Саяхат

Оңтүстік Қазақстанға көлікпен саяхаттауға дайынсың ба?

Ішкі туризмді дамыту – елдегі маңызды стратегиялық бағыттың бірі. Алайда жыл өткен сайын бұл мәселе шешімін таппай келеді.

Ішкі туризмді дамыту үшін өзімізден бастауды жөн санадық. Соның ішінде көлікпен саяхат жасау.  Еліміздің Оңтүстік өңіріне көлік арқылы саяхат жасау, жабайы табиғат, киелі жерлер мен қасиетті мекендерді аралау секілді қызыққа толы әрі естен кетпес саяхат болады. 

Саяхаттың ерекшелігі көлікпен шығып, жабайы табиғатпен тілдесіп, ерекше орындарға көзайым болып, еліміздің ең сұлу табиғатына да куә боласыз. 

Орта Азияда орналасқан Қазақстан тек жер қойнауындағы табиғи байлықтан бөлек, жер үстіндегі көз тартатын сұлулығымен де ерекшеленеді. «Алтай мен Атырау арасы» дейтін тіркес тіл ұшында күнде айтылғанымен, оның ұзыннан-ұзын созылып жатқан даласы, табиғаты, ғажайып көріністері нағыз жиһанкездерге және саяхатшыларға таптырмас мекен. 

Туризм туралы сөз болса, өзімізді емес, өзгенің өгей даласын сөз етіп, шетел асып демалуға дайын тұрамыз. Алайда қазақ даласының тұмса табиғаты бойына жасырған қасиетті мекендер, шыңдары ақ қар басқан таулар, мидай жазық даласы мен өзен-көлдер айтылмайды. Ескерілмейді. Ал оны көзбен көріп, қолмен ұстап, ертең аңыз қылып айту үшін әрине ол жерлерге адам табаны тиуі керек. 

Еліміздің оңтүстігі, Түркістан облысы, Шымкент қалалары және осы аймақтың көз тартатын әсем жерлері мен киелі орындарын көруге қазақстандықтар жыл сайын келеді. 

Тарих қойнауынан сыр шертетін, екі дүниенің есігі мен бесігі болған Түркістан шаһарына көлікпен саяхат жасау, саяхатшы ретінде естен кетпес сезімді бастан кешудің қандай екенін жиһанкез ретінде жақсы білесіз. Ал бұрын дәл мұндай автотуризмді көрмеген адам үшін таңсық әрі жұмбақ болары анық.

Автотуризм ХХ ғасырдың басында пайда бола бастаған. Оған себеп тас жолдардың жөндеуден өтіп, асфальт төселген қара май үстінде, төрт дөңгелекті жол таңдамайтын көліктің ызғытуы. 

Қазақстанда да бұл туризмнің енді қарыштап, дамып келе жатқаны белгілі. Соның ішінде жол талғамайтын Land Crusier Prado-мен әуезді әуенге елітіп, Бетпақ даланы бетке алып, ескен самалға бет тосып, саяхат жасағанға не жетсін! Ең кереметі, бұл ешқандай да Анкара немесе Стамбұл емес. Бұл – Қазақстан. Бұл – Оңтүстік.

Автотуризмнің ерекшелігі қандай?

– Ешқандай қымбат билет алып, самолетке отырудың қажеті жоқ. Жол талғамайтын көлігіңіз болса, жағдайы жақсы әрі жанармайы тола болса жеткілікті;

–  Қай жерге барғыңыз келеді, сол жерге табан тиеді. Тіпті ұнаған жерде бір күн немесе екі күн боласыз ба, ол сіздің еркіңізде. Себебі көлік дайын тұр;

– Қонақ үй жалдап, оған әр күн үшін шығындалудың да қажеті жоқ. Сіздің қонақ үйіңіз, сіздің көлігіңіз;

–  Көлік тек қонақ үй ғана емес, сонымен бірге кез келген затыңызды тасымалдаушы;

Оңтүстік өлкеге саяхат несімен қызықтырады?

Ежелден келе жатқан жәдігерлері мен мұраларды сақтаушы мекен. Бұл далада бабалар салған із, хандықтың орны бар. Қожа Ахмет Яссауи, Отырар төбе, Кеме қалған, Сарыағаштағы демалыс орындары, Ақсу Жабағылы қорығы, Машат шатқалы, Баба-Түкті Шашты Азиз, Ақ Мешіт үңгірі… Тізе берсек бұл тізім таусылмайды. Ал бұл мекенді көлікпен аралап, саяхат жасаудың өзі бір ғанибет екенін бірі білесе, бірі білмес.

Көп оқып, көп айта бергеннен гөрі бір көрген артық. Өз еліңнің, өз жеріңнің табиғатын, құшақ жайып қарсы алатын даласын көлікпен аралап, әр сәттен ләззат алып, кешкі от басында отырып сыр шертуге дайынсың ба?

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button