Спорт

Қазақ күресі ХХ ғасырда ғана пайда болған ба?

Қазір қазақ күресін насихаттау ісі қарқынды жүріп жатыр. Елімізді қойып, шетелде де қазақ күресімен айналыстын спортшылар баршылық.

2016 жылы ЮНЕСКО халықтардың толеранттылық, ізгі ниет және ынтымақтастық принциптеріне негізделген қатынастарды нығайтуға әсерін атап өте отырып, қазақша күресті адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізді.

2012 жылдан бастап Қазақстанда жыл сайын қазақша күрестен «Қазақстан барысы» республикалық турнирі ұйымдастырылып келеді. Турнир Тараз қаласында өтеді. Ережеге сәйкес, балуандар абсолюттік салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.

Сондай-ақ, Тараз қаласында «Еуразия барысы» халықаралық турнирі де өткізіледі. «Еуразия барысына» Еуропа мен Азиядан келген балуандар қатысады. Тұрақты қатысушылары Иран, Моңғолия, Ресей, Польша, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Украина, Қытай және Қазақстан балуандары.

Ал 2014 жылы Павлодарда алғаш рет қазақша күрестен «Әлем барысы» әлемдік турнирі өтті. Бұл жарысқа спортшылар әлемнің түкпір-түкпірінен қатысады.

Қазір қазақша күрестің даңқы әлемді шарлап жүр. Алайда, осы қазақ күресі қашан пайда болған?

Бабаларымыз қалай күрескен?

Көшпенді бабаларымыздан қалған жекпе-жек сайыс өнерінің бір тармағы – қазақ күресінің де өзіндік тарихы бар.

Бірақ өткен ХХ ғасырдың басына дейін қазақ күресінің бірізді жүйеленген тәртібі болған жоқ. Сондықтан да әрбір өңірде күрес жергілікті ерекшеліктерін сақтай отырып қалыптасқан.

Айталық, еліміздің шығыс және орталық өлкелерінде «Арысқа түсу» дейтін сайыс түрі кең дамыған. Бұл жайлы Мұхтар Әуезовтің шығарамаларында сөз болады.

Арысқа түсу дегеніміз, екі ел немесе екі қауым өздерінің балуандарын ортаға алып келеді. Көрермендерге әсерлі болу үшін оны шынжырлап, ноқталап әрі көз-сұқ тимесін деген ниетпен жабулап ұстайды.

Балуанды күрес алаңына, яғни арысқа әкеле жатқан мезетте шынжырлы балуан өз жақтастарын шынжырымен қоса сүйреп айбат көрсетеді. Бұл, нақтырақ айтқанда, психологиялық шабуыл әрі театрландырылған көңіл көтеру. Осылай екі балуан арысқа түсіп қай жеңгені жүлде алады, я болмаса, «менімен күш сынасатын тағы кім бар» деп көпшілікке қолқа салады. Күрес осылай жалғаса береді.

Қазақ күресінің ғылыми жүйеленуі

Қазақ күресінің ғылыми жүйеленуі 1920 жылдан басталады.

Алғаш рет 1936 жылы Семей қаласында қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты өтеді. Оған Алматы, Батыс Қазақстан (Орал, Атырау, Ақтөбе), Қостанай, Оңтүстік Қазақстан (бұрынғы Шымкент және Жамбыл өңірі), Семей, Павлодар облыстарының балуандары қатысады.

Олар үш салмақ дәрежесі бойынша күш сынасады. Жеңіл салмақта М.Құрманбаев (Алматы облысы), орта салмақта Еңсеп Досқалиев (Батыс Қазақстан), ауыр салмақта А.Мусин (Павлодар) жеңімпаз атанады.

Түйе балуан атағы үшін алты балуан белдеседі. Еңсеп әуелі оңтүстіктің балуаны С.Қасықбаевты жеңеді. Шешуші бәсекеде Е.Досқалиев өзінен алты жас үлкен әрі салмағы тоғыз кило ауыр А.Мусинді жеңіп, қазақ күресі тарихында тұңғыш рет «Түйе балуан» атанады. Өкініштісі, жауырыны жерге тимеген атақты балуан 1944 жылы соғыста қаза тауыпты.

Қазақ күресінің жаңа ережесі қашан қабылданды?

1938 жылы республикалық Ауыл спартакиадасында қазақ күресінің жаңа ережесі қабылданған. 1940 жылы қаңтар айында Алматы қаласында қазақ күресі өкілдері екінші рет бас қосып, жоғарыдағы ережеге өзгеріс енгізеді.

Сосын жаңа ереже бойынша бір ғана салмақ дәрежесімен Қазақстан чемпионатын өткізеді. Оған Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Өскемен, Семей өңірлерінің балуандары қатысады. Тағы да орта салмақтағы Еңсеп Досқалиев ешкімге дес бермей бәрін жеңеді.

Қазақ күресінің халықаралық турнирі алғаш рет қай жылы өткізілді?

Сол 1940 жылы шілде айында Мәскеу қаласында ҚазКСР-нің 20 жылдығына орай орталық «Динамо» стадионында мыңдаған көрерменнің алдында біздің балуандар қазақ күресінің үлгісін көрсетеді.

Бұл жерде, яғни Мәскеуде қазақ күресінен басқа өзбек, тәжік және түрікмен халықтары да өз күрес түрлері бойынша көрсетілім жасаған.

Бірақ кеңестік спорт мамандары қазақ күресі үлгісін оңтайлы көріп, осы үлгі бойынша 1941 жылы ақпан айында Фрунзе (Бішкек) қаласында Орталық Азия және Қазақстан халықтарының чемпионатын өткізу туралы шешім қабылдайды.

Бұл біріншілікке еліміз атынан 10 балуан қатысып, Еңсеп Досқалиев бастаған біздің азаматтар командалық есепте бас жүлдеге ие болған. Бұлар қазақ күресі тарихында халықаралық жарысқа қатысып, тұңғыш рет чемпион болған балуандар.

Осылай қазақ күресі халықаралық дәрежеде қарқын алып келе жатқанда, Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетіп, арада ондаған жыл үзілістен кейін 1952 жылы ғана Орталық Азия және Қазақстан спортшылары спартакиадасында жоғарыдағы ереже негізінде жарыс өткен екен.

1945 жылғы Абайдың 100 жылдық мерейтойындағы әйгілі күрес

Қазақ күресі тарихында айта жүрерлік оқиға соғыс аяқталған 1945 жылдың күзінде Семейде Абайдың 100 жылдық тойы өтеді.

Дереккөзге жүгінсек, соғыстан бұрын қазақ күресімен айналысқан азаматтардың барлығы дерлік соғыстан оралмаған. Аман-есен келгендерінің өзі мүгедектігіне байланысты кілемге шыға алмаған. Ұлы ақынның 100 жылдық торқалы тойы соғыстың зардабынан әбден еңсесі езілген халықтың рухани сілкінісін оятқан зор оқиға болғаны сөзсіз.

Тойға атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының өзі келіп қатысқан. Күрес 1940 жылы қабылданған ереже бойынша өтіп, Семейдің Ақсуатынан келген балуан Дәулен мен Абыралы елінің жойқын күш иесі Әшкен екеуі шешуші арысқа түседі. Дәулен Әбікенов қарсыласын төңкеріп тастайды.

Сөйтіп қарсыласын «шаңды аспанға шығарып» жеңген Дәулен балуан атан түйе бәйгесін Қажымұқанға сыйға тартып, қонақкәде жасайды. Жоғарыдағы фотосурет осы той кезінде Қажымұқанды ортаға алып, Дәулен Әбікенов, Мариям Жагорқызы мен оның күйеуі Дүйсен қатарлы көп адам бірге түскен фото екен.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button