Спорт

13 жасар ақтөбелік теннисші Еуропада үздік ойыншы атанды

13 жасар ақтөбелік Зара Даркен Еуропа теннис федерациясының жаңартылған жасөспірімдер рейтингісінде үздік 30 ойыншының қатарына кірді.

Қазақстан теннис федерациясының мәлімдеуінше, Зара 14 жастан аспағандар арасында бірден 60 сатыға көтеріліп, 30-шы орынға жайғасқан. Бұл нәтижеге жасөспірім спортшы ЕТ (Еуропа теннисі) сериясындағы турнирлерде сәтті өнер көрсетуі арқасында қол жеткізген. Сондай жарыстардың бірінде Зара чемпион атанса, екіншісінде финалға дейін жетті. Tennis Park Open by Head додасында ол тартысты ойында украиналық Елизавета Котлярға ғана жол берді.

Зара Даркен – жасөспірімдер арасында үздік отыздыққа іліккен ең жас теннисшілердің бірі. Ол – Ақтөбе қаласындағы теннис орталығының тәрбиеленушісі. «Болашақта мен үлкен теннис турнирлерінде жеңіске жетіп, әлемнің бірінші теннисшісі болғым келеді. Ерлерден Рафаэль Надальды, әйелдерден Анжелика Керберді пір тұтамын. Олардың ойындарын теледидардан көріп отырамын. Әрине, спортта жеңістер ғана емес, ұтылыстар, көзге жас алатын кездер де болады. Тек жақсы ойнағаныңызға сенімді болсаңыз ғана сергіп қаласыз», – дейді Зара Даркен.

«Үйде жалғыз қалдырмас үшін ағам мені өзімен бірге жаттығу залына апарды. Содан бері осы спорт түрін ұнатып қалдым. Келесі күні әкемнен теннис орталығына апаруын өтіндім. Мен бес ағайындымын. Соның ішінде ағам, інім үшеуміз тенниспен айналысамыз», – деген еді Зара осыдан екі жыл бұрынғы сұқбатында. Qadam.Asia сайты арманына жетуге нық қадам басып келе жатқан жас спортшыны жетістігімен құттықтайды.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button