Маса кімді көп шағады?
Маса көп шаға ма сізді? Кейде маса шақпайтын адамдарды көргенде, таңқалатынымыз тағы бар.
Ғалымдардың зерттеуі бойынша, масалар расымен де адам таңдайды екен. Ендеше назарыңызға әртүрлі зерттеулер нәтижесінде белгілі болған себептерді ұсынғымыз келеді.
Көмірқышқыл газ бен жылу
Барлығымыз дем шығарғанда көмірқышқыл газын бөліп шығарамыз, ал жаттығу, белсенді қозғалыс кезінде оның арта түсетіні белгілі. Масалар болса қоршаған ортадағы көмірқышқыл газының өзгеруін анықтай алады. Көмірқышқыл газының жоғарылауы маса үшін сол аймақта өз «құрбанының» жүргенін білдіреді. Сондай-ақ, O қан тобындағылар басқаларға қарағанда екі есе тартымды екен (A және B).
Біздің денеміз жылу бөліп шығарады, ал тері маңындағы судың булануы қоршаған орта температурасына байланысты өзгереді. Маса адамға жақындағанда жылу мен адам ағзасындағы судың булануын анықтай алады. Бұл да масалар үшін маңызды себебі зерттеулер масаның қалыпты температурадағы адамдарды таңдайтынын көрсеткен.
Зерттеу бойынша адам таңдау кезіндегі басты критерий осы болғанымен масалар адамдарды газ бөлетін басқа заттардан ажырату үшін басқа да сигналдарға жүгінеді.
Түс
Масаларды ашық түстен гөрі қара түс көбірек тартады. Маса әлсіз соққан самал желдің өзінде ұша алмайды. Сондықтан әрдайым жерге жақын жүруге тырысады. Қара түсті киім адамды ерекшелеп, ал ашық түс болса масаларды шатастырады-мыс.
Жүктілік
Жүкті әйелдерді де маса өзгелерге қарағанда көбірек шағады екен. Бұл жүкті әйелдердің дене қызуы жоғары болуы және көмірқышқыл газын көбірек шығаратындығына байланысты болуы мүмкін.
Спирттік ішімдіктер
Масаларды сыраны жақсы көреді деп кім ойлаған? Алкоголь, сыра ішкен адамдар масаларға ішпейтін адамдарға қарағанда тартымды болады дейді зерттеушілер.
Неліктен маса шаққан жер қышиды?
Маса шаққан кезде қаныңызға аздаған сұйықтығын енгізеді. Бұл масаның тамақтануы кезінде қан ағымын сақтауға көмектеседі. Сіздің иммундық жүйеңіз масаның сілекейіндегі химиялық заттарға реакция береді: қызару, ісіну және қышу содан болады.
Және ең бастысы маса шаққан жерді қасымаған дұрыс! Қасу шаққан жердегі ісінуді одан сайын күшейтеді әрі теріні зақымдауы мүмкін. Оның орнына теріге салқын зат басуға кеңес береміз. Бұл терінің ісінуі мен қышуына қарсы әсер етеді.
Дайындаған: Дінмұхамед Русланұлы