Сарбаз әкімдікке жасалған шабуыл туралы айтып берді
Ақтөбеде тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен 50 адам жедел жәрдем ауруханасына жеткізілген, олардың 15-і ауруханаға жатқызылған, жарақат алғандар арасында төрт полиция қызметкері бар. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасы сюжетінде айтылды.
Облыс әкімдігі маңында тәртіп орнатуға қатысқандар қатарында әскери қызметкер Василий Ларичев те болған. Ол – Алматы облысының тумасы. Жергілікті әскери бөлімде жарты жылдан аса уақыт қызмет етеді.
Қатардағы сарбаз бүлікшілер қоршауды бұзып өтіп, Ақтөбе облысы әкімдігі ғимаратына басып кіргенін еске алды. Қақтығыс кезінде сарбаздың миы шайқалған.
«Онда бақылау, көру мүмкіндігі болмады. Бізге газ лақтырды, осылай маңайды түтін басып кетті. Айнала жарқылдап, мен тепе-теңдікті жоғалта бастадым …», – деді Ларичев.
Тағы бір жәбірленуші – полиция майоры Жасұлан Жексенбаев. Тәртіпсіздіктер салдарынан ол жамбасынан, қолдарынан оқ жарақатын алып, екі саусағынан айырылған. Қазір полицейдің жағдайы тұрақты.
Облыс әкімдігі маңындағы аумақты тазарту бойынша арнайы операция барысында құқық қорғау органдарына 200-ге жуық адам жеткізілген. Қазіргі уақытта полицейлер тәртіпсіздікті тудырғандар мен арандатушыларды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Қазір аймақтағы жағдай тұрақты, бірақ облыс әкімдігі маңындағы аумақ әлі қоршауда. Облыста сағат 23:00-ден 07:00-ге дейін коменданттық сағат режимі белгіленген. Соңғы екі күнде коменданттық сағатты бұзған 400-ден аса адам құқық қорғау органдарына жеткізілді.