БизнесҚоғам

Жұмысқа қалай тез орналасуға болады?

Алғашқы сұқбаттасуды қалай нәтижелі өткізуге болады? Сұқбаттасу барысында не айту керек? Өзімді қалай ұстаймын? Не киіп барамын?

Міне, осы сұрақтар жұмыс іздеушілерді әбігерге түсіретіні анық. Жауап бермес бұрын, алдымен, сұқбат кезінде жіберілетін олқылықтарға мұқият болған жөн.

Сұқбаттасу дегеніміз – жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы қызметтік кездесу. Кездесу кезінде компанияның болашағы туралы, мансап, жұмыс тәжірибесі сөз етіледі. Сондықтан қойылатын барлық сұрақтарға әзір болу керек. Сұқбаттан жақсы өтіп, жұмысқа тез тұрып кету үшін бірнеше кезеңдерге алдын ала дайындалған абзал.

Жұмыс берушімен телефон арқылы сөйлесу

Телефонмен сөйлесу – бұл сіздің жұмыс берушімен ең алғашқы байланысыңыз болғандықтан, осы кезеңде жақсы әсер қалдыру маңызды. Тіпті кездесуді хатшы қыз белгілесе де, ол тікелей басшысына немесе сұқбат өткізетін адамға сіздің кім екеніңізді, қандай адам екеніңізді алғашқы әсерімен айтып береді. Сізді кім қабылдайтынын, аты-жөнін біліп алыңыз. Мекеменің толық мекен-жайын сұрап, кездесу уақытын анықтаңыз.

Кешігуші болмаңыз

Сұқбатқа кешігіп бармаңыз. Тіпті сіз 5 минутқа ғана кешіксеңіз де, кездесу болмай қалуы мүмкін. Маңызды кездесуге уақытында келмеген қызметкер ертең күнделікті жұмыс кезінде қалай үлгереді деген ой туындатуыңыз мүмкін. Сондықтан үйіңізден ерте шығып, белгіленген уақыттан бұрын келіп, сәл күте тұрсаңыз ештеңе етпейді.

Сыртқы киіміңізге мән беріңіз

Сіздің сыртқы келбетіңіз үлкен рөл ойнайтынын ұмытпаңыз. Кездесуге дұрыс киініп, үсті-басыңызға тиянақты болыңыз. Қалай болса солай емес, іскерлігіңізді көрсетіп тұратын костюм кию дұрыс шешім болады. Өйткені, сізге деген көзқарас жақсы болуы тиіс. Тым қарапайым немесе тым ашық киімдерді үстіңізге ілмегеніңіз абзал. Қыз-келіншектер әдемі боянып, ал ер адам болса, сақал-мұртын қырып, шашын жуып, өзін ретке келтіріп бару керек. Аузыңыздан жағымсыз иістің шықпауын қадағалап, үстіңізге әтір сеуіп барыңыз.

Өзіңізге сенімді болыңыз

Сұқбаттасу барысында өзіңізге сенімді отырыңыз. Жымиып қойып, өзіңіздің сыпайы жан екеніңізді білдіру де артық етпейді. Артық әңгімелер мен дөрекі сөздерге жол бермеңіз. Сұрақтарыңыз болса, қысылмай, қорықпай қоя беруге болады. Жұмыс берушінің көзіне тік қарап сөйлеңіз. Сұқбаттасуға келерде міндетті түрде түйіндемеңізді, диплом, сертификаттарыңызды алып келуді ұмытпаңыз. Жұмыс берушінің сұрақтарына мүдірмей, қобалжымай жауап беріңіз. Сол үшін алдын ала психологиялық тұрғыдан дайын болған жөн. Бұл сынақ емес. Тек екі адамның ресми кездесуі екенін естен шығармаңыз.

Бұл жұмыс сізге қаншалықты қызықты?

Дәл осы сұрақ маңызды. Ұсынылып отырған орын сізге лайықты ма? Сіздің қолыңыздан келе ме? Талаптарына сай келесіз бе?

Көптеген мамандар осы тұста қателесіп жатады. Егер бұл вакансия ойыңыздан шықпаса, өзіңіздің де, өзгенің де уақытын алмай бас тартқаныңыз дұрыс. Сондай-ақ, мекеменің болашағы жоқ, келешегінен үміт күтпейтін болсаңыз тезірек қоштасыңыз. Таңдау өз еркіңізде екенін еш ұмытпаңыз!

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button