Технология

Кішкентай балалардың ұлы жаңалықтары

Өздеріңіз білетіндей, балалардың қиялында шекара болмайды. Алайда, кәмелетке толмаған өнертапқыштар қаншама таңғажайып заттарды ойлап тапқанын көп біле бермейді екенбіз. Жас арманшылдар, шын мәнінде, мағыналы жаңалықтар аша алады. Кейде мұндай өнертабыстар ғалымдардың көпжылдық жұмысының нәтижелерінен гөрі маңыздырақ боп шығады.

Қарда жүргіш автомобиль, Жозеф-Арман Бомбардье

Әлемдегі ең бірінші қарда жүргішті ойлап тапқан Жозеф-Арман Бомбардье Канаданың Валькур қыстағында 1907 жылы дүниеге келген. Канадада қар көп жауатыны және қыста жолдар қар астында қалатыны белгілі. 15 жасында ол өзінің ең алғашқы «механикалық шанасын» – қарда жүргішті құрастырды. Бір-бірінің артына бекітілген шаналарға ескі «Форд» көлігінің қозғалтқышын орнатып, ал оған ұшақтың үлкен пропеллерін (әуе винтін) бекітеді.

Серіппе (батут), Джордж Ниссен

Серіппені 16 жасар америкалық гимнаст Джордж Ниссен ойлап тапты. Бозбала серіппенің конструкциясын өзінің гаражында жинап, мектептегі балаларға сататын болған. Бірте-бірте тапсырыстар да көп түседі. Бұл өнертабыс спорттың жаңа түрі – «серіппеден секіруді» дүниеге әкеледі.

Жемісті балмұздақ, Фрэнк Эпперсон

Бірде кішкентай Фрэнк Эпперсон түтікшесі бар бір стақан сусынын далада ұмытып кетеді. Таңертең ол мұздатылған тәтті сусынға айналады. Сол оқиғадан 18 жыл өткеннен кейін жемісті балмұздақ нарыққа шығады. Бұл кезде кішкентай Фрэнк ержетіп, жемісті балмұздақ сататын өзінің жеке дүкенін ашқан болатын.

Зағип жандарға арналған қаріп, Луи Брайль

Мектеп оқушылары тек кәмпиттер мен ойыншықтарды ғана ойлап табады демеңіз, олардың кейбір өнертабыстары ересектердің ең маңызды жетістіктерімен де бәсекелесе алады. Мәселен, 15 жастағы Луи Брайль көзі көрмейтін адамдарға оқуға мүмкіндік беретін қаріп жасай алған. Ол түнгі уақытта әскери адамдар пайдаланатын арнайы қаріп негізінде жасалған болатын.

Пайдаланылған газдардан оттегі алу, Парам Джагги

Парам Джагги мүмкін емес нәрсені мүмкін етті десе де болады. Ол пайдаланылған газдарды оттекке айналдыруды үйренген. Дәлірек айтқанда, ішіне балдырлар салынған құрал жасайды. Бұл балдырлар көліктен шыққан газдарды қайта өңдейді де, нәтижесінде оттегі ауаға тарайды. Жас данышпанның бұл өнертабысын бүкіл әлем мойындап, лайықты даңққа ие болды.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button