Технология

Bloomberg: Twitter Clubhouse-ті 4 миллиард долларға сатып ала ма?

Соңғы айларда Twitter микроблогы Clubhouse әлеуметтік желісін сатып алу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр екен. Бұл туралы 7 сәуірде Bloomberg агенттігі келіссөзге қатысқан дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

Clubhouse 4 миллиард долларға бағаланған. Бірақ содан кейін белгісіз себептермен келіссөздер жүргізу тоқтап қалған. Twitter түсініктеме беруден бас тартты, ал Clubhouse агенттіктің сұранысына жауап бермеді.

Bloomberg жақында ғана Clubhouse платформаны дамытуға қаражат жинау туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын айтқан болатын. Нақты сомалар мен әлеуетті инвесторлар аталмады, бірақ журналистер жобаның максималды бағасын 4 миллиард долларға тең көреді, ал қаңтар айында жоба 1 миллиард долларға бағаланған.

2020 жылдың наурыз айында Alpha Exploration стартап жобасын жасаған Пол Дэвисон мен Рохан Сет Clubhouse әлеуметтік желісінің негізін қалаған. Әлеуметтік желі тек шақырту бойынша жұмыс істейді. Пайдаланушылар аудиотрансляциялары бар тақырыптық «бөлмелерді» іске қоса алады.

Өткен айда Clubhouse әлеуметтік желісін жүктеп алған елдердің бестігі бойынша бірінші орында АҚШ, одан кейін Жапония, Германия, Бразилия, Ресей екендігі анықталды.

Әзірге қосымша тек iOS жүйесінде қол жетімді, қазіргі кезде Android үшін де әзірленіп жатқан көрінеді. Clubhouse әлеуметтік желісінің бағдарламашысы Мопеву Огундипе екендігін CNBC телеарнасы мәлімдеген. Мопеву Огундипе Instagram желісінің де бағдарламалық жасақтамасын жасаушы ретінде белгілі.

2020 жылдың желтоқсанында Twitter Spaces функциясын дамыта бастады. Қызметтің дауыстық хабарламалары Clubhouse аналогына айналуы керек. Бұл функцияны 2021 жылдың сәуірінде іске қосу жоспарланып отыр.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button