ЖаңалықтарСпорт

Өзбекті нокдаунға жіберген Әбілхан Аманқұл: Біреу ұтылды деп, бізге де ұтылуға болмайды

Кездесу 1 тамызға жоспарланған

Токио төрінде бокстан іріктеу кезеңде жекпе-жек өткізген Әбілхан Аманқұл қазақ жанкүйерлерін бір қуантып тастады. 75 келіде рингке шыққан отандасымыз алғашқы кездесуін сәтті өткізіп, жарыс жолын жарқын жеңіспен бастады.

Бірінші кездесуде өзбекстандық боксшы Фанат Кахрамоновпен шығып, келесі раундта тік нокдаунға жіберді. Жалпы есеп – 5:0.

«Бұл менің Олимпиададағы бірінші кездесуім болғандықтан қиын болды. Жалпы, Олимпиадада жекпе-жектер оңай болмайды. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын.

Ширек финалдағы қарсыласыммен бұған дейін кездеспегенбіз. Қарсыласымның қандай екенін ринг көрсетеді.

Әрине, құрамада кешегі жігіттердің жеңілісінен кейін көңіл-күй түсіп қалды. Не дегенімен олар фавориттер, мықты спортшылар. Бірақ, рингке шыққанда әркім өзі үшін шығады. Біреу ұтылды деп, бізге де ұтылуға болмайды. Біз бір командамыз. Мұндайда босаңсу дұрыс емес деп ойлаймын.

Біз не үшін келгенімізді білеміз. Олимпиада бала кезден арманымызға айналған. Бірінші орында елдің намысын абыроймен қорғау маңызды«, – дейді боксшы Әбілхан Аманқұл.

Енді ширек финалда Әбілхан Аманқұл Бразилия елінің өкілі Эберт Консейса Соузамен қолғап түйістіреді. Кездесу 1 тамызға жоспарланған.

Айта кеткен жөн, бұған дейін Қазақстаннан барған төрт боксшымыз да жарыс жолынан шығып қалған еді. Енді 75 келіде Әбілхан Аманқұл мен 91 келіден жоғары салмақта Қамшыбек Қоңқабаев қалды.

Ұқсас мақалалар

Back to top button