Clubhouse деген не және ол неліктен қазақстандықтардың қызығушылығын тудырды?
Өткен аптада жаңа әлеуметтік желі – Clubhouse қазақстандық оқырманның қызу талқысына түсіп, пайдаланушылары өте жылдам өсті. Бұл әлеуметтік желі 2020 жылы АҚШ-та пайда болған еді.
«Qadam.asia» қазақстандықтарды қызықтырған қосымшаның қандай ерекшелігі бар екенін айтып береді.
Clubhouse – қазір барлық адамның аузында жүрген мобильді қосымша. Қосымшаның ерекшелігі сол – пайдаланушылар дыбыстық хабарламалар чатында отырады. Сіз мұнда тек аудио арқылы байланыс орната аласыз. Видео хабарламалар мен сурет жіберуге тыйым салынады.
Clubhouse пайдаланушысы өзге пайдаланушылардың тек аватарларын көре алады. Бір чатта 5000 адамға дейін болуы мүмкін. Бірақ әңгімеге араласу үшін сіз оған мүмкіндік алуыңыз керек. Яғни, «қолды көтеру» батырмасын басасыз, сонда ғана чат админі сізге сөйлеуге мүмкіндік береді. Ал, шектеусіз тыңдап отыра беруіңізге болады.
Чатқа қосылу да оңай емес, ол үшін сізге шақырту алу керек.
Clubhouse әлеуметтік желісіне қалай тіркелеміз?
1. Басты шарт: сізде iOS (iPhone) болуы керек. Әзірге Android қолданатындарға бұл сервиске қосылу мүмкін емес.
2. Сізге Clubhouse қолданушысы болып табылатын досыңыздан шақырту алу керек. Сонда ғана чатқа қосыла аласыз. Егер АҚШ-та тұратын достарыңыз болса, тіркелу әлдеқайда оңайырақ болады. Өйткені желіні пайдаланушы аудиторияның негізгі бөлігі сонда.
Тағы бір есте сақтайтын жайт, сервиске қосылғаннан кейін пайдаланушыға тек 2 шақырту жіберуге мүмкіндік беріледі. Яғни ол өзінің 2 досына ғана шақырту жібере алады. Араға біраз уақыт салып Clubhouse тағы бірнеше шақырту жіберуге мүмкіндік береді.
Жоғарыда айтқанымыздай, Clubhouse-тағы байланыс тек дыбыстық хабарламамен жүзеге асырылады. Мұнда мәтін жазуға арналған қызмет мүлдем қарастырылмаған.
Қосымшада сіз Илон Маск сынды табысты әрі танымал адамдарды тыңдай аласыз. Мәселен, қазақстандық кәсіпкер Қуаныш Шонбаймен, яки әнші Қайрат Нұртаспен бір чатта отыруыңыз мүмкін.
Clubhouse – кез келген қолданушы немесе бірнеше қолданушы бірігіп аша алатын чаттардың жиынтығы. Чаттар жалпыға қол жетімді (ашық) болуы да мүмкін, тек сіздің абоненттеріңіз үшін немесе клуб мүшелері үшін ғана қол жетімді болуы да мүмкін.
Чаттар тек әңгімелесу кезінде ашылады. Барлық қатысушылар одан шыққан кезде чаттар автоматты түрде өзі жабылады. Әңгіме жүріп жатқан ашық чаттарға кез келген уақытта қосыла аласыз.
Қазіргі уақытта Clubhouse әлеуметтік желісінің пайдаланушылары артып келеді. Бірақ бұл платформа TikTok-тың орнын алмастыра ала ма? Мұны болжау әзірге қиын.
Әйтсе де, Clubhouse-тың қазақ жастарының арасында үлкен танымалдылыққа ие болып жатқаны анық.
«Qadam.asia»