Әлем елдерімен салыстырғанда қаншалықты баймыз?
Біздің елде орта тап өкілдерінің табысы отбасындағы жан басына шаққанда 500 доллардан кем болмауы тиіс. Биыл орташа жалақы мөлшері 203,9 мың теңге деп бекітілді. Бұл жоғарыда келтірілген 500 доллармен шамалас. Бірақ, сіз елдегі орташа жалақы алатын адамдардың қатарына жатсаңыз да, орта тапқа кірмеуіңіз мүмкін.
Мәселен, сіздің өзіңізге тиесілі жалақыңыз 500 долларды құрайды. Жұбайыңыздың айлық табысы да елдегі орташа жалақыға жетеді делік. Отбасындағы тағы бір адамның орта тапқа жатуға қаржылық мүмкіндігі бар.
Балаларыңыз ше? Балаларыңыздың әрқайсысының киіміне, денсаулығына, білім алуына, түрлі қажеттіліктеріне жұмсайтын ақша қала ма? Әлде, келесі айға ақша артылмақ түгілі, жетпей қалып, қарыз алуға тура келе ме?
Табысыңызды есептеп көрсеңіз, өзіңіздің орта тапқа жататын, жатпайтыныңызды бағамдай аласыз. Біз Қазақстандағы орта тап туралы «Бай емес шығарсыз, бірақ орта тапқа жатасыз ба?» атты мақалада егжей-тегжейлі жазған болатынбыз.
«Qadam.asia» бүгін әлем елдерінде орта тапқа жатудың критерийлері қандай екенін айтып береді.
Ұлыбританияда орта тапқа жату дегеніміз – қаржымен байланысты күйзелістерден арылып, салыстырмалы түрде жайлы өмір сүру. Сіздің ең үлкен қарызыңыз – ипотека ғана болуы керек. Балаларыңыз сапалы білім алуға және өзін-өзі жетілдірудің әртүрлі мүмкіндіктеріне қол жеткізуі тиіс. Сондай-ақ, отбасыңызбен бірге демалысқа жиі шыға аласыз. © Mary Kirk / Quora
Мен Норвегияда тұратын орта тап өкілімін. Меніңше, біз керемет өмір сүріп жатырмыз және менің жасымдағы адамдардың көпшілігі қажеттіліктерінен әлдеқайда көп заттарды алуға мүмкіндігі бар. Менің күйеуім бар, ол жауапкершіліктің жартысын бөліседі. Егер мен жалғызбасты боп, қымбат пәтерге бір өзім төлеуім керек болса, онда менің кез келген уақытта саяхаттауға, мейрамханаларда тамақтануға және бағалы киімдер сатып алуға мүмкіндігім болмас еді. Бірақ өз табысымды ақылмен жұмсасам, пәтер жалдауға да, тамақ пен киімге де жеткілікті болады. © Elfrid Tyri Gulliksen / Quora
Мен Қытайда тұрамын. Бізде орта тапқа жату үшін әлемге әйгілі бренд киімдерді сатып алуға, бағалы тағамдарды тұтынып, демалысыңды өткізу үшін бес жұлдызды қонақ үйден орын алуға мүмкіндігің болу керек. Әдетте мұндай адамдар қарапайым болып келеді және өздерінің табыстарын жарияламайды. Егер өзінің қаншалықты бай екенін айтып мақтанатын біреуді кездестірсеңіз, демек ол мүлде орта тапқа жатпайды немесе өркөкіректікке салынған адам. Біздің елде ондайларды «ауылбайлар» деп атайды. © Nan Tsai / Quora
Мен өзім тұратын Үндістан туралы айтқым келеді. Егер сіздің асханаңыздың бұрышында азық-түлік толы сөмкелер тұрса, онда сіз орта таптың адамысыз. Егер сіз тіс щеткасына тіс пастасын ойланбай сыға алсаңыз, онда сіз орта тапсыз. Егер сіз сауда орталығындағы киімдердің бағасын алаңсыз шолып жүре алсаңыз – орта тапсыз. Егер үйдегі шкаф тек ағаңыздың немесе әпкеңіздің ескі-құсқы киімдерімен-ақ толып тұрса, онда сіз орта таптың өкілісіз. © Vinita Punjabi / Quora
Нигерияда үйіне генератор сатып алып, оны электр жарығы сөніп қалған сайын қолдана алатын адам орта тап болып саналады. Ондай адамдардың кинотеатрға билет және қымбат попкорн сатып алуға жағдайы жетеді деген сөз. Олар ешқашан қоңырау шалуды сұрайтын хабарлама жібермейді. Себебі телефондарында үнемі бірлік болады. Орта тап өкілдерінің әдетте жеке автокөліктері бар болып келеді. Егер орта тап өкілінде автокөлік болмаса, онда ол жаңа модельдегі көлікке ақша жинап жүр дегенді білдіреді. Ескі машина айдағаннан гөрі, оларға таксиге отыру тиімдірек. © Ebenezer Egbule / Quora
«Qadam.asia»