«Жүзіктер әміршісі» фильмінің режиссері миллиардер атанды
Бір емес, 17 бірдей «Оскар» жүлдесін алған «Жүзіктер әміршісі» фильмінің режиссері Питер Джексон бір-ақ сәтте миллиардер атанды. Бұл туралы Forbes хабарлайды.
Режиссер Питер Джексон Unity Software видео-ойын құрастырушылармен болған өзара келісім-шарт негізінде миллиардер атанған. Қарашаның тоғызыншы жұлдызында Unity Software жаңазеландиялықWeta Digital студиясы активтерінің бір бөлігін сатып алған. Бұл студияны Питер Джексон өзінің әріптесімен бірге құрған болатын. Келісім құны – 1,6 млрд доллар.
«Бұл келісім Джексонды миллиардер қылады», – деп жазды Forbes.
Питер Джексонмен әріптесі Фрэн Уолшқа Weta Digital студиясының 60% акциясы тиесілі. Келісім бойынша Unity Software видео-ойын құрастырушылар Weta Digital акционерлеріне 1 млрд долларды қолма-қол береді. Қалған бөлігін өздерінің акциясы негізінде береді. Сонымен Питер Джексон қолма-қол 600 млн долларды және Unity Software компаниясының 375 млн доллар тұратын акциясын алды.
Бұл келісімге дейін де режиссер оңай шағылатын жаңғақ емес-ті. Деректерге сүйенсек, ол «Жүзіктер әміршісі» трилогиясының әр фильмі үшін 10 млн доллар аванс алған және ең аз дегенде кассадан түскен табыстың 10% иеленген. Ал әлем бойынша трилогияның кассалық пайдасы – 3 млрд доллар. Бұдан бөлек Питер Джексон «Хоббит» трилогиясы үшін 20 млн доллар және кассадан түсетін табыстың 20%алған. «Хоббит» трилогиясының әлемдегі пайдасы – 3 млрд долларды құрайды.