоспарлар қандай?

Алда Қазақстан бойынша кішігірім тур жасап, өзімді таныстыру мақсатында концерттер ұйымдастыру жоспары тұр. Қазір жеке әндерімді сол үшін жазып жатырмын. Пандемия сәл басылғаннан кейін ауыл-аймақ, қалаларды аралаймын. «Өз елімде ұлтан боламын да, басқа елге барып сұлтан болып келемін».

Өнер қазақтың қанында бар, тарихымыз тереңде жатыр. Мен әнші ретінде емес, жалпы қазақ ретінде жастарды тарихты білуге, ізденуге, білімге ұмтылуға шақырамын. Дарынды әрі дара халықпыз. Мысалы, бұл дүние америкалықтарға берілмеген. Пандемия басылған соң әлемдік конкурстарға қатысуды жоспарлап жүрмін. Ол жерде жеңіске жететініме сенемін. Сол жеңістен кейін «бұлай ән айтуыңыздың сыры неде?» деген сұраққа жай ғана «мен – қазақпын» деп жауап бергім келеді. Ал олар «қазақ» деген ұлтты өздері зерттеуі керек. Тіпті, зерттеп те қажет емес, бәрі фактімен көрініп тұр. Ән бойынша Димаш, Скриптонит, Jah Khalib; бокстан Жәнібек Әлімханұлы, Данияр Елеусінов; дзюдо бойынша Елдос Сметов; жекпе-жектен Қаршыға, Жалғас деген секілді. Біз – дарынды ұлтпыз.

Пандемия шығармашылыққа қалай әсер етті? Пайдасын көре алдыңыз ба?

Әрине, көрерменмен тікелей байланыс болмады. Өнер адамы болғандықтан біз халықтан, олар бізден шабыт алады. Бізге қарым-қатынас жетпеді. Адаммен байланысқанда эмоционалды сезім туатыны белгілі. Біраз уақыт сол эмоцияны сезіне алмадық. Десе де пандемия деп қол қусырып отырған жоқпыз. Ер адам болғандықтан бос жатпай, қолға ілінген жұмыстарды жасай бердік. Бизнес консалтинг компанияларында модель ретінде бағымды сынап көрдім. Байқағаным, қолымнан келетіні – өнер екен. Қазіргі уақытта соны ұштау мақсатында еңбектеніп жатырмыз.

Классикалық бағытта жүрген отандық өнерпаздар «халықты классика арқылы сауаттандырғымыз келеді» дейді. Сіздің осы жолдағы миссияңыз қандай?

Адамзаттың алдынан ылғи қарама-қарсы жолдар шығады. Ақ пен қара, жаман мен жақсы дегендей. Адам дүниеге келгенде осы өмірге келгеніне рақметі ретінде миссиясын табуы керек. Ең құрығанда, айналасына жақсылық жасауы маңызды. Ал жақсылық жасай алмасаң, сәйкесінші ешкімге кесірің де тимесе жақсы. Тек музыкалық бағытта емес, жалпы істеген әр ісің арқылы кемінде бір адамға пайдаң тисе ғажап емес пе?! Сондықтан музыка жазғанда адамды жындандыратын музыка емес, керемет көңіл-күйге, ерекше сезімге бөлейтін туындыны өмірге әкелгім келеді. Классикалық музыканың адамның ойлау қабілетін арттырып, санасын шайқайтыны рас. Алайда қазіргі заманда бәрі жеңілдеп бара жатыр, адам миымен жұмыс істегісі келмейді. Халықтың поп музыкаға қызығатыны да сондықтан. Адам жаман нәрсеге құштар болады емес пе?! Жаман болу бір сәт, жақсы болу қиын… Классикалық музыкамен адамдарды тәрбиелеймін дегенін қолдаймын. Бірақ ол ұзақ уақыт пен ерік-жігерді талап ететін қиын миссия. Заман күннен күнге өзгеріп жатыр. Адамдардың бәрін бір бағытқа түсіріп, тәрбиелей алмаймыз. Бәрі адамның санасына байланысты. Ал халық біздің бағытты сүйіп тыңдайды деп ойлаймын.

Қазір саны бар, сапасы жоқ музыка көп. Сол үшін халыққа сапалы музыка беріп, оларды осы сала арқылы жақсылық жасауға үгіттегім келеді. Дұрыс музыка арқылы адамдарды эмоционалдық көңіл-күйге бөлеу – менің қалауым. Сол кезде адамда эндорфиндар пайда болып, шабыт алып, жастар алға ұмтылар.

Жастарды тәрбиелеу, оларға әсер етудің бір бағыты – музыка. Осы жолда отандық шоу бизнесте қандай жаңа тенденцияларды көріп жүрсіз?

Бұл бағытта «Ozen» лейблы жұмыс істеп жатыр. Егер зейін қойып тыңдасақ, олардың әрбір сөзінде мағына бар. Лейбл өте дарынды музыканттардан құралған. Режиссерлік және операторлық жұмыстары да жоғары деңгейде. Қазақстандағы сапалы контентті осы топ жасап жатыр деп айта аламын.

ИК, 91 топтарының мақсаттары, бағыттары ерекше. Олар сондай форматпен халыққа өз тарихын таныстырып жатыр. Түпкі идея, миссия, жеткізгісі келетін ойлары ұшқыр әрі терең. Қазіргі жастарға көп нәрсені түсіндіру қиын. Ал олар z ұрпақтың тілін таба білді. Көптеген жастың сол топтардың арқасындары көздері ашылды дей аламын. Біле білсеңіз, жастар көбіне жаңа нәрсеге қызығады.

Енді шығып келе жатқан жастар көп. Олар дұрыс жолды таңдаған. Сонымен қатар жай ғана мақсатсыз жүрген музыканттар да бар. Бізге тарихты, өткенімізді, өздеріне жауапкершілік алуды жастардың тілінде насихаттайтын контенттер керек.

Клип немесе концерттердің түсірілімі қалай өтеді? Сол жердегі атмосфера туралы айтып беріңізші.

Түсірілім барысы өте қызық. Ең алдымен, бояну, күту деген қиын сәттер болады. Одан кейін түсірілім басталады. Бұл – ең қызық процесс. Өйткені әнші бұл жерде әртіс болып, камераға ойнауы керек, эмоцияны көрерменге жеткізе алуы керек. Бейнебаян түсіру қызықты, қуаныш сыйлағанымен, процесі қиын өтеді. Бетіңдегі бояумен күні бойы жүресің. Бір орында тыныш отыра алмайсың. Сол себепті сабырлық керек. Теледидардан көретін 3 минуттық бейненің артында қаншама еңбек жатыр. Бұл жерде әрбір маман маңызды. Режиссердің, оператордың, жарық қоюшы бәрінің еңбегі зор.

Әнші боламын деген жастарға қандай кеңес бересіз?

Қазір бәрі музыкант болуды қалайды. Бұл сала арқылы байып кетемін деп ойлайды. Бұл – қате түсінік. Адам ең бірінші білім алуға ұмтылуы керек. Білімі жоқ адам не істесе де, мәңгүрт болады. Дарынмен, талантпен біраз жерге дейін шаба аласыз. Ол да шектеулі. Сапалы нәрсе жасауға, білімді болуға шақырамын. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген жай айтылған сөз емес. Қазақтың әрбір сөзі зейін қойып тыңдаған адамға мағынаға толы.

Бір бағытты таңдап ал, сол бойынша жұмыс жаса. Кітап оқы, фильм, сериал қара, солай дамы. Таңдаған бағыт бойынша еңбектенсең түбінде жетістікке жететінің анық. Көр, жаттық, ізден. Еуропаға, Америкаға еліктеп қажет емес. Бірінші өз тарихыңды зертте. Сонда ғана өсесің. Сырттан ештеңе іздемей-ақ қой. Бізде білім жетеді, тек соны бойға сіңіру керек. Ең бастысы, ағылшын, қытай тілін үйреніңдер дейтін едім.

Сұқпаттасқан: Ақмарал Берекет

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button