Қоғам

Халық әлі аңқау: Елде алаяқтың қай түрі өршіп тұр әрі одан қалай құтыламыз?

Қазақстанда алаяқтық азаймай тұр. Қаржылық мекемелер мен құқық қорғау органдары қанша ескерту жасап, халыққа ақпараттандыру жұмысын жүргізсе де нәтиже аз. Алаяқтықтан қалай құтыламыз әрі қарапайым азамат ретінде одан қалай қорғанбақпыз. Сол жайлы баяндайық.

Алаяқтықтың қай түрі өршіп тұр

IDF Eurasia тобының сарапшылар жүргізген зерттеуде Қазақстанда онлайн алаяқтықтық өршіп тұрғаны айтылған. Дәлірек айтсақ, 45 мың ел азаматы қатысқан сауалнамадан әлеуметтік желі мен хабарландыру, жарнама орналастыратын платформаларда жасалатын алаяқтық қаптап тұрғаны белгілі болды.

Бұл жерде аферисттердің қолданатын екі үлкен айласы бар.

1-айла. Алдымен алаяқ әлеуметтік желіге не сайтқа тауар сататыны жайлы хабарлама орналастырады. Әдетте аз қаржыға. Сатып алушы хабарласқанда, алдын ала ақшасын аударуын, сап жіберуін талап етеді. Содан кейін ғана тауарды беретінін айтады. Түсінік тұрғаныңыздай, ақша алып алады да жоқ боп кетеді.

Сауалнамаға қатысушылардың 18 пайызы алаяқтықтың дәл осы түрімен бетпе-бет келгенін айтқан.

2-айла. Бұл да қалыпты әдіс. Сатуға қойылған көлікті сатып алғысы келген «алаяқ» хабарласады да, көлікті алуға құлықты екенін, бірақ қазір бара алмайтынын айтып, «задоток» бере тұрғысы келетінін айтады. Сосын сіздің карта нөміріңізді, тіпті банк картасының артында тұрған CVC-кодқа дейін бәрін сұрайды. Банк тарапынан келген СМС-дәлелді де сұрап алады. Түсінген шығарсыз. Бүкіл мәліметті алып, банк картаңызда тұрған ақшаның бәрін сыпырып әкетеді.

Мұндай алаяқтықпен сауалнама қатысушылардың 12 пайызы кездескен екен.

Бұл алаяқтықты одан әрі дамытқандар бар. Олар банк картасымен бірге азаматтардың жеке төлқұжат деректеріне дейін алып алады да сонымен несие рәсімдеп жібереді. Сондықтан бөтен адамға персоналды деректердің бірде-бірін жіберуге болмайды.

Содан кейін ескерер тағы бір жайт – төлқұжат пен банк картасын, ұялы телефонды жоғалтып алған жағдайда немқұрайлы қарауға болмайды. Алаяқ оны да мүлт жібермейді. Төлқұжат жоғалтқан жағдайда, қалпына келтіріп, банк картасы жоғалғанда бұғаттап тастаған жөн.

«Айта кеткен жөн. Сауалнамаға қатысушылардың жартысы төлқұжат пен ЖСН нөмірі, СМС-код арқылы алаяқтар несие рәсімдеп жіберуі мүмкін екенін жақсы біледі. Сондай-ақ арасында алаяқтардың азаматтың телефонмен не мессенджер арқылы айтқан дауысының өзін пайдаланып түрлі алаяқ амалдарға пайдалануы мүмкін екенін де біледі. Сауалнамаға қатысушылардың 35 пайызы сөйлесіп тұрып, бейтаныс адам көп әрі күмәнді сұрақ қойып кетсе, әңгімені дереу доғаратынын айтқан. Бірақ олардың небары 15 пайызы ғана құқық қорғау органына хабар беретінін айтқан», – дейді зерттеу тобының өкілдері.

Алаяққа алданбау

Алаяқтан алданбаудың жолы қарапайым. Ол – хабарласқан кез келген азаматқа, банк қызметкеріне де күмәнмен қарау. Ешкімге төлқұжаттың нөмірі мен ЖСН нөмірді, банк картасының нөмірін, СМС-кодты айтпаймыз. Бөтен біреудің қаржы аударамын, зат сатып аламын дегеніне күмәнмен қарап, тек кездесіп барып қана сауда-саттық жасаймыз.

«Алаяқтар өте әккі. Егер телефонмен сөйлесіп тұрып күмәнді бір нәрсе байқасаңыз, дереу трубканы қойыңыз. Сөйлесуді тоқтатыңыз. Алаяқтан қорғанудың жолдары, алаяқтардың қандай айла-амалға баратынын білу үшін үнемі ақпарат оқып, білім жинап жүріңіз. Алаяқпен күрестің басты қаруы – білім», – дейді зерттеу тобының мүшесі Анна Максимова.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button