Мәдениет

Вебтун желісімен түсірілген дорамалар

Webtoon – бұл виртуалды комикс. Вебтунның әр шығарылымы ұзын бір тік жолаққа шығарылып, түрлі-түсті бояумен беріледі. Оның себебі – комиксті смартфонда немесе компьютерде оқуды жеңілдету. Соңғы жылдары вебтунның негізінде шығарылған дорама саны да көбейіп барады. Назарларыңызға уақытты қызық өткізуге арналған дорамаларды ұсынамыз.

ИТЭВОН КЛАСС / ITAEWON CLASS (JTBC)

Webtoon авторы: Jo Gwang-jin

Байдың баласымен жанжалдасып қалған Пак Сэ Ройға мектептен кетуге тура келеді. Кейін жазатайым оқиғадан әкесі қайтыс болып, өзі жалған жаланың кесірінен түрмеге түседі. Уақыт өте бостандыққа шығып, әкесінің айтқан ақылымен өзінің шағын кәсібін бастайды. Ал оның таңдауы – мейрамхана бизнесі.

СЭТ БЁЛЬ ТӘУЛІКТІК ДҮКЕНІ / CONVENIENCE STORE SAET BYUL (SBS)

Webtoon авторы: HwalHwaSan

Дорама тәулік бойы жұмыс істейтін дүкен менеджері Чхве Дэ Хён мен тентек мінезді қызметкер Чон Сэт Бёльдің махаббат оқиғасы жайлы. Негізі олардың таныстығы 3 жыл бұрын кездейсоқ болған. Ол кезде қыз Дэ Хённен темекі сатып алуға көмек сұрап, орнына кәмпит алады. Жігіттің қамқорлығы қыздың есінен кетпей, өзіне ғашық етеді.

ТАҢҒАЖАЙЫП СЫБЫС / AMAZING RUMOR (OCN)

Webtoon авторы: Jang E

Дорама зұлым рухтарды бақылайтын жұмбақ адамдар тобы туралы. «Counter» команда мүшесінің әрқайсысы өзіндік ерекше, тылсым күшке ие. Ең қызығы, топ кеспе мейрамханасының қызметкерлері ретінде жасырынып жұмыс істейді.

СОНБЭ, БҰЛ ЕРІН ДАЛАБЫН ҚОЛДАНБАҢЫЗ / SUNBAE, DON’T APPLY THAT LIPSTICK

Webtoon авторы: Elise

Юн Сон А – танымал косметикалық брендте маркетинг бөлімінде жұмыс істейді. Арудың басты арманы – жеке косметикалық брендін шығарып, сол салада жетістікке жету.

Чхе Хен Сын да маркетолог бөлімінде жұмыс істейді әрі басты кейіпкерге ғашық. Әріптесінің сұлулығы мен ақылдығына тамсанған жігіт оны кездесуге шақырып, жақын қарым-қатынас орнатуға тырысады. Алайда арманшыл қыз жігіттің махаббат сезімін қабылдауға асық емес.

ТОЗАҚ – БҰЛ БАСҚА АДАМДАР / HELL IS OTHER PEOPLE (OCN)

Webtoon авторы: kimyongki

20 жастағы Юн Чжон У Сеулдегі компанияда тағылымдамадан өтіп, қалаға көшіп келеді. Шет аймақтан келген жас жазушы ақшасының аздығынан арзан жатақханаға қоныстайды. Жуынатын бөлмесі мен ас үйі ортақ жатақхана жағдайы тым нашар. Оған қоса, біртүрлі көршілері де бар. Чжон У қызметі жоғарылап, жеткілікті ақша тапқан соң бұл жерден көшуді жоспарлайды. Алайда бәрі ол ойлағаннан басқаша шығады.

Дайындаған: Ақдидар Әбдімаулен

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button