Жаңалықтар

Әрбір қазақстандықтың табысын арттыру маңызды

КТК телеарнасында тікелей эфирден үлкен дебат өтті. Оған Парламент Мәжілісіне және мәслихаттарға қатысатын Қазақстандағы жеті партияның өкілдері қатысты. Олар өз бағдарламаларын таныстырып, көзқарастарын білдірді. Атап айтсақ, «AMANAT» партиясының өкілі Айдос Сарым, «Respublica» партиясынан  Динара Шүкіжанова, «Халық» партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев, «Байтақ» партиясының өкілі Айнұр Сабитова, «Ақ жол» партиясынан Дания Еспаева, ЖСДП партиясынан Асхат Рахымжанов және «Ауыл» партиясынан Жигули Дайрабаев қатысты.

Пікір алаңына шыққан партия өкілдерінің  бәрі елде тәртіп орнатып, әлеуметтік жағдайды түзетіп, әділеттілікті қамтамасыз ету басты бағдар екенін жеткізді.  Дебатты бастаған «AMANAT» партиясының өкілі Айдос Сарымның айтуынша, бағдарламаның басты ерекшелігі – әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету.

– Біздің бағдарлама халықпен бірге жазылды. Біз елде тәртіп орнатып, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етеміз. Заңсыз шығарылған капиталды қайтаруға қол жеткіземіз, сыбайлас жемқорлыққа, олигополияларға қарсы күресті күшейтеміз. Бастысы,  әрбір отбасының, әрбір қазақстандықтың табысын арттырып, өмір сүру қалпын жақсарту маңызды. Жаңа әлеуметтік кодексті қабылдап,  зейнетақы мөлшерін көтереміз. Зиянды өндірісте жұмыс істейтін  қызметкерлердің мерзімінен бұрын зейнетке шығуына қол жеткізбекпіз. Оған қоса, мұғалімдер мен дәрігерлердің, әлеуметтік қызметкерлердің және әскери қызметкерлердің жалақысын көтереміз. Соған орай, 1 миллионнан астам оқушыға арналған мектеп салып, 700 мың отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етеміз.  2 миллионға жуық азаматқа әлеуметтік көмекті бір жарым есеге көтереміз. Жүзге жуық кәсіпорын ашып, жыл сайын 40 мыңнан астам жұмыс орнын көбейте отырып, бір жарым миллион жастарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету жоспарымызда бар. Бәріне бірдей заңдылығы сақталатын жаңа Салық кодексін қабылдап, кәсіп жүргізуге кедергі келтіретін 15 мыңға жуық заңдылықты реттейміз. Ауылды көркейту үшін 1 трлн теңге бағыттамақпыз. Мысалы, аграрлық секторға 1,5 млрд доллар бағыттай отырып, 100 инвестициялық жобаны іске асыру ойда бар. Сонымен қатар, «Жер Аманаты» жобасын жалғастыра отырып,  мемлекетке тағы 5 млн гектар жерді қайтарамыз», – деді Айдос Сарым.

Сондай-ақ дебатта бірқатар маңызды мәселелерге мазмұн берілді. Партия өкілдері дауласу мақсат емес, әділеттілікті қалыпқа келтіру қажет екеніне тоқталды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Асхат Рахымжановтың «Сіздер әрдайым зейнетақының, шәкірақының және медицина қызметкерлерінің жалақысының көтергенін сөз етесіздер, бірақ айтқандарыңыз іске сай емес. Елді алдауды қашан қоясыздар? Олардың жағдайын жақсартуға нақты қандай қадамдарыңыз бар?» деген сұрағына   «AMANAT» партиясының өкілі Айдос Сарым партияның рейтинг үшін жұмыс істемейтінін айтты.

– Біз ел үшін, Қазақстан үшін, халық үшін жұмыс істейміз. Рейтинг біле берсеңіз, субъективті дүние. Оларды белгілі бір адамдар, нақты бір мақсатқа  байланысты жасайтыны белгілі. Олай алсақ, еліміздің көп нәрседе көрсеткіші жоғары. Мысалы, қолжетімді баспана, электронды үкімет бойынша алдыңғы қатардамыз. Біздің партия өз сайлаушыларын алдамайды. Мәселен, өткен сайлау жөнінде ашық есеп берген жалғыз партия – біздікі. Істеген ісіміз өте көп, айтсақ уақыт жетпейді. Сондықтан айтарым, біз «Жаңа Қазақстанды» іске қостық, енді «Әділетті Қазақстанға» келдік. Бұған дәлел, біз екі жылда  191 заң қабылдадық. Оның 55-ін өзіміз көтердік, – деді Айдос Сарым.

Сонымен қатар дебат барысында  Айдос Сарым «Байтақ» партиясының бағдарламасындағы көмір жағудан бас тартуды ұсынғанына келіспейтінін жеткізді.  «Өмірге жақын болайықшы. Бізде кен-көмір өндіретін қаламыз көп, оны қолданатын моноқала да жетерлік. Егер сіздерджің осы бастамаларыңызды қолдасақ, біраз адамдар жұмыссыз қалып, кәсіпорындар жұмысы тоқтатылатынын білесіз бе? Ол жағдайда қалай шешпексіздер? Мүмкін ондай популизммен айналдысудың қажеті жоқ шығар» деген мәселені көтерді.

Сондай-ақ Айдос Сарым өз сөзінде: «AMANAT» – өз бағдарламасында айтылған әрбір сөзге жауапкершілікпен қарайтын партия. Біз Президенттің саяси тірегіміз, әрі саяси реформаларды бірігіп жүзеге асырамыз. Қазір біз үшін маңыздысы – әлеуметтік және экономикалық сауалдардың шешімін табу. Құрметті қазақстандықтар! Біз маңызды да  күрделі бастаманың басында тұрмыз. Біздің басты мақсат – Президент айтқан «Әділетті Қазақстанды» құру. Әрекет ететін уақыт жетті» деді.

Ұқсас мақалалар

Back to top button