Тың жаңалық: Кенесарының ұлы Ахмет сұлтан жазған кітап қазақ тіліне аударылды
Кенесары ханның ұлы – Ахмет Кенесарин жазған «Насаб наме сұлтан Сыдық» кітабы шағатай тілінен қазақ тіліне аударылды. Оны аударған – ақын Ербол Алшынбай.
Қазақ тарихы бұған дейін еуропаның, нақтырақ айтсақ, орыс ғалымдарының көзімен қарастырылып, соның негізінде жазылып келгені белгілі. Енді міне қазақтың өз тарихын өз көзімен баяндаған еңбек табылып, қазақшаға аударылып отыр. Ахмет Кенесариннің «Насаб наме сұлтан Сыдық» кітабы – Қадырғали Жалайыридың «Жамиғат тауарих» еңбегі сынды өте құнды шығарма. Мұны жазған кәдімгі қазақтың сұлтаны. Әкесі Кенесары мен ағасы Сыдықтың тағдыры мен өмірі, жасаған жорықтары жайлы жазған.
Бұл қолжазбаны 1889 жылы шығыстанушы Е.Смирнов тауып, жариялаған еді. Алайда қолжазбаның өзі аяқ астынан жоғалып, 2004 жылы ғана Мәскеу мемлекеттік музейінен табылады. Оны тапқан – ресей тарихшысы Илья Заяцев. 2017 жылы түпнұсқа негізінде орыс тілінде факсимилесін жариялап, Мәскеуде таныстырады. Сол дөңгелек үстелде аталған еңбектің аса құнды екенін, оның түпнұсқамен салыстыра отыра терең зерттелініп, қазақ тіліне аударылуы қажет екені айтылған.
Енді міне, белгілі ақын, қаламгер Ербол Алшынбай қазақ тарихы үшін аса құнды еңбек – сұлтан Ахмет Кенесаринның «Насаб наме сұлтан Сыдық» кітабын түпнұсқадан, яғни шағатайшадан қазақшаға аударып, ғылыми түсініктемелерін жарыққа шығарды. Кенесары хан мен ұлы Сыдықтың жасаған жорықтарының картасын қоса дайындалып, ғылымға бергісіз кітап жарияланды.
Әзірше, 2000 данамен басылды.
Кітапқа алғысөз жалған ҚР Президентінің баспасөз-хатшысы Берік Уәли. Оның айтуынша, «Насаб наме сұлтан Сыдықты» парақтап отырып, бұрын қазақ тарихы үшін белгісіз болып келген тұлғалар мен тарихи уақиғаларға да кез боламыз. Оның бірі – Ғұбайдолла хан. Кітапта «Абылай хан қайтыс болған соң оның бәйбішесінен туған Ғұбайдолла хан болды. Ол он жыл хандық құрды» деген дерек кездеседі. Бұл бұған дейінгі біздің ресми тарихымызда айтылмаған дерек.
Тағы бір айтарлық дерек, Кенесары ханның Қытай мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатуға тырысып, інісі Құдайменді Саржанұлын Құлжаға елшілікке жібергені. Бұл дерек те біздің тарихымыз үшін тың дүние. Сондықтан кітаптың орыс тілінен емес, шағатай тілінен тікелей қазақ тіліне аударылуы өте маңызды.