Ашық дереккөз арқылы қалай журналисттік зерттеу жасауға болады?
Ашық дереккөзді зерттеу – журналистикада қалыптасқан жаңа жанр. Еуропада бұл жанрды OSINT деп атайды. Қазақша алғанда ашық дереккөздер арқылы зерттеу жүргізу. Яғни, компьютер мен ноутбуктың алдында отырып-ақ, ғаламтордағы анық, фейк-емес ақпараттарды пайдалана отырып, журналисттік зерттеу жасау бағыты.
Мұндай зерттеуді жанжал орын алған немесе дау-дамау өршіп тұрған аймақты зерттеу, коррупцияны тексеру мен ашу үшін, адамдарды іздеу мен қылмыстың бетін ашу үшін, экологиялық және тарихи зерттеулерді жасау үшін қолдануға болады.
Зерттеуге пайдалануға болатын ресурстар өте көп. Бірақ олардың негізгілерін екі үлкен топқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – кең таралған материалдар болса, екіншісі – күңгірт ақпараттар.
Кең таралған материалдарға мыналар жатады:
1. Картаны Видео және фотоматериалдарға геолокация ретінде қолдануға болады. Экологиялық зерттеулер (өзен-көлдің тартылуы, мұздықтың еруі) жасауға да ыңғайлы. Спутниктен түсірілген суреттердің кейбірі ақылы. Ақысы $2000 дейін жетуі мүмкін.
2. Халықаралық ақпарат агенттіктері мен медиакорпорациялар әлемде орын алған оқиғаға, жағдайға байланысты жеке журналисттік зерттеулер жүргізуі мүмкін. Онда зерттеу жүргізуге мұндай корпорациялардың қауқары мен ресурсы жетерлік. Өзіміздің зерттеу жұмыстарымызға аталмыш агеттіктер тапқан ақпараттарды, инсайдерлік деректерді пайдалануымызға болады. Алған мәліметтерге міндетте түрде сілтеме жасалуы тиіс.
3. Әлеуметтік желінің қолданушылары өте көп. Секундт сайын фотосурет пен видео, жазба жариялайды. Мұнда мол дерек жатыр. Соны ақтарып керегін табу алу қажет. Соның негізінде ауқымды зерттеулер жасауға болады. Мәселен, 2014 жылы Украина аспанында Малайзияның Боинг жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 300-ге жуық адам қайтыс болады. Қызығы сол – украин-россия соғысы қызып жатқан тұста екі елдің бірі байқаусызда әскери ұшақты тоқтатамын деп, жолаушылар ұшағын атып түсіреді. Атқан – «Бук» зымыран кешені боп шықты. Алайда бұл зымыранды қай елдің әскерилері атқаны белгісіз күйде қалды. Украина мен Ресей бір-бірін айыптады.
Осы тұста Bellingcat медиаагенттігінің тілшілері әлеуметтік желі арқылы зерттеу жасап, «Бук» зымыранының Ресейдікі екенін дәлелдейді. Ондай қорытынды жасау үшін тілшілер ұшақ құлаған аумақтың геолокациясын бөліскен фотосурет, видеоның бәрін тексеріп, зымыран тасығышты өздейді. Мұндай әскери техниканы ел-жұрт көп көре бермейтіндіктен, оны суретке түсірушілер де көп болғаны белгілі. Соны тексере келе, журналисттер «Бук» зымыранының Ресей аумағында жүргенін әрі Ресейдің әскери базасына әкелінгенін фотосуреттер арқылы дәлелдейді. Міне бұл – әлеуметтік желі арқылы журналисттік зерттеу жасаудың айқын көрінісі.
Қазір аталмыш оқиға бойынша халықаралық сот жүріп жатыр. Кінәлі ретінде Ресейді тануда.
4. Деректер базасы немесе мұрағат материалдары. Google ebooks түрлі құжат пен кітаптың ішінен мәтін іздеуге, Companies House тіркелген заңды тұлғаларды табуға болады. Companies House-тың тағы бір артықшылығы – оффшорға тіркелген компанияларды да көрсете алады. Lexis Nexis – жекеменшік деректер қоры.
Қазақстанда да заңды және жеке тұлғалардың деректерін қарауға мүмкіндік беретін Egov, Учет.кз, tenderplus.kz, goszakup.gov.kz сынды ресурстар бар.
Келесі интернет ресурстарды «күңгірт ақпарат көздері» деуге болады. Мұндағы ақпараттар зерттеу жасауға жарамды. Бірақ этикалық жағы күмәнді. Өйткені кей басылымдар мұндайды этика мен мәдениетке жат деп қолданбайды. Ал кейбір басылымдар қолдана береді. Өйткені ол да ғаламтордағы ақпарат болғандықтан, зерттеуге көмегін тигізеді деп санайды.
Ендеше «күңгірт ақпарат көздерін» қарастырып көрейік.
Біріншісі, ақпарат жүйесін хакерлер бұзып, содан тарап кеткен деректер. Torrent немесе Telegram арқылы жарияланған, Vikileaks, Dehashed платформаларына шыққан материалдар.
Екіншісі, конакт-кітапша. Getcontact белгілі бір телефон нөмірдің иесі кім екенін анықтауға көмектеседі. Бұл қосымшаны ұялы телефоныңызға жүктесеңіз, сіздің де контакт-кітапшаңыздағы телефон нөмірлері жалпы базаға енгізіледі. Сондықтан журналист ретінде оны өзіңіздің телефоныңызға жүктемей, жаңа сатып алынған смартфонға немесе контактісі жоқ телефондарға жүктегеніңіз ыңғайлы.
Үшіншісі, ашық дереккөздер. Азаматтар білместікпен немесе ұмытып кетіп ашық қалдырған дереккөздер жатады.